Денсаулық сақтау

Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады

Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады


Өскемен қаласындағы оңалту орталығын сөз еткенде, дана халқымыздың осы мәтелі еріксіз еске түседі. Науқастың дертінен құлан-таза жазылуы оған стационарлық көмектен кейін көрсетілетін оңалту шараларына көп байланысты. Өңірімізде Қазақстанда теңдесі жоқ осындай оңалту орталығының ашылғанына екі жылдан асты. Германия, Оңтүстік Корея сияқты елдердің озық медицина жабдықтарымен қамтамасыз етілген емдеу орнында қандай науқастар емделеді, оларды жатқызу тәртібі қандай ? Біз осы сауалдарға жауап алу мақсатында оңалту орталығында болып, емдеу мекемесінің жұмысымен танысқан едік.

Орталықтың бас дәрігерінің даму жөніндегі орынбасары Әсия Лебедеваның айтуынша, бұл жерде келушілерге стационарлық және емханалық көмек көрсетіледі. Оңалту ем-домы неврологиялық, кардиологиялық бағыттағы және ортопедиялық оталар жасатқан науқастарға үш кезеңмен жүргізіледі. Бұдан басқа ақылы қызметтер де қарастырылған.

90 орындық орталықта қазір жүз адам емделіп жатыр. Неврологиялық бағытта инсульт алғандар мен нейрохирургиялық ота жасатқандар, кардиологиялық дерттердің ішінде инфаркт алғандар, аортокоронарлы шунтирование жасатқандар, стенд қойғызғандар, травматологияда жамбас, тізе буындарын эндопротезбен алмастырған немесе әртүрлі сынықтардан кейін аяқ-қолдарының қызметін қалпына келтіруді қажет ететін науқастар бар.

— Біздің мақсатымыз – ауыр дерттен кейін науқастарды кешенді түрде емдеп, оңалту. Мысалы, буындардың қызметін қалпына келтіру үшін физиотерапия, емдік денешынықтыру, массаж және басқа да көптеген ем-шаралар қолданылады. Науқастың жағдайын жақсарту үшін кардиолог, невропатолог, ортопед сияқты дәрігерлер мен денешынықтыру нұсқаушылары, физиотерапевтер, басқа да мамандар бірлесіп, команда болып жұмыс істейді, – деп түсіндірді қалпына келтіру емі бөлімінің меңгерушісі Галина Иванова.

Науқастың дертінен толық айығып кетуі оның оңалу қуатына байланысты. Инсульт алғандар алдымен жүріп-тұрып үйренеді. Кейбіреуі мойнын бұру, алақанын ашып-жабу, саусақтарын қимылдату сияқты қарапайым дағдыларды қайта есіне түсіреді. Одан кейін күнделікті тұрмыста қажет шәйнекті қосуға, кесені, қасықты ұстап, аузына апаруға дағдыланады. Қажет кезінде науқаспен логопед, еңбек терапевті жұмыс істейді.
Сауығу еңбектенуді қажет етеді

Оңалту орталығының жұмысымен танысқанда байқағанымыз, бұл жерде науқастар палатада құр жатпайды екен. Барлығы да белгіленген уақыттарында ем-домдарын қабылдау үшін тиісті кабинеттерге барады. Эрготерапия, яғни, еңбек терапиясы кабинеті балабақшаның ойыншықтарға толы бөлмесіне ұқсайды. Көзге бірден түсетін қызыл-жасыл аспаптар, қолдың ұсақ моторикасын дамытатын, буындардың қызметін жақсартатын құралдар жеткілікті. Шемонайхалық 69 жастағы Тілеуғазы ақсақал инсульт алып, бір жағы жансызданып қалыпты. №1 қалалық ауруханадағы инсульт орталығынан шыққаннан кейін осында жолдама берген.

Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады

— Қазір аяғы жақсы болып қалды. Қолы да икемге келді. Тек тілі ғана аздап күрмеліп тұр, – дейді қасына еріп жүрген бәйбішесі.
Осы жерде орталық ашылғалы жұмыс істейтін емдеу терапевті Құралай Серікова өз мамандығына берілген.

— Бұл жердің жабдықталуы өзгеше, ешбір емханада жоқ аспаптар бар. Науқастардың көңіл күйіне, қабағына қараймын. Кейбіреуі отадан кейін келгендіктен, көбінде ауырсынады, жылайтындар да кездеседі. Шыдамдылық танытып, әрқайсымен жеке-жеке 20-30 минут жаттығамын, – деп ой бөлісті бізбен Құралай.

Емдік денешынықтыру бөлмесі кішігірім спортзал сияқты. Тренажерлерде жаттығып жатқан адамдар. Әрқайсының қасында жеке нұсқаушысы бар. Бір жерде инсульттен кейін алғашқы қадам жасап үйреніп жатса, екінші біреуі сынған қолын немесе аяғын жаттықтыруда.

— Гипсті алғаннан кейін, тізе немесе шынтақ бүгілмей немесе ашылмай қалатын кездер болады. Артромот құралдардың көмегімен оларды бүгіп, жазып үйретеміз, — дейді Сая есімді нұсқаушы. Марқакөлдің тумасы, Өскемендегі медициналық колледждің фельдшерлік факультетін тәмамдапты. Басында стоматолог болуды армандаған жігіт қазір осы мамандығының ұнайтынын айтады. Ол үшін науқастардың алғысынан бағалы ештеңе жоқ осы күні.

Галина Геннадьевнаның мәліметтеріне қарағанда орталықтағы жабдықтар қымбат, Германия, Оңтүстік Кореяда жасалған. Боббат төсектері науқастың бойына шақталып жоғарылатылады немесе төмендетіледі. Төсекке арқасымен сүйенген науқас өз бетімен отырып, жатып дағдыланады. Пациенттермен тоғыз нұсқаушы жаттығады. Олар – медициналық және дене шынықтыру колледждерінің түлектері. Бұдан басқа төрт физиотерапевт, бес массаж жасаушы, бір ине салатын дәрігер науқастардың оңалуына бар күш-жігерлерін салады. Омыртқа жарығына ( грыжа) ота жасатқандарға, омыртқааралық дискілердің қажалуына омыртқаны су астында тарту аппараты жақсы көмектеседі. Емдеу мекемесінде көрсетілетін қызметтер курорттық-сауықтыру орындарының емінен бір де бір кем емес. Төрт уақыт тамағы да құнарлы.

Күршімдік 39 жастағы Асхат есімді азамат 29 тамызда беломыртқа жарығына ота жасатқаннан кейін түсіпті. Су астындағы процедураларды, массажды қабылдағаннан бері аяқтарына жан кіріп, өздігінен жүріп-тұратын жағдайға жеткеніне риза.

— Мен 9 маусым күні құлап, шынтақ буынымды сындырып алдым. Өзімізде ота жасап, стационарлық көмек көрсетілгеннен кейін емдеуші дәрігерім құжаттарымды осында жіберді. Үш күннің ішінде жауап келді. Алғаш рет осы жерге 7 тамызда түсіп, он төрт күн жатып шыққам. 29 тамыздан бері оңалтудың үшінші кезеңінде амбулаторлық ем-шаралар қабылдап жүрмін. Нұсқаушының еңбегін ерекше атаған жөн. Күліп қарсы алып, кеңестерін айтып, қолымды қалай жаттықтыруға бағыт сілтейді. Артромот аппаратында шынтақ буынын 20 минут жаттықтырамын. Қазір иығымның ауырсынғаны басылып, сынған қолым өздігінен кесе ұстауға, тамақ ішуге жарап қалды, — деп қуанышын жасырмайды тағы бір риддерлік Лариса атты келіншек.

Науқастарды жатқызу тәртібі

Екі жылдың ішінде орталықта төрт мыңға жуық адам денсаулықтарын оңалтып, сауығып шыққан. Олардың ішінде 2016 жылы емделген 2268 пациенттің 624-і облыстың аудандары мен қалаларынан жіберіліпті. Ал 2017 жылдың сегіз айында оңалтылған 1704 науқастың 513-ы аудандардан жолдамамен түскендер.

— Науқасқа оңалту шараларын қабылдауды учаскелік терапевт немесе ота жасап, емдеген дәрігер ұсынуы керек, — дейді неврология бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Кулиниченко. – Ауылды жерлерде фельдшерлік-амбулаторлық пункттің дәрігерлері шешім қабылдайды. Олар біздің электронды мекенжайымызға пациенттің барлық сараптамаларын, болса МРТ зерттеулерін жібереді. Одан кейін орталықтың мультидисциплинарлы комиссия мүшелері құжаттармен мұқият танысып, науқастың оңалтуға жататын-жатпайтыны туралы жауапты екі күннің ішінде қайтарады. Егер жергілікті жерлердегі дисциплинарлық комиссия дұрыс жұмыс істесе, біз жолдаған азаматтарды міндетті түрде қабылдаймыз. Егер науқас оңалту орталығына жатқызуға келмесе, біз олардың себебін түсіндіріп, жауап жазамыз.

Науқастарды оңалтуға жатқызудың шектеулі мерзімдері барын ескерген жөн. Мысалы, инсульт алғандар жарты жылға дейінгі мерзімде, нейрохирургиялық ота жасатқандар, сынықтары бар науқастар бір жылдың ішінде оңалту ем-домын қабылдауға тиіс. Ал осындай ауыр дерттерге шалдыққандарына көп жыл өткендерге орталықтың қызметтерін ақылы түрде қабылдауға болады.

Сергей Кулиниченко инсульттен кейін сал болып қалған науқастарды қайта бейімдеу бағдарламасын кеңейтіп жатқандарын айтады. 12 қазанда ниет білдіруші пациенттерді Мәскеуден шақыртылған профессор қабылдайды. Ресейлік ғалым жансызданып қалған қол-аяқтардың тартылуын азайтатын диспорт инесін ұсынады.

— Инемен салынған бұл дәріден кейін науқастардың жансызданған қол-аяқтарының тартылуы бәсеңдеп, оларды қимылдатуға мүмкіндік туады. Одан кейін емделушілер әртүрлі жаттығулар жасап, қол-аяқтарын ары қарай өздері икемге келтірулері тиіс. Үздіксіз жаттығудың нәтижесінде тамаша жетістіктерге жетуге болады. Бұл әдіс әсіресе, инсульттен кейін қол-аяқтарының қимылдары шектеулі болып қалған жандар үшін өте тиімді, — деп түсіндірді Сергей Кулиниченко.

Дәрігердің айтуынша, бұл қызмет түрі барлық науқастар үшін әзірге ақылы. Келешекте кепілдендірілген тегін медициналық қызметтердің тізіміне кіруі мүмкін. Бір құтысы 132 мың теңге, екінші құтысы 110 мың теңге. Бір қолға немесе аяққа кем дегенде екі құты дәрі кетеді. Профессордың қабылдауына алдын ала жазылуға болады.

Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады

Сонымен қатар, емдеу мекемесіне отбасылық- дәрігерлік амбулаториядан учаскелік терапевтердің жолдамасымен де амбулаторлық емге келуге болады. Жолдамамен қатар дерттің зерттеулері, сараптамалар талап етіледі.

Сөз соңында біз осындай бірегей оңалту орталығының қызметін пайдаланатын ауылдықтардың әлі де аз екенін баса айтқымыз келеді. Екі жылда барлық науқастардың төрттен бір ғана бөлігі аудандардан келген. Осыған орай жергілікті дәрігерлер қолдағы мүмкіндіктерді жіберіп алмай, бейімдеуді қажет ететін науқастарды дер кезінде орталыққа жіберіп отырса деген өтініш бар. Бұл азаматтарды дерттерінен құлан-таза айықтырып, мүгедектіктен сақтап қалудың бірден-бір жолы.
Оңалту орталығының мекенжайы: Өскемен қаласы, Сәтпаев даңғылы, 57, тел: 742-707, 742-717
VKO-re@mail.ru

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button