Білім

«Алтын белгіні» қорғау қажет етілмейтін болды

«Алтын белгіні» қорғау қажет етілмейтін болды


«Алтын белгіні» мектептердің өздері беретін болды. Енді Ұлттық бірыңғай тестілеуде «Алтын белгіні» растау қажет етілмейді.

Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мұғалімдермен, білім саласы мамандарымен және ата-аналармен кеңес өткізді. Осы жұмыстың нәтижесі ретінде ҰБТ-ны екі кезеңге бөлу туралы шешім қабылданды. Ұлттық бірыңғай тест ЖОО-ға түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде сақталатын болды.

Қорытынды аттестаттау – мектепті бітіру емтиханы, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде бөлек өткізілмек. Қорытынды аттестаттау мектепте 5 пән бойынша (4-еуі – міндетті және бір пән таңдау бойынша), мектептегі оқыту бейіні ескеріле отырып өткізіледі. Түлектер барлық емтиханды мектепте тапсырады. Бұрын тест сұрақтарын облыстық білім басқармасы дайындаса, енді бұл міндет Ұлттық тестілеу орталығына жүктелмек.

Министрліктің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның айтуынша, мектептегі қорытынды аттестацияда төрт міндетті пән мен бір таңдау пәні болады. Міндетті пәндердің қатарында орыс немесе қазақ тілінде тапсырады және әдебиеттен эссе формасында тапсырады, ал Қазақстан тарихы ауызша емтихан ретінде, математика — бақылау жұмысы, сонымен қатар, оқу тілі бойынша тестілеу болады (қазақ тілінен тестілеу — орыс мектептерінде және орыс тілінен тестілеу қазақ, ұйғыр, өзбек және тәжік тілінде білім алғандар үшін). Таңдау пәні де тестілеу бойынша тапсырылады — физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет немесе шетел тілі.

ЖОО-ға түсушілерге ҰБТ-ны тапсырудың жаңа форматы үш міндетті пәнді қарастырады: математикалық сауат, сауатты оқу және Қазақстан тарихы, 20 сұрақтан тұратын емтихан және 30 сұрақтан екі бейінді пән болады. Тестілеудің жалпы уақыты — 210 минут.

ЖОО-ға түсушілерге арналған ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді, тестілеуге қатысуға өтінім 10 наурыздан 10 мамырға дейін қабылданады. Сондай-ақ, шектік деңгейге балы жетпеген түлектер ҰБТ-ны тамызда немесе келесі жылдың қаңтарында қайта тапсыра алады.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button