Қоғам

Қаржылай қолдауды тиімді пайдаланып отыр

Қаржылай қолдауды тиімді пайдаланып отыр


Бұл күндері шаруа қауымы еңбек етсе ғана нәтиже болатындығын жақсы түсініп, мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауларды тиімді пайдалануда. Себебі, бұл қаражаттардың тигізіп жатқан септігі зор. Жалпы, ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер, әртүрлі бағдарламалар саны жылдан-жылға артуда.

– Өткен жылы мамыр айында ауылымызда кооператив төрайымы Гүлдана Исакова ауылдық округтер арасында «Қарағаш-Асыл» кооперативін құрып, алты адамды тұрақты жұмысқа тартты. Бұл кооперативке былтырғы жылы тоғыз бас асыл тұқымды бұқа әкелініп, ауыл тұрғындарының ірі қара малдары асылдандырыла бастады, – дейді Қарағаш ауылының әкімі Талғат Сыздықаев. – Сондай-ақ, ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтардың ірі қара малдары табында тегін бағылса, биылғы сәуір айында қосымша бес бас қазақтың ақбас асыл тұқымды бұқасы құны 1,750 млн теңге қаражатқа алынып, бүгінгі күнде асыл тұқымды мал басының санын 14-ке арттырып отыр. Келешекте кооператив мүшелеріне мал бордақылауға, сүт бағытында сиыр алуға облыс бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы төмен пайызбен несие алуға қол жеткізеді. Осындай тиімді жақтарын ескерген қожалық басшылaры да қызығушылық танытып, бүгінгі күнде мал басын асылдандыру бағытында ауылдағы төрт қожалық кооперативке мүше болып кіріп отыр. Ал бұл дегеніңіз үлкен жетістік.

Биыл «Ынтымақ» бағдарламасы арқылы 50 млн. теңгенің бизнес жоспары әзірленіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ сұраныс жасалып, құжаттары Астана қаласындағы комиссия қарауына жіберілді. Жоспар мақұлданатын жағдайда ҚХР-дан құрылғы алып, мал сою пункті мен мал бордақылау алаңының құрылысы басталмақ.

Бағдарламалар мүмкіндіктерін шаруа адамдарына барынша түсіндіру, кеңестер беру сынды жүйелі жұмыстарды ауылдың әкім Т.Сыздықаев пен әкім аппараты мамандары жүргізді..

Соның нәтижесінде Қарағаш ауылы аудан бойынша қожалық иелері, кәсіпкерлер, жұмыссыз жүргендер несие алу көлемінен аудан бойынша алдыңғы қатарда.

– Ауылымызда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 2011-2015 жылдың аралығында 17 адам 61,5 млн. теңге несие алып, тойхана, монша, наубайхана ашылып, 65 бас ірі қара, 777 бас ұсақ мал сатып алынды. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша жеті жаңа МТЗ маркалы трактор алынды. Аудан әкімі Б.Байахметовтің әр ауылдық округ бойынша «Агробизнес-2020» бағдарламасы арқылы бес жобаны іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындап, өткен жылы 18 бас асыл тұқымды бұқа алынып, 819 бас аналық ірі қара мал асылдандырылып, 300 бас асыл тұқымды қойға 19,864 млн. теңгеге инвестсубсиядияға құжаттары тапсырылды, -дейді ол.

Қаржылай қолдауды тиімді пайдаланып отыр

2016 жылы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Шалқар», «Жасұлан» шаруа қожалықтары 12,1 млн. теңге несие алып, бүгінде ұсақ мал басын арттыруда. «Шаңырақ» шаруа қожалығы «КазАгроФинанс» арқылы лизингке МТЗ 892,2 маркалы трактормен бірге шөп шабатын құрылғысын қоса алды.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Жасталап» шаруа қожалығы 10 млн. теңге алып, ірі қара мал басын арттыру жолында жұмыс істеуде. Сондай-ақ, «Жасталап» шаруа қожалығының жетекшісі Дәурен Хасенов ескі МТМ ғимаратын өз қаражатына жөндетіп, ет өндіру мақсатында мал бордақылау алаңын ашып, бүгінгі күнде 100 бас ірі қара мал, 300 бас ұсақ мүйізді мал бордақыланып, нәтижелерін көрді. Төрт адам тұрақты жұмысқа тартылды. Бұл қожалық басшысы «КазАгроФинанс» арқылы лизингке МТЗ 892,2 МТЗ -80 маркалы тракторлар мен шөп шабатын құрылғы, пресс баспаққа салып жинағыш, фронталдық тиегіш (ПКУ) алды. Биылғы жылы өз қаражатына «УАЗ патриот – фермер» автокөлігін сатып алды. Лизингке алған ауылшаруашылық техникаларға, селекциялық жұмыстар жүргізуге, асыл тұқымды бұқаның субсидияларын алып отыр. Сондай-ақ, заман талабына сай мал сою алаңының құрылысын бастамақшы.

Бұл қожалық – биыл асыл тұқымдық мәртебесін алған ірі қожалық. Ауылдағы жеке кәсіпкерлер М.Мамырбекова, Д.Сайлан ірі қара малын асылдандыру мақсатында осы «Жасталап» шаруа қожалығынан 350 мың теңгеден екі бас асыл тұқымды бұқа сатып алды.

Ауылшаруашылық өндірістік кооператив (АШӨК) мүшелері ішінен 20 адам мал бордақылауға 60 млн. теңгеге «Береке» бағдарламасы арқылы шағын несие алып, қаражаттарына мал сатып алып, жұмыстарын жүргізуде. Осы жұмыс нәтижесі бойынша 16 ауыл тұрғыны ірі қара малын бордақылау мақсатында 33,400 млн. теңге несие алып, 198 бас ірі қара мал басын сатып алды. Төрт үміткер құжаттарын өткізіп, бүгінгі күнге қаражаттарын күтуде.

Сондай ақ, «Абай» шаруа қожалығы 2,5 тонна «Астана», «Заря» майлы дақылдар тұқымын 250 га жерге 3,350 млн. теңгеге сатып алып екті. Ал «Асхат» шаруа қожалығы 300 га жерге 30 тонна «Дария» бидай тұқымын (1 тоннасын – 85000 теңгеден), жиыны 2.550 теңгеге сатып алып, жерге сіңіргенін айта кеткен абзал.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бағдарламалардың қай-қайсысын алсақ та ауылды көркейту мен дамытуға арналғаны сөзсіз. Мысалы, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1.116 мың теңгеге Мәдениет үйі ғимаратының жанына саябақ салынды. Бұл саябаққа Ресейден арнайы мүсінші шақыртып, кіші архитектуралық аңдардың 10 түрлі мүсіндерін әкімшіліктің қолма-қол бақылау шотынан қосымша қаражат бөлініп, ауылдың кіреберісіне және саябақтың ішіне орнатылды. Сондай-ақ, биыл осы саябаққа 750 мың теңге қаражат жұмсалып, екі кіші архитектуралық фигуралар қосымша орнатылды. Асхат Искаковтың «Али» шаруа қожалығы меморандум арқылы осы саябаққа 10 шырша отырғызып берді. «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 6 млн. 995 мың теңгеге ауылдың орталығынан саябақ, балалар ойын алаңының құрылысы салынды. Бұдан өзге аудан әкімі Бақытжан Байахметовтің қолдауымен жергілікті бюджеттен Мәдениет үйінің іші-сыртына жөндеу жұмыстары 6 900 мың теңгеге, 2 947 мың теңгеге жылу жүйесі қатты отынға ауыстырылып, шатыры 2 млн. 792 мың теңгенің қаражатына жөнделді.

Бір сөзбен айтқанда, ауылда ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар атқарылып келеді. Мұның өзі тұрғындардың береке-бірлігінің жемісі деуге болады.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button