Президент тапсырмасы

Ауыл медицинасында өзгерістер көп

Ерлан Бапанов, Тарбағатай

Жаңадан құрылған Тарбағатай ауданында денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінген. Жылдар бойы қордаланып қалған проблемалар шешімін тауып жатыр. Бұл туралы аудандық аурухананың бас дәрігері Елжан Манарбеков айтып берді.

– Былтыр Ақжар ауылының Мәдениет үйінде Парламент депутаты Ерлан Саиров халықпен кездесу өткізген. Сол жиында мен микрофон алып, Тарбағатай ауданының медицинасын одан әрі орнықты дамыту үшін негізгі төрт мәселені тілге тиек еткен едім, – деп сөйлеген Елжан Манарбеков айтылған ұсыныстарды жіпке тізгендей етіп саусақпен санап берді.

Атап айтсақ, ең бірінші кезекте, Ақжар ауруханасының ішкі-сыртқы су құбырларын, жылу және кәріз жүйелерін күрделі жөндеу керек. Бұл жұмыс аурухана салынғалы жүргізілмеген. Екінші мәселе, ауруханаға компьютерлік томография қою. Ол құрылғыны сатып алып қоймай, онымен жұмыс істей алатын, резидентура бітірген маманды қоса қызметке қабылдау. Ауданның елді мекендері облыс орталығынан шалғайда жатуы және өміріне қауіп төндіретін аурулардың көбеюі бұл аппараттың қажеттілігін байқатады. Үшінші, оттегі станциясын қою. Төртінші, жедел-жәрдем бөлімінің орталықтан басқарылуынан туындаған түйткілдерді шешу. Осы мәселелер оң шешілуі үшін жауапты мекемелермен бірлесе отырып керекті құжаттар дер кезінде дайындалып, негіздемелі хаттар жазылып, тиісті орындарға жіберілген. Нәтижесінде бір жылдың ішінде осы төрт мәселенің де шешімі табылған. Айталық, биыл денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен облыстық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттама дайындауға қаржы бөлініп, құжаттары әзірленіп жатқан көрінеді, келер жылы жөндеу басталмақ.

– Осы жылы аурухана ішіне 50 нүктелі оттегі жүретін желіні тарту үшін сметалық құжаттама дайындалып, соған оттегі станциясын алу үшін клиника-техникалық негіздеме құжаттарын мамыр айында Астанадағы құзырлы мекемеге өткізіп, шілде айында қорытындысын алдық. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен ауруханамыздың ішіне 50 нүкте оттегі жүретін жүйе жұмыстарына қаржы бөлініп, қазір сол жұмыс толық аяқталды. Оттегі станциясына облыстық бюджеттен ақша бөлініп, тендері ойнатылып, ол аппаратымыз да ауруханамызға осы жыл аяғына дейін келеді, – дейді бас дәрігер.

Келер жылы жаңадан тоғыз медициналық пункт салынады. Сондай-ақ реабилитациялық төсектер ашу үшін аурухана медициналық реабилитация лицензиясын биыл алған. Ендігі кезекте амбулаториялық реабилитология лицензиясын алу үшін керекті құжаттар дайындалып жатыр.

– Ол лицензияларды алу үшін біздің аурухана қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жаңадан штаттар ашылды. Яғни, бұрын-соңды болмаған реабилитолог, массаж, логопед-дефектолог, психолог, травматолог-ортопед, ЛФК инструктор, физиотерапевт сынды мамандарымыз бар, – дейді Елжан Манарбеков.

Иә, жаңа ауданда жағымды жаңалық көп. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында, сондай-ақ сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласына, оның ішінде ауыл медицинасына ерекше көңіл бөлінетінін атап көрсеткен. «Ауылды жерде жаңа жабдықпен жарақталған, білікті медицина қызметкерінен жасақталған 700 жаңа медициналық нысан ашамыз. Төрт миллионнан астам ауыл тұрғынын (қалалық және облыстық ауруханалар деңгейінде) қосымша мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтимыз…» деген міндет қойды Мемлекет басшысы өзінің бағдарламасында. Бүгінгі күні бұл міндеттер жергілікті жерде іске аса бастағандай. Тарбағатай аудандық ауруханасында қолға алынған оңды істер – сөзімізге дәлел.

– Бұйырса, ауыл халқы бұдан былай инсульттан, жарақаттан, өкпе ауруларынан кейін, балалар тірек-қимыл ауруларынан кейін оңалту ем-шараларын өзіміздің аудандық ауруханада жатып ала алатын болады. Біздің мақсатымыз, мемлекеттің мақсаты – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, – деп түйіндеді сөзін бас дәрігер Елжан Манарбеков.

Осы айдарда

Back to top button