Шығыстың жеті бренді

Алтын тамыр Алтай мен Тарбағатай тауларының таңдаулы жерінде ғана өседі

Қытай қазақтары алтын тамырдың орысша «Радиола розовая» дейтін атауын «Қызғылт семізөт» деп атайды. Әрине, қазақ емшілері алтын тамырдың химиялық құрамының қандай екенін білмесе де, оның ерекше қасиетінен жақсы хабардар болып, дәрілік шөптің атын құпия ұстаған. Құпия ұстағаны соншалық, орыстар бұл шөпті 1930 жылы ғана танып білген. «Кірпияздығына орай кез келген жерде өсе бермейтін алтын тамырды ерте замандардан бері көп жағдайларда патшалар мен жоғары билік басындағылар жөнін тауып алдырып, пайдаланып келген» деген дерек бар. Осыған орай, алтын тамыр патшалардың дәрісі немесе «өлместің шөбі» деген атау алған.

Алтын тамыр Алтай мен Тарбағатай тауларының таңдаулы жерінде ғана өседі

Малдың тұяғы, адамның аяғы
тиген мекеннен жылдам жоғалып кетеді

Алтайлық сенім-наным былай дейді: алтын тамырды тапқан адам өмірінің соңғы күндеріне дейін дені сау, жолы ашық болып, жүз жасайды екен.

Алтайдың тұрғылықты халқы алтын тамырдың өсетін жерін бөгде көзден ерекше жасырған. 1950 жылдары Томск университетінің арнайы жасақталған экспедициясы Алтай тауларына арнайы сапарға шығады. Бірақ таба алмайды. Бәлкім, алтын тамырдың қалай өсетінін, қандай екенін білмеген ботаниктер тап баса алмаған болар.

Тек 1961 жылы ғана Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты биология институтының Крылов дейтін профессоры бастаған жасақ-экспедиция Алтайдың теңіз деңгейінен 3000 метр биіктіктегі балқарағай балқып өскен тұсынан алтын тамырды табады.

Алтын тамыр жайында арнайы мақала әзірлеу барысында 1983 жылы Мәскеудің «Высшая школа» баспасынан А.Гаммерман бастаған авторлар тобының ұжымдасуымен басылып шыққан «Лекарственные растения» кітабын қолға алдық. Онда алтын тамырдың медициналық тәжірибеде 1966 жылдың мамыр айынан бастап қолдануға рұқсат берілгені жазылады.

Сол сияқты мынандай деректер де келтірілген: алтын тамыр орналасқан аймағына байланысты гектарынан 40-1400 келіге дейін өнім береді екен. Алтын тамырды жаппай жинаса, ол араға 15-20 жыл салып барып қана қалпына келеді.

Алтын тамыр – жасаңшөп тұқымдасының семізөт туысына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Биіктігі 20-30 сантиметрдей, тамыры жуан, хош иісті. Тік, бұтақтанған сабағына қалың, сопақша жапырақтар кезектесіп орналасады. Сабағының биіктігі 40-50 см., бұтақшалары болмайды. Жапырақтары тікелей сабағына жабысқан. Ұсақ, сары түсті гүлдері қалың гүл шоғырына топтасқан. Мамыр-маусым айларында гүлдейді. Шілдеде тұқым бере бастайды. Өз тұқымынан және вегетативті жолмен көбейеді. Алтын тамыр құрамында глюкозид, илік заттар, флавоноидтер, крахмал, органик, қышқылдар, эфир майы бар. Сондықтан өте бағалы дәрілік өсімдік.

Тамырының қабығы алтын түстес сарғыш, іші ақ, кепкен кезде ашық қызыл түске айналады. Жаңа қазып алынған тамырды пышақпен кескенде күшті хош иісі шығады. Халық медицинасында алтын тамыр шаршағанда, қан аздықта, асқазан дертіне, суық тигенде, ұйқысыздық басқанда, бел әлсіздігіне, баспа, бас ауруына, жүйке дертіне ем ретінде пайдаланған. Алтай тауларынан әрі-бері көшкен малшы ағайындар қатты қажығанда алтын тамырды ұнтақтап шай етіп ішіп, көздері шырадай жанып, күшейіп шыға келген. Тамырды ұсақтап, 1 литр суға оның бір шай қасыққа жетер-жетпес бөлігін (5 грамм) шығарып ішкен.

Дәрілік шикізат ретінде тамыры жиналады. Дұрыс сақталса, екі-үш жылға дейін шипалық қасиетін жоймайды. Алтын тамырдың құрамындағы экстракт ағзаның шыдамдылығын арттырады, жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартады, жоғарғы жүйке жүйесінің ырғағына жағымды әсер етеді, қан қысымын реттейді. Бірақ та оны орнымен қолданбаса, кейбір адамдардың қан қысымын арттырып та жіберетінін ұмытпау керек.

Алтын тамырдың емге қолданылатын негізгі бөлігі – тамыры. Ұқыптылықпен қазып алғаннан кейін суға шайып байқасаңыз, тамырының алтын түстес жылтыраған сары қоңыр қабықпен қапталғанын көресіз. Тегі, өсімдіктің алтын тамыр аталуы тамырының алтындай жарқырап тұруынан болса керек.

Денеге түскен ауру қоздырғыш микробтарды жоятын без деп білсек, алтын тамырдың басқа дәрілік өсімдіктерден негізгі ерекшелігі – осы бездің жұмысын күшейтетіндігінде, яғни, адам денесінің ауруға қарсыласу қабілетін арттыратындығында.
 
Екінші қасиеті – адамның жастық қуатының қалпына келуіне үлкен әсер етеді. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ емшілері «Алтын тамырдың қасиеті күйек кезінде бұғы қазып жейтін «маралтамырдан» артық болмаса, кем емес» деген пікірді бұрыннан айтып келеді. Ол – адамның ішкі дүниесіндегі, мысалы, мидағы ісік, асқазандағы жара, тамырдың түйінделуі, әйелдердің жатыр ауруларының да бірден-бір емі. Сонымен қатар, бүйректің жұмысын күшейтіп, қанның тазаруына септігі ерекше. Алтын тамырдың екінші бір қасиеті жайында дәрілік өсімдіктің үлкен білгірі, халық емшісі Сейітқамза Қалиевтің былай дейтіні бар:

– Бұдан біраз жылдар шамасы бұрын Ресейдегі Томск медициналық университетінде алтын тамыр тұнбасына байланысты сынақтар жасалды. Сол кездегі жүйке жүйесі сыр берген, есте сақтау қабілеттері нашарлаған адамдарды 70-тен екіге бөліп, бір бөлігіне 40 тамшыдан әр жолы алтын тамыр тұнбасынан ас алдында беріп отырған. Сонда дәрі қабылдағандар алғашқы 2-3 күн бойы бұрынғы аурулары қозып, жөнді ұйықтай алмай, жүректерінде бір ыңғайсыздық сезіле бастаған. Мінез-құлықтарында да әдеттен тыс тосылу байқалған. Сынақ алғандардың жағдайы алғашқы он күннен соң ғана өзгеріп, аурулар біртіндеп сауыға бастаған. Нәтижесінде сынақ жасағандар дәріні алғашында ағзаға сіңетіндей аз мөлшермен бастаған жөн деген шешімге келген.

Алтын тамыр Алтай мен Тарбағатай тауларының таңдаулы жерінде ғана өседі. Кейінгі жылдардағы зерттеу жұмыстары семізөттің өсу аймағы едәуір тарылып кеткенін көрсетіп отыр. Өйткені, жергілікті жерлерде алтын тамырды жинаушылар көбейіп кеткен. Жалған құжатпен тау-тасты кезіп, дәрілік шөптер терген қытайларға өзіміздің ағайындар қосылады.

Кірпияз өсімдік малдың тұяғы тисе, адам аяғы басса, ондай аумақтан да жылдам жоғалып кетеді. Ал ел байлығының нағыз жанашыры қазып алғаннан соң тамыр алынған жерге тұқымын сіңіріп кетеді.

Бізде семізөттің он бір түрі бар

Біздің елдің табиғатының кереметтілігі соншалық, алтын тамырдың он бір түрі кездеседі. Бірақ оның ішінде жалғыз қызғылт семізөт түрінің ғана шипалық қасиеті бар. Біздің елде өсетін тағы да бір шипалы шөп – мақсыр немесе марал тамыр. Орысша «Рапонтикум» аталады. Алтай жұрты көктем кезінде оны маралдардың тұяғымен қазып алып, тамыр сабағын жейтіндігін байқаған. «Марал тамыр», «Марал шөп» аталып кеткені де содан.

Алтын тамырға оралайық. Қолыңызда осы бір қастерлі өсімдіктің тамыры бар делік. Шай даярлауға кіріскенде, бір литр қайнаған суға ұсақталып, ұнтақталған тамырдың бір шай қасыққа толмаған шамасын салып, ол ыдысты тағы 5-10 минуттай баяу жанған отта ұстайды. Шайды суытып барып, күніне тамақ алдында 15 минут бұрын екі-үш реттен, сол стаканның үштен екісі шамасында, бір литр шай екі күнге жететіндей етіп ішеді. Бұндай емдік шайды жиырма күн бойында үзбей ішкен жөн. Содан 10 күн үзіліс жасап, тағы жиырма күн ішеді. Үшінші ретте де солай.

Мұндай емді араға біраз уақыт салып барып қайталауға болады. Білетін адамдар әдетте былай жасайтын көрінеді. Күз келісімен әлгідей емді бастап кетеді. Үш рет қайталағанша жаңа жыл келіп жетеді. Ақпан айына дейін үзіліс жасайды да, ұзынсарының үзілер шағында қайта бастайды.

Ал спиртке қойылған тұнбаны қабылдау әдісі мынандай. Біріншіден, оны қабылдауды бір тамшыдан бастау керек. Жарты стакан суға бір тамшы тұнба тамызады. Мұны тамақтың алдында 15 минут бұрын, күніне үш рет қайталайды. Келесі күні бір қабылдағанда екі тамшыдан (күніне алты тамшы), осылайша бір жолы он тамшыға дейін жеткізеді. Толық курсы – 60 күн.

Кеңесхан ҚОЖАНОВ, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы:
– Шығыс Қазақстанда алтын тамырдың ғана он шақты түрі өседі. Неткен байлық! Сондай-ақ, өсімдік тау өзендері мен көл жағасында, биік тау жайылымында, тастақты беткейлерде жиі кездеседі. Алтай тауларында өсетін алтын тамырдың қасиеттері басқа өңірдегіден күштірек екендігін ғалымдар баяғыда анықтаған. Адам ағзасына пайдасын айтпағанда, ветеринария ғылымында арықтаған малдың өнімділігін арттыру, ат-көліктің жұмысқа қабілеттілігін күшейту үшін қолданылады. Ғылыми зерттеулердің деректері бойынша, дәрілік зат малға күш-қуат беріп, астың қорытылуын және организмдегі зат алмасу үдерістерін жақсартады. Судағы тұнбасы 1:20-ға қатынасында жасалады: 1 л. суға 50 гр. майдаланған тамыр ұнтағы ерітіліп, 20-30 минут тұндырылады. Бірақ сүзілмейді. Ірі малдарға 75-100 мл., ұсақ малдарға 20-30 мл. мөлшерінде күніне 2 рет ауыз қуысы арқылы ішкізіледі. Тамырдың 3-5 гр. ұнтағы жемге араластырылып, сақа малдарға күніне 2 рет беріледі.

Мұхаметқазы МҰХАМАДИҰЛЫ, тарихшы-өлкетанушы, доцент:
– Менің балалық шағым Шығыс Түркістанда өтті. Бала кезімізде алтын тамырды емге пайдаланған емшілердің: «Е, шіркін, Алтайда өскен алтын тамырдың құдіретіне не жетсін!» деп жататынын талай естігенбіз. Ақсақалдар бәйге аттың аяғына қан түспеуі үшін қарандызға, жантаққа алтын тамырдың ұнтағын қосып ішкізетін. Жылқыда өт жоқ екені белгілі, сөйтсек, бәйге аттың шаршамай ұзаққа шабуы, өкпе тынысының кең болуы, шораяқ болып қалмауы үшін қуат береді деп солай ем-дом жасайды екен ғой. Ал енді әлгі емшілердің «е, шіркін…» деп тамсануына келсек, бұл тегін емес екен. Тарбағатайда өсетін алтын тамырдан оның Алтайда өсетін тектесі әлдеқайда қуаттырақ келетінінің сыры мынада екен: жағырафияда теңіз деңгейінен салыстырмалы және абсолютті биіктік деген ұғым бар, қар сызығы деген ұғым бар. Бұл жерде кілтипан Алтайдың жағырафиялық орналасуында болып тұр. Алтай тауларының теңіз деңгейінен әлдеқайда биіктікте жатқаны, қылқан жапырақты орманның басымдылығы, қардың қалың түсетіндігі сияқты артықшылықтары бар. Яғни, айрықша ылғалды орта қалыптасқан. Ал алтын тамыр ылғалды ерекше сүйеді.

Сайлау Төлеуов

Семей.

Осы айдарда

Back to top button