«Дидардың» қонағы

Қапаш ҚҰЛЫШЕВА: – Менің атам Құлыш өз заманында Үкілі Ыбыраймен бірге жүріпті

Күн өткен сайын сәнімен де, әнімен де өркендеп келе жатқан Өскеменде дәстүрлі орындаушылардың Әміре Қашаубаев атындағы ІХ республикалық байқауына қонақ ретінде шақырылған күміс көмей, жез таңдай әншілердің арасында белгілі әнші Қапаш Құлышева да болған еді. Осы дулы шара кезінде біз әншімен сұхбаттасқан болатынбыз.

Қапаш ҚҰЛЫШЕВА: – Менің атам Құлыш өз заманында Үкілі Ыбыраймен бірге жүріпті

Ғарифолланың үміт күткен
шәкіртінің бірі


– Әңгімемізді қазақтың дәстүрлі һәм заманауи әндерін бір белеске шығарған Қапаш-әншінің қазіргі күні не тірлікпен айналысып жүргенінен бастасақ деп едім.

– Тәуба, тірлік жаман емес. Табаны күректей 45 жыл бойы ән салсам, бүгінде ұстаздықпен айналысып жүрмін. Шынымды айтсам, мен ұстаздық жұмысқа өте кеш келдім, бар-жоғы жеті жылдың ғана жүзі болды. Бес жыл өзім бітірген Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде Ғарекеңнің (Ғарифолла Құрманғалиевтің) класынан сабақ берсем, қазір арнайы шақырумен Астанадағы өнер университетінде бір ұл, сегіз қызға сабақ беріп келемін.

– Қазақ өнерінің корифейі – Ғарифолланың тәрбиесі немен сабақтасушы еді?

– Менің бір бақытым – сол кісінің тәрбиесін көруім. Ол тек ұстаз ғана емес, керемет ақылшы болатын. Өзім ата-анамнан, алтын бесік – ауылымнан ерте кеттім де, 16 жасымда сол кісіге барғаннан ол менің туған әкемдей болып кетті. Оның әнге қатысты айтатын кеңестерін, ерекше қасиетін, шеберлігін, одан қала берді адами болмысын там-тұмдап болса да санама көп сіңірдім. Тегі Қапаш болып жүргенімнің өзі ең әуелі сол қасиетті Қарекемнің арқасы дегім келеді.

– Шыны керек, өз басым сізді халық әртісі ғой деп жүретінмін…

– Өнер адамы халық әртісі болса да, еңбек сіңірген болса да, елдің қызметшісі ғой. Дегенмен, мен халық әртісі деген атаққа сегіз рет ұсынылып, сегіз рет сызылып қалған адаммын. Гиографиям келмеді ме, мінезім келмеді ме, ашығын айтсам, өзім де түсінбеймін. Сірә, соңғысы, тура айтатыным етегімнен тартты-ау деймін. Тура айтқан кімге жағады? (төгілте күліп алды).

– Яғни, турашыл болдыңыз ғой?..

– Алдымен сол шығар. Мен туралы «ол Көкшенің Оқжетпесіндей кербез, еш жанды менсінбейді» дейтіндердің сөзінің салқыны да тисе керек. Бірақ, мен ондай емеспін. Халыққа өнеріңді ұсынып жүріп, одан биікпін деу кемақылдық болар еді. Әдемі, сұлу жерде өскеніме еш кінәм жоқ шығар. Көкшетаудың арғы жағында Дөңгілағаш деген кішкентай ғана ауылда туғанмын. Ол менің бала кезімде 40 үй болатын, әлі күнге дейін сол 40 үй, бұзылмай, сол ұйыған қалпында, ақ қайыңның ортасында тып-тыныш тірлік кешіп жатыр. Көп ретте шаршап, қажыған кезде сол ауылымдағы екі інімнің, әкемнің қарындастары мен інілерінің балаларының үйіне барып, аунап-қунап қайтатын кездерім көп.

– Жалпы отбасыңызда неше бала тәрбиелендіңіздер?

– Мен көпбалалы үйден шыққанмын. Өз анам менің үш жарым жасымда, бар-жоғы 23 жасында екінші баланың үстінде дүние салған. Ал кейінгі он бір бала екінші анамыздан. Жалпы, тәуба, өскен жерденмін, алты ұл, алты қызбыз.

Анам ерен әнші болған екен


– Сізге әншілік қай жақтан дарыған?

– Меніңше, нағашы жұртымнан да, әкем жағынан да дарыған болса керек. Әсіресе, өмірден жас кеткен анам ерен әнші болыпты. Ал атам Құлыш өз заманында Үкілі Ыбыраймен бірге жүрген, керім келісті адам болған. Ол мен ес білгеннен тізесіне алып, домбырамен қисса-термелер айтып отыратын.

Әкем туралы да бірер ауыз сөз айта кетсем қайтеді? Бірде жұмыстан жүгіріп келе жатсам, алдымнан жанында бір жолдасы бар Ақселеу аға жолыға кетті. «Қапаш-ау, екі өкпеңді қолыңа алып, неге жүгіріп келесің?» деген оған: «Аға, елден әке-шешем келіп еді, солар тосып қалды ғой деп ұшып келемін» дедім шынымды айтып. «Олай болса, кіріп сәлем берейік» деп олар менімен ере кетті. Содан дастарқан үстінде әкеммен әңгімелесіп, небір әңгіменің басын қайырған Ақселеу аға: «аға қанша біліміңіз бар? деп сұрады. Әкем болса: «е-е, балам, соғыс деген сұмпайы бізге білім алдырды ма, жеті-ақ кләс білімім бар» дегені ғой. Оның кләс дегеніне ішек-сілесі қата күлген Ақселеу ағаның: «Сіз осындай біліммен-ақ бұлайша сөз саптап отырсыз, егер әки одан білімді болсаңыз, біз далада қалатын едік қой!..» деп бізді де бір күлкіге көмгені бар.

– Сіздің есіміңіз нәзік жандыларға емес, ер кісіге лайық ат екені неліктен? Соны білгіміз келіп отырғаны.

– Неге дейсіз ғой? Анам мені жарық дүниеге әкелерде қатты қиналып, екі күндей толғатыпты. Дәл сол кезде ауылымыздағы бір жүзден асқан, абыройлы атамыз қатты қысылып жатса керек. Әжем сонда екен, содан өз келіні мынадай болып жатқасын ол жүгіріп үйге келген бетте мен дүниеге келіппін. Үлкен апалардың айтуына қарағанда, мен қызыл шақа болмай, әппақ, әдемі болып туыппын. Мұны көрген бір үлкен әжеміз: «мына қыз сұлу болып туды ғой, тіл-көзден аман жүрсін, ерекше ат қояйық» деп, Қапаш деп атаған көрінеді. Сөйтсе, дәл сол уақытта Көкшенің сұлу таңы ерекше шапағын шашып, атып келе жатқан екен. Сол шапақты керісінше келтіріп, «дәл осындай шапақ-шуағын шашып жүрсін» деп Қапаш депті. Ал екінші жағынан анам екіқабат болып жүргенде «ұл бала болса екен» деп, тізгін ұстар күткен ғой. Жалпы, олардың осынысы дұрыс болған-ау деймін. Өйткені, маған Айгүл, Роза сияқты аттар жараспайтын еді. Мінезім де соған орай, ұлдардікі сияқты болып, тым тік өстім.

– Осыдан туындайды ғой, Сіздіңше бақыт деген не? Өзіңізді бақыттымын деп ойлайсыз ба?

– Бақыт – тірі жүргенің, ана, жар болғаның, біреуге сүйеу болғаның, халықтың саған деген сүйіспеншілігі. Әсіресе, екі қызымды біресе балабақшаға, біресе мектепке сүйреп, өсірген жарым, қазақтың тұңғыш саксафоншысы Еркін Сілетдиновтың жанымды түсініп, үлкен өнер жолынан қалдырмағаны мен үшін бақыттың ең үлкені. Жалпы менің сахнадан түспей жүргенім осы Еркіннің арқасы. Ол екінші қызыма аяғым ауыр болған кезде: «Қапаш, сен елге керексің ғой» деп балалардың бар бейнетін өз мойнына алған еді. Тегінде, көп өнерлі қыздар осындай жанын ұққан азамат кездеспей, олардың кім көрінгеннен қызғануы себепті жарты жолда қалып қойды емес пе? Сол азаматымның арқасында тәуба, өнерімді өксіткен емеспін.

Менің сүйеушім бір Алла ғана


– Сізде сүйеушілер көп болды ма?

– Шынымды айтайыншы, мен туралы «оның крышасы бар» деушілер аз болған жоқ, тіпті, «ғашығы көмектеседі» дегендер де кездесті. Ондайларға мен де қасарысып: «иә, крышам бар» дейтінмін. Бірақ, олар крышамның кім екенін білмей-ақ кетті ғой. Өйткені, менің жалғыз демеушім – бір Алла тағала. Сол Алла тағаламның көмегімен ана да, жар да болып, міне, 45 жыл сахнадан да түспей келемін.

– Ел Қапаш Құлышева әнші екенін жақсы біледі. Ал Қапаш Құлышева қандай хозяйка екен, жалпы үй ұстауға қалайсыз?

– Мен үйде сирек боламын. Әсіресе, «Гүлдер» ансамблімен жүрген кезде үнемі гастроль, он екі айдың он айында сапардасың. Кейде бір шетелдегі гастрольден келемін-дағы, сөмкемдегі киімімді сол күйінде қалдырып, басқасын алып, ертеңінде қайта жол жүріп кететін кездерім жиі болатын-ды. Сондайда балаларыңа да, жолдасыңа да қарай алмайсың, тәуба-тәуба, менің балаларымды жарым, сіңлі, інілерім бар, одан кейін көршілерім бар, солар өсірді. Қазір «Тетя Валя, посмотрите пожалуйста» деп, омыраудағы баламды тастап кете беретін кездерімді ойласам, күлкім келеді. Баяғыда әжем: «құлыным, сенің жүрген жеріңнің бәрі үй болады» дейтін. Сол айтқандай, шүкір, ылғи көршілерім жақсы болып кездесті. Егер шетелге барсам алдымен үйіме ештеңе алмай, баламды қараған көршілеріме, іні-сіңлілеріме, әрине, балаларыма бірдеңелер алып, ең соңында ақшам қалып жатса, өзіме бір нәрсе алып келетінмін-ді ылғи. Одан кейін сол шетелдерден неше түрлі тағамдарды үйреніп келіп, үйге келген бойда солардан тамақ істейтінмін.

– Жалпы қанша елде гастрольдік сапарда болдыңыз?

– Азды-көпті 48 мемлекетте болыппын. Оның ішінде екі реттен болған мемлекеттер де бар. Ондай сапарлар еліміз егемендік алғаннан кейін сиреді ғой. Әсіресе, ресейлік Игорь Моисеевтің 80 адамдық би ансамблімен өзге елдерді аралағаным кереметтей болушы еді. Қазір Астанадағы Айман Мұсаходжаеваның өнер университетінде дәстүрлі ән бөлімінде, анықтап айтсам, батыс мектебінде сабақ беремін. Қайрат Байбосынов болса, Арқа мектебін ұстап отыр. Біз Қайрат екеуіміз «Гүлдерде» 20 жыл бойы иық тірестіріп, жұмыс істедік. Ол менің өмірдегі, өнердегі ерекше досым. Қайрат мені «подружка» дейді. Осы Астанаға, қасына шақырған да осы Қайрат. Қазір сол Елордадан берген үйде тұрып, қызмет жасап жатырмын. Үлкен қызым Әлия Алматыда, ал Динам менен бұрын Астанаға жетіп алған, қазір қасымда.

Рахымжан Қошқарбаев туған ағамдай қамқор болды


– Сіздің Қазақ радиосына берген бір сұхбатыңыздан Рахымжан Қошқарбаев деген ағам бар дегеніңізді естіп қалып едік…

– Рахымжан аға менің рухани да, адами да, бір әке, бір шешеден тумасақтағы шынымен ағам болған еді. Ол кісі Ақмола өңірінің азаматы ғой. Біз 1968 жылы, «Гүлдер» құрылмай тұрғанда Гүлжаһан Ғалиева апамыз «үлкен ақсақалдардың батасын алайық» деп, арнайы костюмдер тіккізіп, Жазушылар одағында концерт бердік. Онда жиналғандардың алдында Асқар Тоқмағамбетов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов таяқтарына сүйеніп отыр екен. Мен ол кезде студияның бірінші курсында оқып жүргенмін. Бірінші болып ансамбльдің алты биші қызы шығып, «Домбыра» биін биледі. Мен солардан кейін басымды иіп, ортаға шығамын. Екінші әнімді бітіргелі тұрғанда бір ащы дауыс шықты.

Сөйтсем, еңгезердей бір кісі қатарлардың ортасындағы жолмен: «ойбай-ай, ойбай, біздің тұсымызда мұндай қыздар болмады ғой, ойбай! деп келе жатыр. Дәл осы кезде шығармасын оқып, түрін жақсы білетін Ғабит Мүсірепов бүкіл денесімен бұрылып: «Әй, Мұқағали, қойсайшы, біз де отырмыз ғой» дегені. Содан концерт бітіп, киімімізді ауыстырып жатқанда бір қыз жүгіріп келіп: «Қапаш, сені бір адамдар күтіп тұр» деген соң шықтым. Қарасам, бағанағы зор кісі. Ол төбемнен төне түсіп: «Сен сахнаға жаралған қыз екенсің, көзіңнің оты бар екен, әкелші!» деп еңкейіп, маңдайымнан иіскеді, сүйген жоқ. Сөйтті де: «мынау Рахымжан Қошқарбаев деген ағаң» деп жанында тұрған тапалдау бойлы кісіні таныстырды. Ол кісі төбеден түскендей етіп: «мен саған аға боламын, қайда жүрсең де осындай ағам бар деп жүр» дегені. Шынымен де ол өле-өлгенше маған ғана емес, менің жанұям мен бауырларыма дейін қамқор болып өтті. Ол тіпті, Еркін екеуміздің тойымызды өзі директор болған «Алматы» мейманханасының банкет залында жасап берген болатын.

– Сіз бір рет болсын киноға түстіңіз бе?

– Жоқ, ол жаққа барған емеспін.

– Репертуарыңызда қанша әніңіз бар?

– 120-дай болса керек. Ән көп, бірақ мен солардан жаныма жақын, дауысыма, тіпті, мінезіме сай келетін әндерді ғана таңдаймын.

– Өнер адамы ретінде өткен мен қазіргі қоғамның несі жақсы, несі жаман деп ойлайсыз?

– Тегі, қоғамның өзін адам жасайды ғой. Салыстырмалы түрде қазіргі кезең ерекше сияқты болып көрінеді.

– Әдемі өрілген әңгімеңізге рахмет! Жарық күннің тек жақсылығын көріңіз!

Сұхбаттасқан – Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button