Қоғам

Қарияларда ән мен күйге бөледі

Қарияларда ән мен күйге бөледі


Өскемендегі «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық айлығы аясында мерекелік концерт өтті. Онда Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттері ән мен күйден шашу шашып, зейнеткерлердің алғысына бөленіп қайтты.

Концерт шымылдығы Әйгерім Орынбаева, Сағдат Әлтаев, Нұргүл Базылдың орындауларындағы қазақ күйлерімен ашылды. Бұдан соң Әсел Сәндібаева «Аяулы ана» әнін шырқап, көрермен қауымның қошеметіне бөленді. Концертте «Жан ана», «Әке туралы жыр» сынды туындыларды орындаған Еламан Мұратқажы сияқты өнерпаздар зейнеткерлердің көзіне жас ұялатып, ерекше бір сағыныш сезімін оятты. Сахнада шырқалған «Асыл әже», «Қазақ осы» сияқты әндер жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Ал Азамат Сайлаубайдың орындауындағы әндер кім-кімді де бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Концертті ұйымдастырушылардың бірі, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың 3-курс студенті Айдос Әділбековтің айтуынша, олар қайырымдылық шараларына үнемі атсалысып тұрады.

– Біздің жоғары оқу орнында «Нұрлы жүректер» атты еріктілерден құралған ұйым бар. Елуге жуық белсенді студенттен жасақталған бұл ұйымның басты мақсаты – қоғамдық шараларға қатысып, әртүрлі акцияларға үн қату, – дейді Айдос Әділбеков.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button