Қоғам

Апатпен арпалысқан тарландар

Апатпен арпалысқан тарландар


Қара жердің қойнына кебінсіз аттанып, қазына арқалап қайтатын кенші дейтін халық бар. Сол халықтың сыйынары құдай болса, сенетіні – құтқарушылар.

Озық технологиялар салтанат құрып, адамның жұмысы жеңілдеген жиырма бірінші ғасырда да кеншінің өмірі қыл үстінен түсе қойған жоқ. Қарағандының көмір шахталары мен Кенді Алтайдың кеніштерінде оқтын-оқтын бұрқ ете қалатын оқыс оқиғалар – соның дәлелі. Жер қойнауын игеру толықтай жекеменшікке өткелі бұл мәселе өткірлене түсті. Өйткені, компанияларға қауіпсіздік шаралары үшін миллиардтап қаржы бөлгеннен миллиондап айыппұл төлеп құтылу әлдеқайда тиімді. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңы қауіпсіздік заңынан үстем тұр. Игерілген шахтаның бітелмей үңірейіп қалуы, еңбек қауіпсіздігінің құжат жүзінде ғана сақталуы қалыпты жағдайға айналғаны да сондықтан. Мұндай үрдіс бірінші кезекте кен құтқарушыларының жұмысын қиындатады.

-Бұрын кез келген шахтадан қауіпсіздік ережесіне томпақ дүние көрсек, сол орынды мөрлеп, жұмыс істеуге тыйым салып кететінбіз. Кемшілік жойылып, оған біздің көзіміз жеткен соң ғана қазба жұмыстарына рұқсат етілетін. Қазір ондай құзырет жоқ. Осының кесірінен оқыс оқиғалар да көп тіркеледі, – дейді Белоусовка жедел взводының командирі Сергей Сортаков.

Дәрігер де өзі, өрт сөндіруші де өзі

Бүгінгінің кен құтқарушыларын Голливуд киноларындағы «әмбебап әскерге» теңеуге болады. Жаңадан аршылған жиекке бірінші болып бас сұғатын да осылар. Мұнда олар ауаның сынамаларын алып, қажет болса, «экспресс-талдама» жасайды. Біздегі шахталардан металл алынатындықтан, көмір шахталарындағыдай метан кездесе бермейді. Есесіне күкірт газы шығуы мүмкін. Арнайы құрылғылар көмегімен кеніштің ауасы бес түрлі газға тексеріледі.

-Біз кеніштен алынған ауа сынамаларынан бөлек, кеншілер мен құтқарушылар тұтынатын медициналық оттегін де тексереміз. Баллондағы оттегінің үлесі 99,5 пайыздан төмен болмау керек, – дейді Елена Литтих.

Төтенше жағдай кезінде жер астына жедел жәрдем өкілдері де, өрт сөндіруші де жіберілмейді екен.

-Ол жұмыстың бәрін кен құтқарушылары істейді. Сондықтан әрбір құтқарушының мейірбике деңгейінде медициналық білігі болуы қажет. Уланған адамды таза ауаға жалғау, жарақат пен сынықты таңу сияқты алғашқы медициналық көмектің бәрі соның мойнында, – дейді Сергей Сортаков.

Жер астындағы апатты жою өте күрделі шаруа. Шақырымға дейін созылатын дәліздер бір түйір мақтаның түтінін кеніштің бір басынан екінші басына қас пен көздің арасында таратып үлгеретін көрінеді. Сондықтан өрт бола қалған жағдайда ең бірінші апатты аумақ оқшауланады. Ол үшін құтқарушылар бөрене тіреулер мен тақтай, тұмшалағыш маталар ала түседі. Осы арқылы олар улы түтіннің өзге аумаққа таралуын болдырмайды. Екінші кезекте зардап шегушілер құтқарылады. Ең соңында құтқарушылар қызыл жалынмен арпалысқа түседі. Әр шахтада құбыр толы су қоры болады. Құтқарушылар «әмбебап бұрғымен» әлгі құбырдың кез келген жерінен тесіп, өрт сөндіргіш шлангаға жалғайды. Апат ауыздықталған соң кеніштегі ауаның құрамы қайта тексеріліп, содан кейін ғана жұмыс жалғасады.

Ал кеніштің төбесі опырылған жағдайда бірнеше тонналық үйіндіден адам денесін аршу, бұрыш-бұрышқа жан сауғалап кеткен кеншілерді іздеу, оларға бітелген дәлізден жол қазу, жараланғандарын зембілмен тасу үлкен қажыр мен қайратты талап етеді.

Үздіктер ұстаханасы

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігіне бағынып келген тау-кен құтқару қызметі қазір Инвестициялар және даму министрлігіне қарайды. Ел аумағындағы кен орындарының бәріне «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» атты республикалық кәсіпорын қызмет көрсетіп отыр. Бұл мекеменің Шығыс Қазақстаннан басқа тағы 12 облыста филиалдары бар. Ержан Нұрбатчанов басқарып отырған Шығыс өңірлік филиалының өзі үш отрядқа бағынатын тоғыз взводтан тұрады. Алтай, Белоусовка, Ақтоғай, Орлов, Бақыршық, Малеев, Тишин, Артемьев, Суздаль кеніштерінде және Риддер қаласында осы тоғыз взвод жер астындағы қауіпсіздікті күзетіп жүр. Осы возводтардың барлығы Белоусовкадағы базадан білімін жетілдіріп, құралдарын жөндетіп тұрады. Бір сөзбен айтқанда, бұл база – өңірдегі тау-кен құтқарушыларының ұстаханасы. Жыл сайын өтетін республикалық жарыста дәл осы взводтың жасағы үздік үштіктен түспей келеді.

Белоусовка жедел взводында өмірінің 39 жылын құтқарушылыққа арнаған жандар бар екен. Шалт қимыл мен мінсіз денсаулықты, тастай төзім мен шымырлықты талап ететін кәсіпте алпысқа қарай аяқ басқан адамның жүргені бізге қисынсыз көрінді. Сөйтсек, бұған қолданыстағы заң кінәлі екен. Кезінде аталмыш кәсіп иелері әскерилер сияқты 45 жастан зейнетке шығыпты. Қазір өзгелермен теңестірілген. Қарт құтқарушы бұл күндері жер астындағы жұмыстардан босатылып, ауа баллондарын жөндеу бөлімшесіне ауысқан.

-Бұл кәсіп маған әкемнен қалған. Әскерден келе салып, құтқарушы болып орналастым. Неше адамды құтқарғаным есімде жоқ. Мәйіт арқалап шыққан кездерім де көп болды. Кейбір аман алып қалған адамдар әлі күнге дейін көрген сайын алғыс айтады, – дейді Владимир Кунашкин.

Апатпен арпалысқан тарландар

Құтқарушының кітапшасынан

«2003 жылы бір кеншіні көлемі үйдей тас басып қалды. Бір жағында кен қазғыш машинасы жапырайып жатыр. Өзін әупіріммен қазып алдық. Бас сүйегі жаншылып, миы шашырап кетіпті. Сол кезде маған адам миынан исі жағымсыз дүние жоқ болып көрінді. Ал 1980 жылы 30 тонна кесектің астында қалған адамды аман алып шықтық. 2-3 күн ауруханада жатып көз жұмды. Аяққа түскен ауырсынудан бүйректері жұмысын тоқтатса керек. Марқұм жақсы танысым болатын. Аяғын дереу кесіп тастаса, аман қалар ма еді деп ойлай берем.

Осыдан алты жыл бұрын Глубокое ауданының Черновка дейтін елді мекенінде жолсызбен жүйткіп келе жатқан «УАЗ» көлігі шахтаға түсіп кетті. Орнында футбол алаңындай ойық пайда болған. Біз барғанда, көлік 50 метр тереңдікке барып тіреліпті. Үш адамның бірі ішінен қан кетіп, жан тапсырды. Қалған екі адамды арқанмен аман алып шықтық. Соның бәріне 40 минуттай уақыт кетті. Күн жаңа көтеріліп келе жатқандықтан, топырақ қызған сайын қыртыс егіле берді. Мен де жердің бетіне шықтым, көлік те шахтаның түбіне сүңгіді». Бұл Владимир Кунашкиннің естелігі.

Қазір осы Белоусовка взводын басқарып отырған Сергей Сортаков та кезінде В.Кунашкиннің қол астында жұмыс істеген екен.

«Менің бөлімше командирі болғаныма көп өтпеген. Ұстазым В.Кунашкин өз бөлімшесін ертіп шықты. Біздің міндет 510 метр тереңдіктегі №8 жиекте тұтанған өрттен қашып, төменге түсіп кеткен кеншілерді тауып құтқару болатын. Біз оларды құтқарғанша Владимир Ахметзариповичтің бөлімшесі апатты аймақты оқшаулап үлгеріпті. Қызыл жалынмен алысып жатқанбыз. Біреу иығыма ине піскілеп жатқандай болды. Сөйтсем, төбеміздегі тау жыныстары балқып, үстімізге тама бастапты. Сол өртті үш күн бойы өшірдік. Осыдан кейін менің бөлімшемдегі жігіттер түгел тарап кетті. Өзім де көпке дейін ес жия алмай жүрдім». Бұл взвод командирі Сергей Сортаковтың естелігі.

Ес жию демекші, кезекті құтқару жұмыстарынан кейін бүкіл бөлімше психологиялық сауықтырудан өтеді. Ол үшін әр взводта психолог пен арнайы релаксациялық кабинет қарастырылған.

Құралсыз құтқарушы – қанатсыз құспен тең

Бір қуантарлығы, соңғы жылдары құтқарушыларды қажет құралдармен жабдықтауға жақсы көңіл бөліне бастаған. Тіпті, уланудан қорғайтын тұмылдырық та жетілдіріліпті.

-Тұмылдырық оттегі баллонына жалғанады. Ондағы ауа екі сағатқа жарамды. Химиялық қоспалармен байытылған әк ұнтағы іштен шыққан көмірқышқыл газын қайта оттегіне айналдырады. Өрт кезінде жұтатын ауаны мұзбен салқындатамыз. Ол үшін жылу өткізбейтін мұз қапшық бар, – дейді С.Сортаков.
Взвод командирі бізді барлық құрал-саймандармен таныстырып шықты. Взвод бірнеше бөлімшеден тұрса, әр бөлімшеде кемінде бес адам болады екен.
-Әр бөлімшеге апаттық құтқару көлігі беріледі. Бұл «ГАЗ-66» көлігінің жетілген түрі деуге болады. Толық жетекті, жол талғамайтын, дизельді техника. Ал апат бірнеше күнге созылса, шахтаның ішінде арнайы қос тігеміз. Оның ішіндегі таза ауа сол қалпында сақталады. 5-6 адамға бір қос жетіп жатыр. Баллондағы оттегі жарамсыз болған құтқарушы осы қосқа келіп, ауаны жаңалап, қайта жұмысқа кіріседі, – дейді взвод жетекшісі.

Қаптаған құралдардың ішінде көзімізге металл кесетін «пневматикалық қайшы» мен 60 тоннаға дейінгі кесекті көтере беретін «пневматикалық домкрат» таңсық көрінді. Жұдырықтай болып бүктелетін дорбаның үрленген ауа қысымымен 60 батпан жүкті қозғай алатынына көңіл сенсе де, көздің сенгісі келмейді.

Ерліктері – ел есінде

Құтқарушылардың бос уақыты теория мен жаттығуға кетеді. Сол жаттығудың ең ауыры 38 градустық моншада арнайы киіммен 16 келі болатын темірді үш рет бес минут бойы үздікіз көтеру екен. Жаңа келген жігіттің жарамдылығы осы сынақта-ақ бірден белгілі болатын көрінеді.

Үздіксіз жаттығу да, әмбебап жабдықтар да тағдыр жазса, ажалға араша түсе алмайтынын құтқарушылар жақсы біледі. Былтыр Жезкент маңындағы Орлов кенішінде өзгелердің салғырттығынан аса қайғылы апат болды. С.Аухадиев пен Т.Асылбеков өрттен бой тасалаған кеншіні тауып, сыртқа беттеген кезде, кенет ауа баптағыштың алып қапалағы қосылады. Шахтадағы 50 градус ауа қапалақтың әсерінен 150 градустық ыстық ағынға айналып, кеншімен бірге екі құтқарушы да тірідей қақталған.

-Егер тозақ деген бар болса, марқұмдар соны тірідей көрді, – дейді Владимир Кунашкин.

Биыл сол боздақтарға арнап Жезкентте ескерткіш тақтасы орнатылды. Статистика бойынша әрбір мың тонна көмір үшін бір кенші өмірін қияды екен. Тау-кен құтқарушылары болмағанда, бұл статистика әлдеқайда қанды болар еді. 19 қазан – Тау-кен құтқарушылар күні. Төл мерекелеріңізбен, бейбіт күннің батырлары!

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button