«Дидардың» қонағы

Асқар АЛТАЙ, жазушы: – Кез келген шығармамды жазған кезде соңғы туындымды қолға алғандай күй кешемін

Белгілі қаламгер, сыншы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының және Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, жерлесіміз Асқар Алтай жақында 50 жасқа толды. Мерейлі мерейтой қарсаңында жазушымен сұхбаттасудың сәті түскен-ді.

Асқар АЛТАЙ, жазушы: – Кез келген шығармамды жазған кезде соңғы туындымды қолға алғандай күй кешемін

Мені Асқар Алтай атандырған –
Оралхан Бөкей


– Әдебиеттің киелі табалдырығын аттағанда Асқар Алпысбаев едіңіз. Біршама шығармаңыз осы ата тегіңіз бойынша жарияланды. Бүгінде – Асқар Алтайсыз. Бір кездегі Асқар Алпысбаевтың Асқар Алтай атануына Оралхан Бөкейдің қатысы бар дейді…

– Бұл – ақиқат сөз. 1990 жылға дейін менің шығармаларымның барлығы дерлік Асқар Алпысбаев деген атаумен жарияланып жүрді. 1990 жылдардың бас кезі болуы керек, «Қазақ әдебиеті» газетінің тұтас екі бетіне «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!» деген тақырыппен мақалам шықты. Мақалада атақты Оспан батыр қатысқан Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтеріліс жайында кеңінен сөз еткем-ді. Сол кездері заманында кеңестік барлау қызметінде еңбек еткен Әмен Әмірбаев деген адамның екі кітаптан тұратын «Қара Ертіс» романы жарық көрді. Орыс тілінде. Мақаламда сол романға жан-жақты талдау жасай отырып, ол жақтағы жағдайды да баяндаған болатынмын. Қысқасы, осы мақаламды оқыған Оралхан Бөкей таңғалады. Қолын бір шошаң еткізіп: «Әй, Асқар, сен өте жақсы мақала жаздың. Біз білмейтін біраз мәселелерді қозғапсың» дегені әлі күнге дейін есімде.

Арада біраз уақыт өтті. Тағдырдың тәлкегімен Түркияға барған қазақтардың аттарын өзгерткені белгілі. Сол кездері белгілі қоғам қайраткері, журналист, публицист Хасен Оралтай ағамыздың тегі Өр Алтай болған екен. Түркияда ө дыбысы жоқ. Сөйтіп, Өр Алтай Оралтай боп кеткен. Ал қазақта Оралтай деген есім тек әйел адамдарға ғана қойылады. Әсіресе, Алтайда, Шығыс өңірінде мұндай атаулар жиі кездеседі. Сондықтан осы жайында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Хасен Оралтайдың фамилиясы әйелше аталып жүр. Оралтай емес, Өр Алтай» деп қысқаша мақала жаздым. Сол мақала «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген кезде Асқар Алпысбаев деген тегім Асқар Алтай боп өзгеріп шықты. Алып ұшып Оралхан ағама келдім. «Оу, аға, мынауыңыз не? Ата-тегімді өзгертіп жіберіпсіз ғой. Мен – Алпысбаевпын, менің атам – Алпысбай» дедім. Орағаң қарқылдай бір күліп алып, «Асқар, мына Қалихан ағаң бар, мен бар, Дидахмет, Әлібек Асқаров ағаң бар – бәріміз Алтайдың атын шығарып жүрміз. Ана жақта Ұлықбек, Кәдірбек, Заманбек Жәкенов ағаң бар. Ендігі жерде Алтайдың атын шығаратын мына Талаптан екеуің боласыңдар. Сондықтан сені Асқар Алтай атадым. Менің аузым дуалы. Осы ат саған керемет үлкен бақ болады, әдебиетте Асқар Алтай деген есім пайда болады» деді. Айтқан сөзі шынға айналды. Сол күннен бастап Асқар Алтай атандым.

– Алтайда дүниеге келдіңіз, сонда өстіңіз, қазақтың асыл сөзіне де жөргегіңізден жарытқан – Алтай. Қазір Астанадасыз. Тамырыңыз байланған Алтайға деген сағынышыңызды қалай басасыз? Жалпы, қазір Алтай дегенде қандай сезім кешесіз?

– Қазақта «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген жақсы сөз бар. Бұл сөз бекерден-бекер айтылмаса керек. Өйткені, қазақ халқы талай аласапыран замандарды басынан кешті ғой. Қазақтың «Елім-айлап» үдере көшіп, атамекеніне қайта оралған кездері өте көп. Сондықтан да бұл атақоныс Алтай, қазақ халқының ғана емес, тәмам түркінің түп мекені. Түркі халықтары тікелей Ашинадан бастау алады. Сонау Қазығұрттың бауырындағы, Еділ бойындағы, анау мадиярлар мен қыпшақтарға дейін Алтай деп жылайды. Неге түріктер Анадолыда отырып, Алтайым деп көзіне жас алады? Өйткені, олардың қанында Алтайдың бір тылсым қасиеті, асыл сезімі, құпиясы бар. Оны тілмен айтып жеткізу қиын. Мысалы, Алтайды бір көрген адам оған ғашық болады. Алтайды сағынады, аңсайды. Шын мәнінде, ол адам Алтайда тумаған, тек Алтайда бір-ақ рет болған. Алтайдың құдіреттілігі де сонда. Бәлкім, біздің Алтайды алтын бесігіміз деп жүргеніміз содан шығар.

Соңғы жазған романым «Туажатта» бір кейіпкерім – шведтің қызы «Алтайды Альпімен салыстырғанда Альпі түк болмай қалады. Алтай Альпіден бір кем емес» дейді. Алтайда бәрі бар. Кен де, аң да, құс та бар. Алтайдың адамдарының өзі өзгеше. Әйгілі Шукшиннің өзі Алтайға тамсанған. Бір кездері Рерих Алтайдың табиғатына таңғалып, кербез тауды еңбегінде суреттеп жазды. Неге Мұзтауға рерихшылар барып жатады? Неге Алтайға сонау Еуропадан, Франциядан, Бельгия, Америкадан меймандар келеді? Америкалық журналист, саяхат­шы, барлаушы Джордж Кеннан да Алтайда болған. Оның «Сібір және сүргін» деген кітабы бар. Осы кітапты мен қарап шықтым. Ол Алтайды, Катонқарағайды суреттеп жазады. Сол кісі айтады: «Мына әлемнің мен көрмеген құрлығы жоқ. Мен алты құрлықта да болдым, егер біреу маған алты құрлықтың ар жағында, жетпіс теңіздің бер жағында Алтайдан да керемет жер бар десе, мен барар едім, бірақ ондай жер жоқ, мен Алтайды көріп таңғалдым». Осы ағылшынның бір ауыз сөзінің өзі неге тұрады? Өзге ұлт өкілдері тамсанғанда, өзіміз қалай мақтанбаспыз?!

Ал бірақ қазір Алтаймен мақтана алмай отырмыз. Бізде Алтайдың бір жақ пұшпағы ғана жатыр. Алтайдың қалған бөлігі – Ресей аумағында. Ауқымды бөлігі Қытай мен Моңғолияда қалды. Қазір біз сол Алтайдан айырылып қалудың алдында отырмыз. 500 жылдан соң заман қандай болады? Алтайдың бауырын мекен еткен жұрт қазір көшіп жатыр, тіпті, өзіміздің қазақтар да қаланың маңына қоныс аударуда. Катонқарағай, Марқакөл, Күршім, Зайсан бос қалды қазір. Халық неге кетіп жатыр? Қасіретті жағдай. Ерте ме, кеш пе, бос жер болмайды. Әсіресе, Алтай секілді сұлу өлке бос қалмасы анық. Ол жерге кімдер келіп қоныстанады? Олар қоныстанып жатқан кезде біз оларға тоқтау қоя аламыз ба? Біз шекарамыздың іргесін әлсіретіп алдық. Осы мәселе алаңдатады.

Алтайдағы Мұзтау мен Алатаудағы Хантәңірі. Бұлар мен үшін қазақ шекарасындағы қасиетті екі босаға. Осы екі босаға Құдайдың өзі Қытайдан таулармен қоршап қойған шекара бойындағы шолғыншы қос мұнара секілді. Алтайдың үстімен, Еренқабырғаның бойымен Хантәңіріге дейін. Біз осы аралықты ұстап тұра аламыз ба? Шекарамыз бір кезде Алтайдың, Тарбағатайдың арғы бетінде еді. Кеңес өкіметі кезінде үстіне қарай шықты. Қазір біз бері қарай түсіп келе жатырмыз. Бір ғана Алматының іргесінде тұрған Нарынқолдан қаншама халық кетіп қалды. Біздің жұрт қайда көшіп барады? Есім ханның тұсында Жиембет жырау Тарбағатай жөнінде дау туғанда ханның бетіне тік келіп, ойындағысын айтып салса керек. Осыдан кейін Есім хан Жиембет Бортоғашұлын сол жерде күзетте тұрасың деп Тарбағатайға жер аударады. Ал біз қазір қандай күзет қоямыз? Халық бүгінде ауылдан ауа көшіп, қалаға қарай саулап жатыр. Осы мәселені ел болып, халық болып, Түркі жұрты болып ойлануымыз керек. Егер ойлана алмасақ, Тарбағатай, Алтай, Еренқабырға жалаңаштанады. Сондықтан халықты сол жаққа қарай шоғырландыруды іске асыруға тиіспіз. Жұмыс көздерін ашатындай, жастарды апаратындай жағдай жасауымыз керек. Егер ертеңімізді бүгін ойламасақ, кеш қаламыз.

Үш-төрт ай бойы қағаз бетіне
қарамай кететін шақтарым болады


– «Туажат» романыңызды оқып шықтық. «Роман бір деммен оқылады. Кино көргендей күй кешесіз» депті жазушы Толымбек Әбдірайым. Менің түсінігімше, бұл роман бүгінгі замандағы туажат адамдар мен туажат қоғамның бет-бейнесін шынайы көрсеткен туынды. 1979 жылы санаңызда сәулеленген идея неге 30 жылдан соң өмірге келді?

– Рас, «Туажатты» роман-модерн деп атаған өзім. Өйткені, мұнда модерн, постмодернистік сарын бар. Жалпы, роман деп атауға болады. Модерн деген тек оқырманды тарту үшін, өзіңдегі жаңалықты көрсету үшін керек. Мен мұнда үш нәрсені қамтуға тырыстым. «Туажатта» өте қатал реализм, мифизм, кейбір тұрғыдан келсек, символизм басым. Деректілік пен детективтік элементтер де кездеседі. Осындай жанрлық тұрғыда ерекшеліктері бар.

Арасында фантастикалық элементтер де ұшырасады. Қазір бүкіл әлем бұрынғы мифизм арқылы фантастикаға қайта оралып жатыр. Баланың дүниеге келетін кезінде қара құйынның алып кетуі – фантастика. Ал романдағы басты кейіпкер Байбура Ауған соғысына, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысады. Қаншама ерлік көрсетіп, ұлты үшін жүрегін жұлып берсе де өз елі оны өзекке тебеді. Қазір біздің адамдар арасында бір-біріне деген жат сезім бар. Менің романды жазудағы негізгі мұратым бүгінгі туажат қоғам бейнесін ашып көрсету болды. Байбура қоғамның сиқынан, сықпытынан шошынады.

Сондықтан ол туажат болады. «Туажат» деген сөзді қазақ о баста тауып қойған. Қазақ – философ халық. Жетінші, сегізінші ұрпағың саған туажат болады деп өткен ғасырларда айтып кеткен. Роман көтерген философиялық ой одан да асып түседі. Өйткені, қазір бүкіл қоғам туажат. Ұлттардың өзі бір-біріне бөтен. Мақсатым туажат қоғамдағы туажат адамдардың жан дүниесін көрсету болды. Шығармада Байбураның ғана образы емес, бүгінгі кез келген жастың ішкі жан дүниесіндегі қайшылық ашылады. Мысалы, романның бір оқиғасында Байбураның қалтасынан түскен дөңес айнадан өрт шығады да, ол сол өрттің ішінде қалады. Шыққан өрт өзінің қалтасынан түскен дөңес айнадан пайда болады. Бұл – біз өзімізді- өзіміз өртеп жатырмыз деген ой. Өртеніп бара жатқан өзіміз. Біздің ұрпақ жат жұрттың ықпалында кетіп барады. Ұрпақтарымызды жат жұртқа беріп жатқанымыз да жасырын емес. Мықты ұлдарымызды сыртта оқытып, шетелден әйел алып жатырмыз. Олардан ертең мықты ұрпақ туады. Сонда біздің өз жерімізде не қалады?

Қазір сексенінші, тоқсаныншы жылдардағыдай, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаевтардың кезіндегідей әдебиетке талдау, әдебиетті жіліктеп, соның астарын ақтару тұрғысындағы әдебиет сыны да, ғылымы да жоқ. Сейіт Қасқабасов секілді ағаларымыз «Алтайдың алқызыл модағайы» секілді романыма мифопоэтикалық тұрғыдан келген кездері болды. Бұл туындым жалғыздық туралы болатын. Аңшының, аңның жалғыздығы және сүйген жардың жалғыздығы деген мәселелер қозғалады. «Туажатта» да қатпарлы астарлар бар. Барлығы ашығырақ көрсетілген. Роман аз күннің ішінде жазылды.

Романдағы деректілік Ауғанстан оқиғасына байланысты. Мысалы, 1986 жылғы оқиғаға қатысқан Байбураның алаңнан қашқан кездегі жертөленің астына тығылатыны өзімнің басымнан кешкен оқиға. Өзім де Желтоқсан оқиғасына қатыстым. Жертөлеге кіріп, аман қалғанмын. Ал кейіпкерім романда аман қалмайды. Басыңнан кешкен тағдыр кейде жазып отырған адамға серпін береді. Бұл романның о бастағы елесі сонау 1979 жылдары тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде ойыма келген. 1979 жылы күзде Ауғанстан мәселесі қозғалды. Уақыт өте келе отыз жылдан соң роман дүниеге келді. Шығарма ерте сәулеленді. Бірақ дүниеге кеш келді. «Туажат» сәтті кезеңде туды.

– «Өлең жазу қиын да, қызық та емес, жас отыздан асқан соң». Ақын Есенғали Раушанов осылай депті. Кейбір пікірлерге жүгінсек, отыз жасқа дейін отты дүниелер жазып қалу керек. Отыздан кейін желік басылып, қуатың қайраңдайды дейді. 50 жасқа келдіңіз. Осы пікірге алып-қосарыңыз бар шығар…

– Есенғали ағамыздың бұл сөзінің жаны бар. Бұл тек ақындарға ғана емес, жалпы, шығармашылық адамдарының барлығына қарата айтылса керек. Отызға дейін сезім, эмоция басым болады. Поэзияда ғана емес, прозада да жақсы кезеңдер туады. Мысалы, мен әңгіме, повестерімнің көбін отызға дейін жаздым. «Жұлдыз» журналына жиырма бес жасымда келдім. Отыз жасымда «Алтайдың алқызыл модағайын», оған дейін «Қарабура», «Қаладағы құтпандар» повесін жаздым. «Қаладағы құтпандар» туралы әлі ешкім талдау жасаған жоқ. Сонымен бірге «Дода», «Қараштың қарасы» әңгімелері отызға дейін жазылды. Ұлттық мозайкада жазылған дүниелер бұлар. Отыздан кейін де біраз дүниелер жарық көрді.

«Қызыл бөлтірік» бар-жоғы жиырма бір жасымда жазылды. Сондықтан да бұл сөздің жаны бар. Ұлттық дүние жазу керек негізі. Және ол кезде бір жалт етіп көрініп қалуға әуестенбеу керек. Сенің жан дүниеңді не тербейді, соны жазу керек. Өз басым шығарма жазып отырғанда соңғы шығарма жазып отырғандай әсерде боламын. «Туажатты» жазғанда осыдан кейін ештеңе жазбайтындай күйде болдым. Осыдан кейін мен суынам. Үш-төрт ай бойы қағаз бетіне қарамай кететін шақтарым болады. Соған рақаттанамын. Шынын айтқанда, іштей арыламын. Арылғаннан кейін барып қайтадан жазу үстеліне ораламын. Соның өзі ғанибет! Қырықтан кейін де, елуден кейін де жазасың. Толстой жетпісінде де, сексенінде де жазған. Ал бірақ шығарма қалай туады? Мәселе сонда. Өмірден түйгенімді айтсам, отызға дейін сезім, қырықтан кейін ой басым болу керек секілді.

– Өткен ғасырда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанынан» бастап, бертіндегі Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаевтардың романдарын сол кездегі оқырмандар жаппай оқыды десек, артық айтпаған болармыз. Ал қазір уақыт басқа. Әдеби үдеріс басқаша даму үстінде. Ендігі ретте романдар сол кездегідей оқыла ма?

– Заман өзгерген жоқ. Күн орнынан шығады, ай орнынан туады. Қазір сана өзгерді. Бұрынғыдай үш-төрт томнан тұратын қатпар-қатпар қалың романдар ендігі кезеңде керемет оқылып кетеді дегенге күмәнім бар. Роман қалай болғанда да, менің түсінігімде, бір томға сиятындай болуы шарт. Әрі кетсе, 200-300 беттен аспауы керек. Қазір уақыт тапшы. Он тоғызыншы ғасырда да, жиырмасыншы ғасырда да уақыт тапшы болды. Қазір адамдар неге әңгімені, повесті оқып, романды көп оқи бермейді? Өйткені, тағы да уақытқа кеп тірелеміз. Бірақ романды оқысаң, мәңгілік есіңде қалып қояды. Өйткені, роман бүкіл қоғамдық ойларды, заманды толық бейнелеуге тырысады. Немесе бір адамды ала отырып, сол адам арқылы қоғамның келбетін, заманның үдерісін танытуға тырысады. Осы тұрғыдан келгенде роман адамның санасын тереңнен тербеп, ойында таңбаланып қалады.

Өз басым романды жазайын деп жазбаймын. Өйткені, романға сол кейіпкерлер сені алып келеді. Повесть тудыратындай кейіпкерлер де болады. Немесе әңгіме тудыратындай кейіпкерлер бар. Бір әңгімеден бір повесть, бір роман тудыруға болады дегенге мен сенбеймін. Әр жанрдың өзінің көтерер жүгі бар. Мысалы, таулар бір-біріне ұқсамайды. Қатпар-қатпар болады. Оның етегінде кішкентай дөңестер, ары қарай биік жоталар, одан әрі жүрсең, қар басып жатқан заңғар шыңдарға жолығасың. Көркем шығармадағы жанрлар да осы тәріздес. Роман құзар шыңды, орманды, саялы табиғат сияқты. Ал повесть ұлы таулардың бір шатқалы секілді. Осының бәрі повеске жүк болады. Ал әңгіме сол ұлы таудың қойнауындағы кішкентай қолат іспетті. Тау қуысына тығылған әсем де ұры ауыл секілді. Оны төбесінен түссең ғана танисың. Ғажаптығы да сонда, ұры қыстаудың құпиясын нағыз талант қана ашады.

Ал Әуезов тудырған «Абай жолы» секілді дүниелерді, сол, сияқты эпопея жазам деп әуре болу немесе Мағауиннің дилогиясы секілді дүние жазсаңыз оқырман оқи ма, оқымай ма? Белгісіз. Тіпті, сол жазылған дүниелерді қазіргі жастардың көбі оқымайтын шығар. Сондықтан да роман уақыттың сұранысымен шағындалып келе жатқан сияқты. Оның сыртында адамның өзі де уақыттың тапшылығына бейімделіп келеді. Ендігі ретте жазушылар, біздің қатар, бізден кейінгі буын уақытты ерекше үнемдейтін болады. Үнемдеймін деп үнемдемейді, қысқа әрі нұсқа жазуға тырысады. Қампайтып бергеннен гөрі қысып, сығып, сөлін ғана беруге бекінеді. Мысалы, мен «Туажат» романымда шығарманың тек сөлін беруге тырыстым, сұраныс солай. Туынды сегіз, тоғыз баспатабақтан аспайды.

Қазір жазарман көп, жазушы сирек


– Жазушы – кейіпкерлер ортасындағы адам. Кейде қаламгерлер айналасында жүрген адамдармен емес, кейіпкерлерімен ғана сырласатын, жалғызсырайтын кездер болады. Өйткені, кейіпкер жазушының баласы сияқты. Сіз ең ұзақ өмір сүретін қай кейіпкерім болады деп ойланып көрдіңіз бе?

– Кез келген кейіпкер – ол автордың өзі. Өйткені, сол кейіпкердің жан дүниесінде автордың да жан дүниесі болады. Ең ғажабы – осында. Мысалы, мен «Альпинист» деген әңгіме жаздым. Күршімде Өтей деген атақты жайлау бар. Сол жерде Құзғынды деген ғажап шың тұр. Құзғындыны қар барысы мекендейді. Бала кезімде әкем мен Зәйтүн деген алыс ағайынымыз Платов, Пугачев деген ауылдардың үстімен сол Құзғындыға алып баратын. Зәйтүннің қолында бесатар мылтық бар. Бәріміз барыс аулауға бардық. Сонда алғаш рет Зәйтүн ағаның атының арқасына барыс терісін тұтасымен жауып, мініп жүргенін көрдім. Кейіннен барыс туралы «Ақ барыс» деген шағын әңгіме туды. «Ақ барыс» ешқандай баспасөзде жарияланбады. Кейбір сәттерде Құзғындыны, аулақта қалған туған жерімді, балдәурен бала шағымды қатты аңсаймын. Сондай сәттерде қалың адамдардың арасында жүрсең де жалғызсырайсың. Кейіпкерім де осындай. Сол кезде саған серік болатын кейіпкерлерің болады. Енді ол жалғыздықты қалай да сыртқа шығару керек.

Бірде жұмыстан үйге келген кезімде кішкентай ұлым «Алтай, Алтай» деп шауып жүр екен. Осы сөз маған қатты әсер етті. Құзғынды есіме түсті. Оның үстіне жарым «Қайнар» университетінде оқитын Мақсұт Жұмаев есімді альпинист-студент туралы айтып келді. Есіме Владимир Высоцкийдің альпинистер жайында айтатын әні де түсті. Осылайша «Альпинист» әңгімесінің идеясы санама орнай бастады. Құзғындыдағы шыңға өзім шыға алмаған едім. Бірақ әңгімені жазу арқылы шыңға шықпасам да шыққандай болдым. Жазушы кейіпкерлерінің ішінен өзінің де, өзгенің де болмысын, мінезін көреді. Оның ерекшелігі сонда. Ал кез келген шығармадан жазушының жан дүниесін аңғарасыз. Шығарма жазылмай тұрып кейіпкер жаныңда жүреді, ал туындыны жарыққа шығарғаннан кейін кейіпкер бірте-бірте сенен алыстап, халыққа жол тартады. Мен барлық кейіпкеріме ғұмыр тілеймін. Қайсысының өмірі ұзақ болатынын тап басып айта алмаймын.

– Сіздің буынның ішіндегі елеулі есімдер деп кімдерді атар едіңіз. Сосын бүгінгі әдебиеттегі көреалмаушылық, қызғаныш туралы не айтасыз?

– Толымбек Әбдірайымов кезінде жақсы бір повесть жазды. Мен оның аршынды қадамына қатты қуандым. Өйткені, балалар туралы індете, жалғыз өзі әрі үзбей жазып жүрген, балалар сүйіп оқитын бүгінгі жазушының бірі Толымбек дер едім. Сол секілді Жүсіпбек Қорғасбектің де «Жансебіл» деген шығармасын оқығанда риза болдым. «Шіркін, Шекер» деген әңгімесін оқыған кезде жақсы пікір білдірдім. Жаңабек Шағатаевтың да повестерін оқыған кезде шын қуандым. Есжан Айнабековтің шығармалары жарық көргенде ағымнан жарылып, құттықтадым. Мен ешкімнің жақсылығын қызғанбаймын.

Жалпы, жақсылықты қызғану – бұл дерт. Ал кемшілікті айту – өз жігеріңді жани білу. Егер біреудің кемшілігін бетіне айта алсаң, ол – көзсіз ерлік. Бізде ақын-жазушылар бірін-бірі көп мақтайды, бірақ кемшілігін білсе де айтпайды. Кемшілікті айтса, ол саған әлдеқайда пайдалы. Өйткені, сен сол кемшілікті жібермеуге тырысасың. Маған да қателігімді айтқан адамдар болды. Біреулер түсініп айтады. Жазушы Думан Рамазан кейбір шығармаларымды түсінбегенін айтты. Жастар «Кентавр» деген шығармамды эксперимент екен деді. «Түсік» атты әңгімемнің тақырыбына Төлен Әбдіков келіспеді. Қазақ түсікті түсіп қалу деген мағынада қолданады, бірақ мен түсікті кең мағынасында қолдануға тырыстым. Сондықтан кейде оқырман әртүрлі қабылдайды. Қазір жазарман көп, ал жазушы сирек. Егер соңыңда бір том жақсы кітап қалса, ол жазушы үшін бақыт. Біздің қатардағы жігіттердің әлі де әдебиетке берері мол деп ойлаймын. Жазушының болашағын уақыт бағамдайды. Бәріне уақыт төреші. Уақыт саған қаншалықты мүмкіншілік береді, сол мүмкіншілікті орынды пайдалан.

Абаймен бірге Өскеменге қазақы рух келді


– Ағалар сипаған маңдай ыстық болады дейді. Төлеген Айбергенов «Жыласам кейде қой дейтін, аға да маған бермеген» деп өмірге күйінген-ді. Сіздің туындыларыңыздың жазылуына әсер еткен қаламгерлер болды ма?

– Әдебиеттегі аға буын өкілдерінің менің шығармашылығыма жылы лебіздерін білдіргендері баршылық. Дулат Исабеков сияқты дем бергендері де рас. Кейбір шығармаларым жазылатын кезде оған әсер еткен адамдар болды. Мәселен, Ғалым Жайлыбай. Мен «Қабірші» деген әңгіме жаздым. Қарағандыдағы Жаңаарқа ауданында ұзақ жылдар қабір қазған адам болған екен. Оны мен әңгімемде Құлан деп алдым. Қабірші шал туралы ең алғаш айтқан Бекболат Тілеухан болатын. Кейін Жазушылар одағында жұмыс істеп жүргенде Ғалым осы әңгімені айтты. Содан кейін барып, бірден айналасы бір аптаның көлемінде шағын ғана әңгімемді жазып бітірдім.

Шығармашылығыма әсер еткен тағы бір адам – Мұхтар Мағауин. Ол кезде мен ҚазПИ-де оқимын. Бізге Мұхаң бірінші курста сабақ берді. Ал Нығымет Ғабдуллин төртінші курста дәріс оқыды. Бұл кісілер мықты жазушылар ғой. Олардың көзқарасы, ұстаздық етуі өзгеше әсер етті. Олар «сен қазақ, орыс әдебиетін білесің, әлем әдебиетін оқы» деп ақыл-кеңес берді. Содан кейін әлем әдебиетіне ден қойып, құмарта оқыдым. Ал негізгі ұстазым – әдебиет. Бірінші ұстазым – қазақ әдебиеті. Екінші ұстазым – орыс, үшінші ұстазым – әлем әдебиеті. Ал ең үлкен ұстаз – өмір.

– Бір кездері бір топ жастардың шығармашылығына талдау жасап, олардың алғашқы кітаптары туралы пікір айтқаныңыз есімізде. Сынайтын жерінде сынап, мінейтін жерінде мінедіңіз. «Тура биде туған жоқ» деп түйдік бұл пікірлеріңізді. Жалпы, бүгінгі жастардың аяқ алысына берер бағаңыз және алғашқы кітапқа қандай талаптар қоясыз?

– Жалпы, жастардың шығармашылығын қадағалап жүремін. Мақсат Мәлік деген жігіттің, Қанағат Әбілқайырдың, Әлібек Байболдың, тағы басқа жас қаламгерлердің еңбектерін қарадым. Бұл жігіттерге тән кемшілік – асығыстық. Бейбіт Сарыбай деген жігіт бар. Оның да кітабын қарадым, әңгіме деп қойған, бірақ ол қара мақаланың дәрежесінде ғана. Шикі, шала піскен бауырсақтай. Бұл оқырманды емес, өзіңді қор қылу. Мысалы Қалихан Ысқақ алғашқы екі сөйлемнен-ақ кімнің қандай жазушы екенін тап басып таниды. Ал Асқар Сүлейменов тірі болатын болса, ол бір сөйлемін оқып, ұнамаса лақтырып жіберуі мүмкін. Қазір кез келген адам кітап шығарып жатыр. Ешкімге таңғалмаймыз. Әсіресе, жастарға айтарым, бірінші кітапқа аса мән беру керек. Бірінші кітап өмірлік айнаң іспетті. Бірінші кітап жақсы шықса, ары қарай оқырман оқи бастайды. Бірінші кітабың дұрыс шықпаса, ары қарай он жерден күшті кітап жазсаң да оқырман оқымайды. Әдебиет – өте кірпияз дүние. Әдебиет – аппақ қағаздың бетіне түсетін дүние. Неге әдебиетті ардың ісі дейді. Әдебиет ардың емес, арлылықтың ісі. Ендеше, Абай атамыз айтқандай, шығармашылық «ақырын жүріп анық басуды» қажет ететін киелі өнер. Киелі өнерді қор қылмау – мойынға жүктелген ұлы міндет.

– Шырайлы Шығыстың, асқаралы Алтайдың перзентісіз. Шығыс Қазақстанның бүгінгі хал-ахуалы сізді қаншалықты толғандырады?

– Шығыс өңірі – еліміздің ең көрікті әрі шұрайлы мекені. Туған жерімде орын алып жатқан өзгерістерге, қуаныштар мен жақсылықтарға үнемі құлақ түріп, тақымымды қысып отырамын. Рас, соңғы жылдар бедерінде Шығыста ауқымды істер жүзеге асты. Тәжірибелі басшы Бердібек САПАРБАЕВ облысқа әкім болып тағайындалғаннан бері Шығысқа шырай кірді десем, артық айтпаған болармын. Бекең Шығысқа келе салысымен Өскеменнің қақ төріне һәкім Абайдың ескерткішін тұрғызды. Абай арқылы Өскеменге қазақтың рухы келді. Ал енді осы тұста Шығысыма іште жүрген базынамды айтайын. Шығыс өңірінде үлкен жиындар, атаулы мерекелер жиі өтіп жатады. Соның бірде-біреуіне Асқар Алтай шақырылмайды. Неге екенін өзім де түсінбеймін… Кейде менен елдегі туыстарым бар, басқалар бар, қаламгер ағаларымыз «Асқар сен неге елге келмедің?» деп сұрайды. Алтайда тудым, Алатауда жүрсем де, Арқада жүрсем де, Алтайды жаздым. Бұл ғана емес, сонымен бірге Үстірттің даласын, Оңтүстіктің, Сарыарқаның табиғатын да мөлдірете жаздым. Соның ішінде мен үшін ең қымбат, әрине, ата қонысым, ата-бабаларымның мекені.

Қазір Катонқарағайдың Өрел деген ауылында жұмыс орны ашылып, оған Бердібек ағамыз тікелей бас болып, жәрдем көрсетіп жатыр екен. Сонымен бірге сол жерден табиғи су өндіріліп жатыр деп те естідім. Алтайдың саф ауасындай тұнық, мөлдір суындай су жоқ қой шіркін! Катонқарағайдың суының өзі шипалы дәрі секілді. Кешегі кеңес заманында тарап кеткен бұғы шаруашылығы бүгінде қайта қолға алыныпты. Әйгілі «Рахман қайнары» шипажайының төңірегіндегі қалың орман ана бір жылдары отқа оранды. Өкінішті-ақ!.. Осының бәрі бір жағынан көңілге қуаныш, бір жағынан кірбің ұялатады. Алтай шалғай болса да ой мен сезім жүйрік. Ел аман, жер жәннат болсын!

Сұхбаттасқан – Олжас Әбілұлы

Керек дерек


Асқар АЛТАЙ – жазушы, сыншы. 1963 жылы 12 ақпанда Зайсан қаласында туған. Балалық шағы Күршім, Марқакөл, Катонқарағай аудандарында өткен. Күршімнің Қалғұты, Шірікаяқ ауылдарында тұрған. Оның «Қыр мен қала хикаялары» (1998), «Алтай новелласы” (2001), “Казино” ( 2008) атты прозалық кітаптары шыққан. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының (2001), Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың (2011) лауреаты.

Осы айдарда

Back to top button