Қоғам

Ауданның екінші тынысын ашқан «Төретоғам»

Ауданның екінші тынысын ашқан «Төретоғам»


Күршім ауданындағы жағалауда орналасқан алты елді мекеннің елі ежелден балық аулаумен шұғылданады. Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасынан балық аулауды кәсіпке айналдырып келе жатқан бұл жақтағы жұрттың тірлігі үш -төрт жылдан бері қайта жандана бастады. 2013 жылы ашылған «Төретоғам» балық зауытының арқасында бүгінде балықшылардың шаруасы жүріп, Күршім ауданының екінші тынысы ашылып отыр.

Кәсіп көзі болып отырған байлықты сақтап, көл балығын молайта түсу үшін өткен аптада «Төретоғам» ЖШС Бұқтырмаға 35 млн. теңгенің 1,5 млн. ақ амур құртшабағын жіберді.

Алтынға бағаланып отырған Зайсанның балығы

Күршім ауылының іргесінде орналасқан «Төретоғам» балық зауытының іші де, сырты да тап-тұйнақтай. Айқарма есікті үлкен қақпадан енген біз балық зауытының емес, балабақшаның ауласына келгендей болдық. Жайқалып өскен шоқ гүлдер мен тал-терек көмкерген алаңқайларға орнатылған әдемі арқалы орындықтар да бұл жерге өзгеше өң беріп тұр.

Бізді қарсы алған зауыт директоры Нұрлан Қасымханов өз әңгімесін зауыттың құрылуынан бастады. «Төретоғам» зауытының құрылтайшылары – Зайсан көлінің жаға¬ла¬у¬ында орналасқан Күршім ауданына қарасты Балық¬шы ауылдық округінің Аманат, Ақсуат, Жолнұсқау және Тарба¬ғатай ауданындағы Тұғыл ауыл¬ының сегіз кәсіпкері. 2013 жылы ашылған зауытқа осы жердегі суландыру жүйесінің бұрынғы «Төретоғам» атауы беріледі. Құрылтайшылар кеңесе келе, жаңа кәсіпорынға алдымен балықты кешенді өңдейтін заманауи технологиялы құрал-жабдықтарды сатып алған екен. Одан соң кәсіпорынға Еуропалық одақтың талаптарына сай келетін жоғары қуатты германиялық-ресейлік тоңазытқыш құралдарын әкеліп, орнатады. Балық өнімдерін 40-45 градусқа дейін қатыра алатын жаңа құралдардың 20 жылға дейінгі сапа кепілдігі бар. Санкт-Петербургтен келген білікті технологтардың көмегімен жаңа өндіріс жүйесі іске қосылып, 2014 жыл¬ы кәсіпорын ғима¬раттары да толығымен күрде¬лі жөндеуден өтеді.

Ауыл кәсіпкерлерінің көздеген басты мақсаттары-Зайсанның балығын өңдеп, экспорттау болатын. Шетел нарығына шығу үшін қыруар шаруа атқарылды. Жұмыс заманауи құрал-жабдықтарды іске қосумен біткен жоқ. Қазақ вете¬ринарлық инспекциясы, Кеден одағы елдері бойынша Ресей Федерациясының ауыл шаруа¬шылығын бақылау қызметі мен Еу¬роодақтың Франция, Италия, Гер¬мания, Швейцария елдерінің мамандарынан құралған комиссия сарапшылары өнім өңдеудің еуропалық сапа стандарттарына сәйкестігін тексерді. Осы ау¬дит¬тік жұмыстың нәтижесінде зауыт өнімі еурокодқа ие болады. Осылайша, «Төре¬тоғам» өнімінің халықаралық нарыққа кедергісіз кіруіне жол ашылады.

Ауданның екінші тынысын ашқан «Төретоғам»

«Төретоғам» брендімен белгілі болып отырған Зайсанның балығы бүгінде Еуропа нарығына: Литва, Германия, Дания, Бельгия, Норвегия елдері мен Қытайға тасымалдануда. Бұл елдермен үш жылға бекітілген келісімшарт бар.

-Қытай әлемде балық экспорттаудан алғашқы орында болса да, мил¬лиардтар елінің «Төретоғам» өні¬міне деген сұранысы өте жоғары болып отыр,-дейді зауыт директоры Нұрлан Қасымханов. – Бүгінде бүкіл әлемде балықты арнайы акваторияларда қолдан өсіреді. Сондықтан біздің Зайсанда жүзген жабайы балығымыз олар үшін алтыннан бағалы. Өніміміз экологиялық таза табиғи ортада – Зайсан көлі¬нен ауланатындықтан, сапасы жағы¬нан әлемде жоғары бағаға ие бол¬ып отыр. Ата-бабасынан бері балық шаруа¬шылығымен шұғылданып келе жатқан жағалаудағы тұрғындар көлдің жағдайын жетік біледі. Олар бір күндік пайда ойлаған браконьер¬лерге қарағанда, көлге қамқор. Біз балықты қолдан көбейтуге үлкен көңіл бөліп отырмыз. ТМД елдерінде көлемі жағынан үштікке енген Күршім уылдырық шашу-шабақ өсіру шаруашылығына балық өсіруге тапсырыс беріп келеміз. Ақ амур құртшабақтары былтыр да Бұқтырма су қоймасына жіберілді. Зайсан көлінде балықтың табиғи жолмен өсіп-өнуіне де мүмкіндік мол. Балық көктемде 45 күн уылдырығын шашса, әрі қарай жабайы балықтың құртшабақтары қолдан өсіргеннен мың есе артық көбейіп кетеді. Себебі, Зайсанның өзі үлкен ауқымдағы жасанды аквамәдениет, тағамы асып-төгілген алып қазан іспетті. Су қоймасының жоғарғы жағында Қара Ертіс болса, төменгі жағында Бұқтырма су электр стансасы бар. Айдынның үстінен қарағанда қара жасыл болып тұнып жатады. Бұл – балықтың мол кездесетін табиғи жемінің қоры. Бұқтырмаға жіберіліп жатқан ақ амур балықтарының майшабақтары көлдің тазалығын сақтауға ерекше қажет. Қамыс, қоғаның бәрін жеп, көлді көксерке, сазан балықтарына жағымсыз әсер ететін ластанудан сақтап, олардың лайда, лас жерде емес, таза суда жүруіне жағдай жасайды. Яғни, бұл балық түрлері көл тазалықшылары тәрізді.
Кәсіпорынның тендерден ұтқан ұзақмерзімді балық шаруашылығы учаскелерінің акваториялары Тұғыл, Жолнұсқау, Аманат ауылдарының тұсында орналасқан. Облыс әкімінің қаулысымен бекітіліп, жылына 2100 тонна балық аулауға рұқсат алған кәсіпорынға қойылатын талаптар жетерлік. Балық қорын молайтудан басқа, төретоғамдықтар табиғатты пайдаланушы ретінде жылына бюджетке бірнеше ондаған миллион теңге төлемақы төлеп отыр.
Қалдық қалдырмайтын кәсіпорын

Қазір кәсіпорында жоғары сұранысқа ие көксерке мен сазаннан басқа табан, нәлім, шортан, алабұға балықтары өңделіп жатыр. «Төретоғам» қалдықсыз технологияға-балық ресурстарын қалдықсыз өңдеуге мән беріп отыр. Балық сүбесімен қатар, балық қалдықтарынан құс фабрикаларына қажетті құнарлы балық ұнын әзірлеу жолға қойылған. Бүгінде «Төретоғам» әзірлеген балық ұнына Астана, Өскемен мен Семей қалаларындағы құс өнімдерін өндірушілер тұрақты тапсырыс беріп отырса, соңғы кезде ресейлік тарап та қызығушылық таныта бастаған.

Зауытта қоршаған ортаға зиян келтірмеудің барлық шаралары жасалынуда. Балық тиелген көлік зауыт аумағына кірерде толығымен санитарлық тазалаудан өтеді. Зауыт жұмысшылары да санитарлық тазалықты қатаң сақтайды. Кешенді өңдеу цехында болған біз кәсіпорында жұмысшылар үшін де барлық қажетті жағдайлар жасалғанын көрдік.

Ауданның екінші тынысын ашқан «Төретоғам»

«Төретоғам» ЖШС директорының орынбасары Асылбек Әділбеков талай жылдан бері осы өңірдің балық шаруашылығында еңбек етіп келе жатқан, осы саланың жай-жапсарын, мәселелерін бес саусақтай білетін жан. Асылбек аға кәсіпорын цехтарымен таныстыра жүріп, балық зауытының бірегей өндірісі «Төретоғам» өнімдерін шетелге тоқтаусыз шығаруға бар жағынан мүмкіндік беріп тұрғанын айтты.

Өндіріс технологы Альмира Төлебаева өнімдерді шығару технологиясы барлық жағынан қатаң бақыланып отыратынын, экспортталып жатқан балық өнімдерін өндіруде «біздің өнім тек қана сапалы болуы тиіс» деген қағиданы берік ұстанатындарын жеткізді.

Кәсіпорын цехының өндірістік қуаты 1020 тонна балықты салқындату мен мұздатуға және сақтауға жетеді. Сүбе өндіру цехы тәулігіне – 14, балық қақтау цехы – 15, балықты тұтас күйінде өңдеу цехы – 10, балық ұнын әзірлеу цехы 10 тонна шикізатты өңдеу қуатына ие. Ал балық аулау флотында 46 техника жұмыс істейді. Негізгі өндірісте 100-ге жуық адам еңбек етсе, көл аумағында 600-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Зауыт цехы толық қуатында жұмыс істеуге көшкен кезде 300-ден аса адам жұмыспен қамтылмақ. Ха¬лық¬аралық хабқа қосылу мақса¬тында зауыт өнімдерінің марке¬тингтік жоспары мен логис¬ти¬калық орталықтарын құру тәрізді ұзақ¬мерзімді стратегиялық бағдар¬ламалар да қарастырылып отыр. «Қазақ балық шаруашылығы қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің бас¬қарма мүшесі Нұрлан Қасымхановтың айтуынша, кәсіпорынның кешенді даму бағдарламасы, мәселелері республикалық деңгейде де көтеріліп, шешімін тауып келеді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button