Денсаулық сақтау

Анасы темекі тартса, баласы қасірет шегеді

Анасы темекі тартса, баласы қасірет шегеді


Кейінгі кездерде елімізде шылым шегетін жүкті әйелдер қатары көбейді. Бұл мәселеге қатысты облыста нақты статистикалық мәліметтер жүргізілмейді екен. Алайда бұл «проблема жоқ» деген сөз емес. Біз қоғамның бүгінгі таңдағы осы өзекті проблемасы жайында облыстық наркологиялық қызметтің негізін қалаушылардың бірі, ардагер психиатр-нарколог дәрігер, аталмыш тақырыпқа жазылған көптеген ғылыми мақалалардың, сондай-ақ, «Безумный мир подростков» кітабының авторы Еркен Берлыбековпен әңгімелескен едік.

Жатырда уланған сәбилер

-Психиатр-нарколог болып жұмыс істеген кездерімде менің қабылдауыма келген қыз-келіншектер негізінен есірткіге тәуелді болатын. Қарап отырсам, 1994 жылға дейін олардың арасында шылым шегетін жүкті әйелдер кездеспепті. Болашақ ананың темекі тартуы- нашақор болудан өткен қасірет. Өйткені әйел тек өзінің өмірін ғана құртып қоймай, сәбиінің болашағына да балта шабатынын түсінбейді, – дейді ардагер психиатр-нарколог.

Еркен Берлыбеков перзентханаларда сол жылдары жүкті әйелдерге кеңес беріп жүргенде, олардың ішінде темекімен әуестенетіндердің күннен-күнге көбейіп келе жатқанын байқапты. Жедел жәрдем ауруханасы мен перинаталды орталықтың босанатын әйелдер жататын бөлімшелерінде болып, әріптестерімен әңгімелескенде, акушер-дәрігерлер де осындай келеңсіздіктің барын растаған. Тәжірибелі нарколог босану кезінде шылым шегетін аяғы ауыр әйелдердің арасында өлім-жітім фактілері олардың дені сау құрбыларына қарағанда 30-80 пайызға жиі кездесетінін айтады. Ең өкініштісі, бұл – 45-54 жас аралығындағылар. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы жатырда никотинмен уланған шараналарда тұншығу екі есе жиі болатынын анықтаған. Темекіге тәуелді әйелдерде шарананың өлі тууы 30% -ға, түсік тастау 41% -ға артық. Олардың сәбилерінің өлімі де үш есе жиі ұшырасады. Мұны дәрігерлер баланың «жолдасындағы» (плацент) қан айналымының нашарлауынан болады деп түсіндіреді. Бұл құбылысты акушерлер өзара «темекіден болатын өлім» деседі. «Егер анасы шылым шекпесе, шетінеп кеткен әрбір бесінші сәби тірі қалар еді» деген пікір айтыпты олар.

Жүктілік кезінде шылым шегудің баланың денсаулығына тигізер зияны әлі толық зерттеліп болмаған. Соның өзінде ғалымдар әйел темекі тартқан кезде никотин әлі толық қалыптаспаған шарананың жүрегі мен миына он-ақ секундтың ішінде жетіп, зақымдайтынын дәлелдеген. Минут сайын баланың ағзасына 18% никотин түсіп, тек оның 10% ғана кері шығады. Осылайша, біртіндеп жиналған никотиннің мөлшері оның анасының қанындағы деңгейден де асып кетеді. Бір ғана сигарет баланың жүрек қағысын әлсіретіп, тыныс алуын қиындатады. Педиатрлар іштегі баланың үш айдың ішінде темекінің түтініне үйреніп, одан кейін ешқандай қарсылық танытпайтынын байқаған. Тәжірибе көрсеткендей, туғанда дені сап-сау көрінген сәби жылауық, тынымсыз келеді, әсіресе, түн баласында ұйықтамайды. Ал анасы шылым шеге қалса, бала бірден тыныштала қалады екен. Темекі тартатын анасының «түтінді-сүтті коктейлінен» сусындаған бала осылайша «белсенді емес шылым шегуші» болып шыға келеді. Шылыммен әуестенуші әйелдердің бір литр сүтінде 0,5 миллиграмм никотин бары анықталған. Бір килограмм салмаққа бір миллиграмм никотин бұл – сәби үшін өлімге әкеліп соқтыратын доза.

Дүниежүзілік зерттеулерге сүйенген психиатр-нарколог Еркен Берлыбеков мынадай фактілерді жайып салды.

Ағылшын педиатры М.Юома мың баланың жетеуінде жеті жасқа дейін эпилепсияның жасырын түрі кездесетінін дәлелдеген. Ал мың балаға шаққанда, әрбір бесінші бүлдіршін талма ауруына шалдыққан. Осының барлығы ұрықтың ана жатырында жатқан кезден никотинмен улануының салдары. Шылым шегетін аналардан туған, бір қарағанда дені сау көрінген балалардың сегіз пайызында орталық жүйке жүйесі зақымданғаны анықталған.

Наркологтарды алаңдататын тағы бір нәрсе бар. Америкалықтар 2000 жылы шылым шегуші аналардан туған балалар иммунитет тапшылығына ұшырайтынын дәлелдеген. Бұл – әлемде ЖИТС дертінің жаппай таралуына әкеп соғатын факторлардың бірегейі.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында шетелдік ғалымдар жүргізген зерттеулердің нәтижесінде сүт безіне түскен никотин шылым шегетіндерде сүттің жиналуын 23,4 %-ға, темекі тартпайтындардың өзінде 7,1 % -ға төмендетінін анықтапты. Никотин сүттің құрамын өзгертіп жібереді, ондағы ақуыздың мөлшері азаяды, дәмі ашты болады. Емшектің ұшы мен сүттен жағымсыз иіс шығып тұрады. Соның салдарынан баланың тамақтануы бұзылады. Оның темекіге тәуелділігі арта түседі.

Швед ғалымдары Эриксон, Келлен, Вестерхолм болашақ ана жүктіліктің алғашқы үш айында темекіні қаншалықты жиі тартса, одан туатын баланың түр-әлпетінің бұзылуы соншалықты мүмкін екенін дәлелдеген.

2009 жылы АҚШ ғалымдары бір тал темекіде бірнеше бактерияның түрі кездесетінін жариялайды. Бұл бактериялар адам ағзасына түскеннен кейін, оны бірден өлімге әкеліп соғуы да мүмкін. Мысалы, акинеобактериялар, клебсиелдар өкпені зақымдап, қан құрамын өзгертеді, бурхолдерия тыныс алу жолдарына кері әсер етсе, клостридия ағзаның жалпы улануына, таяқ пішіндес бактериялар асқазан-ішек жолдарының зақымдануына түрткі болады.

Анасы темекі тартса, баласы қасірет шегеді

Басты миссия – дені сау ұрпақ әкелу

Ағылшындар бұл нәубетпен күресу мақсатында тамаша көрнекі құрал ойлап тауыпты. Ұлыбританияның клиникаларында анадайдан көзге көрінетін жерде езуіне темекі тістеген, «мен тумай жатып шылым шегемін» деген жазуы бар қуыршақты отырғызып қойған.

-Бір досымның мерейтойында оның тоғызыншы сыныпта оқитын немересі Әселмен әңгімелестім. Шылым шегетін-шекпейтінін сұрағанымда, әлгі жеткіншек: «біздің сыныпта 28 оқушы бар, олардың оны ұл, он сегізі қыз бала. Біз Оксана екеуіміз ғана темекі тартпаймыз. Барлығы бізге жақтырмай қарайды. Олардан бөлектеніп жүргеніміз біртүрлі», – дегені. Сонда тәртібі дұрыс балалар жаман әдетке әуестенушілердің алдында өздерін ыңғайсыз сезінеді екен, керісінше емес. Тағы бір мысал келтірсем. Саяжайда Ира есімді көршім болды, жасы жиырмада. Оның анасы Мария қызынан он бес жас қана үлкен. Күйеуі жол апатынан қайтыс болыпты. Марияның өзі жас кезінде жеңіл жүрісті, темекіге әуес болған екен. Анасынан көргенін қайталаған қызы да шешесінің жолын қуып, жастайынан шылым шекті, «қиын» балалардың тобына кіріп, тіпті иығына тұтанған сигаретаның суретін салғызып алған. Кейін тұрмысқа шығып, жүкті кезінде де темекіні будақтатып жүргенін талай көрдік. Оның өмірлік ұстанымы – «темекі тарттым, тарта берем! Өз өмірім, не істесем де өз еркім!». Енді осы келіншектен дені сау бала туады дегенге сену қиын, – дейді нарколог-дәрігер.

Ана болу мүмкіндігі – барлық қыз-келіншектерге беріле бермейтін, өмірде ештеңемен салыстыруға келмейтін зор бақыт. Нәзік жан иелерінің бұл өмірдегі басты миссиясы – өмірге дені сау бала әкеліп, әулетінің ұрпағын жалғастыру. Нәрестенің болашағына, оның саулығына ең алдымен анасы жауапты. Тіпті жануар екеш жануарларда да аналық инстинкті болады.

– Сол себепті жүкті әйелдер өздерінің жауапкершіліктерін ешқашан ұмытпауы керек. Нарколог ретінде темекінің тек никотин ғана емес, есірткінің алғашқы «жеңіл» сатысы екенін де ескерткім келеді. Шылым шегу – ауыр есірткілерге әкеліп соғатын жаман әдет. Темекімен әуестенген жеткіншектер олардың шылым шекпейтін құрбыларына қарағанда апиын мен героинді сегіз есе, спиртті ішімдіктерді он бір есе жиі қолданатыны белгілі. Ағзасы темекінің түтінімен уланған қыз-келіншектер де нашақорлықтан бір қадам ғана артта тұрғанын естерінен шығармаса екен. Ана мен баланың денсаулығына үлкен мән беріліп, тамаша жағдайлар жасалып отырған қазіргі заманда жүкті әйелдер өздерінің негізгі миссияларына атүсті қарамаса екен, – деп қорытындылады ардагер психиатр-нарколог Еркен Барлыбеков.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button