Білім

Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада мәреге жетті

Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада мәреге жетті

Көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған әйгілі ұстаз Қанипа Бітібаеваның атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен республикалық олимпиада мәресіне жетті. Нәтижесінде алты бірдей жерлесіміз Білім және ғылым министрлігінің І және ІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қолдауымен, өткен бұл олимпиада 21 сәуір күні басталған-ды. Ардақты ұстаздың атындағы абыройлы жүлдеге қол жеткізу үшін еліміздің барлық қалалары мен облыстарынан іріктелген 140 оқушы жиналды. Солардың 16-сы үшінші дәрежелі дипломды, тағы 16-сы екінші дәрежелі дипломды қанжығаларына байлады. Жүлдегерлердің арасында өскемендік Қанат Асқадұлы мен Ғафура Толымханова, риддерлік Айман Ерсетова, күршімдік Махаббат Заданова, тарбағатайлық Жаннұр Бексолтанова да бар. Ал Аягөз қалалық мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Еркежан Ілиясова Астана, Ақтөбе, Ақтау және Павлодар қалаларынан келген үздік олимпиадашылармен бірге білім бәйгесінің ең биік тұғырынан көрінді.
– Жазбаша да, ауызша да тапсырмаларды қиналмай орындадым. Өйткені, бұл олимпиадаға бірнеше апта бойы дайындалған болатынмын. Қатысушылардың көп болғаны соншалық, үздіктер қатарынан көрінемін деп ойламадым да, – дейді жеңімпаз.
Олимпиадаға алыстан ат терлетіп жеткен қатысушылар Өскеменнен тек білімдерін бекітіп, жігерлерін жанып қана қоймай, рухани мол азық алып қайтты.
– Біз өңірдің тарихи-өлкетану мұражайында, этнографиялық мұражайда және саябақтарда болдық. Облыстарыңызда мақтануға тұрарлық дүниелер өте көп екен. Дегенмен, бұл өңірдің басты байлығы – зияткер жастар деуге болады. Солардың бір қатарымен осы олимпиада барысында таныстық, – дейді алматылық үміткер Нұрсұлтан Абай. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының өкілі Зәуре Аманова олимпиаданың ұйымдастырылуын жоғары бағалап, келесі жылы жалғасын табатынын айтты.
– 2016 жылы бұл олимпиадаға қатысушылардың саны арта түседі деп сенеміз, – деді ол.
Бір айта кетерлігі, бұл олимпиада бұдан бұрынғы жылдарда да өтіп келгенімен, биыл бірінші рет Білім және ғылым министрлігінен қолдау тауып отыр. Жүлдегерлер арасындағы 11-сынып оқушылары арнайы грантқа ие болады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button