Мәдениет

«Алтыбақан» теуіп, мәре-сәре болды

Самар ауылындағы мәдениет үйінің жанында «Алтыбақан» құрылып, сауық кеші өтті. Ондағы мақсат ұлтымыздың салт-дәстүрін насихаттап, ауыл өнерпаздарының өнерлерін ұштауға, мәдениет үйлерінің көркемөнерпаздар қатарын толықтыруға атсалысуына ықпал ету болды.

«Алтыбақан» теуіп, мәре-сәре болдыЖастарды жарастырып, өнер адамдарын ерекше шабыттандырған шараға самарлық «Асыл қазына», бастаушылық «Асыл мұра» әжелер клубтары келіп, халық әндерін әуелете отырып алтыбақан шымылдығын ашып берді. Бұдан кейін тарбағатайлық ақын Нұрболат пен самарлық Рыскүл шаршы топтың алдында нағыз қыз бен жігіт айтысын көрсетті.

Сол сияқты Ж.Қалқамановтың, белгілі термеші Әсия Қалиеваның шырқаған әндері кештің шырайын аша түсті. Жастар мен балалар алтыбақан теуіп мәре-сәре болды. Кеш соңы ақсүйек ойынымен жалғасты. Ұлттық ойын-сауыққа әбден шөліркеп қалған жұртшылық алтыбақанның келесі қойылымдарын асыға күтетіндерін айтып тарасты.

Осындай игі шараны өткізуге атсалысып, демеушілік еткен кәсіпкерлер Б.Рыспаев пен «Мәмбет» шаруа қожалығының басшысы Е.Мәмбетовке өнер ұжымы шексіз ризашылықтарын білдірді.

Эльмира Тайырқызы

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button