Қоғам

Қанат Исламға бата берген үржарлық ана

Қанат Исламға бата берген үржарлық ана


Ананың перзентіне берген батасы қашанда дарып, айтқан ақ тілегі орындалады ғой. Үржар ауданының Көкөзек ауылында тұратын белгілі айтыскер ақын Егеухан Мұхамедиқызы анамызды білмейтін жан сирек. Он баланың анасы, әлденеше немеренің әжесі болып отырған ол кісінің аузы дуалы десек, қателеспейміз.

Өлең өлкесіне ат шалдырған апамыздың жалындап шығар жастардың да қамқоршысы екенін біреу біледі, біреу білмейді. Бүгінде «Алтын алқа» иегері, Қазақстан, Монғолия Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Егеухан Мұхамедиқызы алғаш рет қазаққа 1989 жылы өткен халықаралық айтыста танылған. Сол жолы екі айтыскер ақтық айтыста бақ сынаған еді. Қарагер домбырасын қағып-қағып жіберген Қатимолла Бердіғалиев:

«…Айта алмай қалып барам сол бір әнді,
Баяғы Қасым айтқан мол мұрамды.
Жеңеше, қайныңнан белгі болсын,
Мен сізге сыйлап кетем домбырамды»,-деп қолындағы домбырасын бір сүйіп, Егеухан ақынға ұсынған еді. Домбыраны қолына алған Егеухан Мұхамедиқызы:

«Білуші ем тойдың арты жыр боларын,
Мәңгілік шертілетін сыр боларын.
Қарағым, рахмет қайныма
Халқыма өнер сүйген құл болайын»,-деп жауап қайтқан. Қос ақынның бұл әрекеті дүйім жұрттың көзіне жас алғызған еді…
-Бірде Алматыдағы үлкен бокс кешінде белгілі боксшы Қанат Ислам: «Батыр аға, халіңіз қалай!» деп келіп, құшақ жайды. Амандық-саулықтан соң үйге келіп дәм татты. Сол жолы анам Егеухан Қанат Исламға «Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қызыр болсын!» деп ақ батасын берген еді, – дейді \”Дарын\” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы.
Сол жолы Дәулеткерей ақын да Қанат бауырына жыр жолдарын арнаған еді:

«Жортқанда жолың болсын, батыр Қанат,
Қылығыңды көрмедік жатырға жат.
Батыр Оспан бабаңның атағыңдай,
Сүйіншілеп айтса екен атыңды алап!
Бүлкілін бөлек басқан бөрі арланы,
Бұл күнде бола білдің ел ардағы.
Бармағы шайнауда өткен боздақтардың
Атажұртта жалғанған сен – арманы!

Жолымен боздақтардың өрістеп көр,
Олжаңды қан майданда бөліс, бөктер.
Бабалардың нақ кегін есіңе алсаң,
Қаралардың тұмсығын тегістеп бер!»

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button