Аймақтар аухалы

Алтай округі ажарланып келеді

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданының Абай ауылдық округінде қордаланған толғақты мәселелердің ушығып, оларды шешуге аудан, облысты қойып, Астанадан аузы дуалы адамдардың арнайы келіп, атсалысқаны көпке жақсы мәлім. Қойтас ауылы маңындағы алтын өндірумен айналысатын «Визол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Күршім өзенінің суына түрлі химиялық зиянды заттарды жіберіп жатыр деген сөз шығып, мұның өзі әжептәуір дүрбелеңге себепкер болғаны да есімізде.

Бұл жай мәселенің анық-қанығына жету үшін тіпті сонау бас қаламыздан Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыровтың облыстағы құзырлы мекемелердің мамандарын ерте келіп, егжей-тегжейлі зерттеу жұмыстарын жүргізуіне себепкер болған-ды.

Сол Қойтастың тұрғындары бұрын емін-еркін пайдаланып келген жайылымдарының аумағына «Визол» ЖШС мен бурабайлық «Ұлан» шаруа қожалығы бірлесіп егін салып тастағанда тағы да дүрлігіп, бұл бағытта біршама даудың шыққаны да ұмытылған жоқ. Округтің жаңадан тағайындалған әкімі Талғат Бақтияровтың, аудандық жер ресурстары бөлімінің басшысы Ерасыл Әшімовтің, ауданның сол кездегі әкімі Дулат Қажановтың араласуымен тұрғындарға қосымша жайылымдық жерлер бөлініп берілген соң ғана бұл дау оң шешімін тауып, жұрттың мазасын алған айғай-шу саябырлаған болатын.

Қазіргі уақытта бұл өңірдегі хал-ахуал қандай? Ел тірлігі қалыпты жағдайда ма? Нендей жаңалық-өзгерістер бар? Біз осы сауалдарға тиянақты жауап алып, көз жеткізіп қайту үшін Абай ауылдық округіне әдейілеп ат басын бұрған болатынбыз.

– Ел аман, жұрт тыныш, ауыл тұрғындары шама-шарықтарынша тіршілік істеп, қысқа әзірлік жасауда, – дейді ауыл әкімі Т.Бақтияров. – Аталған мәселелер шешімін тапқан соң тұрғындар қалыпты тірлікке ойысып, әдеттегі тірліктерін қаузап жатыр.

Әкімнің айтуынша, бұрын бірыңғай мал өсірумен айналысып келген ауыл тұрғындары суға байланысты бірқатар мәселелер реттелгеннен кейін егіншілікпен айналысуға да бет бұрып жатқан көрінеді. Оған мысал ретінде неше жыл бойы жағалауының шаңы шығып, сусыз қалған Қаратал өзенінің арнасына ылғал жүгірген соң, осы аймақтағы шабындықтар қаулап өсіп, жұрттың мал азығына кенеліп жатқанын айтуға болады. Сонымен бірге бұрын егін өсірілген алқаптардың судың жоқтығынан қу тақырға айналғанын, өткен күзден бастап сол аумақтардың қайтадан қолға алынғанын атап өтсек, артық бола қоймас. Бұл өңірде ұмытыла бастаған сүдігер жыртудың жүзеге асып жатқанын осы қуанышты жағдайдың бір мысалы ретінде келтіре аламыз.

– Күршім өзенінен арнайы қазылған арнамен ағып келіп, осы жазықты суландырып тұратын арықтың тура өзеннен бөлінген тұсынан бітеліп қалып, бірнеше жыл бойы зәрулік тартқанымыз рас, – деп түсіндіреді Талғат Қалибекұлы. – Оны қопарып, жөндеп алатын техниканың жоқтығы шаруаға шынымен қолбайлау болып келді. Өткен күзде аудан әкімінің тікелей араласуымен «Визол» ЖШС-нің қуатты техникасы (экскаватор) судың көзін ашып, арықтың біраз жерін тазалап берген соң су қайтадан сарқырап аға бастады. Соның арқасында шабындықтар бойлап өсіп, егістік алқабына нәр жүгірді. Алла қосса, алдағы көктемде егін салуға талаптанған шаруаларымыз көп уақыт назардан тыс қалған жерлерді жыртып, келер жылға даярлап жатыр. Сүдігер жыртудың келешектегі мол өнімнің кепілі екенін өзіңіз де жақсы түсінесіз. Осы жыртылған 60 гектар алқаптың 24 гектары округіміздегі белгілі кәсіпкер Қуаныш Қасымжановтікі десек, Ербол Аманкелді деген азамат 30 га жерді игеруде. Қалған 6 га жер Төлеген Рәшевке тиесілі. Бұл диқандардың барлығы – Теректібұлақ ауылының  тұрғындары. Келешекте егін салатын ауылдастарымыздың қатары молая түседі деген сенімдеміз.

Ал округтегі іргелі шаруашылықтардың бірі –  «Ұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Арғын Қабдуллин жоғарыда аталған «Визол» ЖШС-мен бірлесе отырып, Қойтас ауылы маңындағы бұрын көп жылдар совхоз егін салып, кейіннен жайылымға айналып кеткен 600 гектар алқапқа бидай мен екпе шөп сеуіп, айтарлықтай өнім алды. Олар бұл тірліктерін алдағы уақытта одан ары дамыта түспек. Міне, осы қадамдарды ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Жерді барынша тиімді және мақсатты түрде пайдалануымыз керек!» деген тапсырмасының тиісінше орындалып жатқанының бір көрінісі деп айтуға болады. Ал «Визол» ЖШС округ жұртшылығына жиі көмектесіп отырады. Ол биыл да 30 тонна көмір жеткізіп, оны біз аз қамтылған 12 отбасына бөліп бердік. Серіктестік басшылығы мұндай көмекті алдағы уақытта да жалғастыратынын мәлімдеп отыр. Ал осы кәсіпорында округтің 15 адамының жұмыс істеп, кәсіп тауып жүргенін айтпай кетудің жөні жоқ.

Абай ауылдық округінде барлығы 120 шаруа қожалығы тірлік жасайды десек, олардың 42-сі іргелі шаруашылықтарға жатады. Сондай-ақ 31 жеке кәсіпкер өз жұмыстарын барынша тиянақты түрде жүргізуде. Округтегі 282 аулада 1135 адам өмір сүріп жатыр. Мал басы баршылық, мәселен, 1 шілдеге берілген мәліметке жүгінер болсақ, округте 10 105 ірі қара бар. Оның ішінде сауын сиыр саны 5549 басты құрайды. 176 бұқа бар, жемдеуде тұрған 425 бұқашық өз алдына. Маңайдағы жұрт бұқаны осы округтен жалға алып отырады екен. Сондай-ақ мұнда 16 515 бас қой түлігі өсіріледі, оның ішінде саулық қой саны – 7796. 187 қошқар, 4389 ешкі бар. Тұрғындар меншігіндегі жылқы түлігінің саны – 3200.

Осындағы барша тірлікке жас әкім Талғат Бақтияров жетекшілік жасап жүр. Ол келгелі осы өңірдегі біраз шаруа ыңғайланып, көңілге кірбің салып жүрген бірқатар олқылықтар реттеліп, орнын тауып жатқанын жұрт ризалықпен ауызға алады. Мысалы, жас әкімнің ауылдың Бурабайға күншығыс жақтан кірер тұсындағы жолдың тасыған судың салдарынан жырылып, орылып, көлік түгіл жаяу жүргіншінің жүруіне қолайсыз болып қалған тұсын жөндетіп, қалыпқа келтіргені көптің көңілінен шығып отыр. Ал 1981 жылы Абай совхозы құрылғанда есік ашқан ауылдық кеңес кеңсесіндегі барша құжаттар аудандық архивке өткізілместен тау-тау болып жинала берген екен. Соның барлығын Талғат Қалибекұлы арнайы адам жалдап реттетіп, кезек-кезегімен аудан архивіне өткізіп, орнын тауып жатыр. Ал Қойтас ауылындағы мал емдегенде, еккенде аса қажетті ауқымды қаша мен өткелектің де (раскол) ауыл әкімінің мұрындық болуымен салынғанын айта кеткеннің артығы жоқ. Әкімдік ғимаратына мұқият жөндеу жасатып, әбден ескіріп, тозып тұрған үйді құлпыртып қойғаны өз алдына бір әңгіме.

– Округ орталығы Бурабай ауылында тамаша дәрігерлік амбулатория бар, – деп көңілін алаң етіп жүрген бір жайды құлаққағыс етті ауыл әкімі. – Мұнда екі медбике, бір акушер, бір санитарка мен жүргізуші жұмыс істейді. Бір қиыны, бізде  маман дәрігер жоқ. Қаншама іздестіріп, сұрастырып жатырмыз, соның реті бір келмей-ақ қойды. Грантпен оқыған бір жас дәрігер келген еді, ол өзінің міндетті үш жылын өтеп тастаған соң қала жаққа тайып тұрды. Осы мәселе шешімін тапса, ауыл жұртына жасалған өте бір көрнекті жақсылық болар еді…

Теректібұлақ ауылына келгенде көзімізге бірден түскені –  осындағы ауыл клубына жасалып жатқан жөндеу жұмыстары. Жақындап келіп, жай-жағдайды сұрастыра бастадық. Барша жұмысты жіті қадағалап, өз көзімен көріп, нұсқау жасап жүрген келісті келіншек өзін клуб меңгерушісі Күләй Нұрахметовамын деп таныстырды.

– Бұл мәдениет ошағы 1973 жылы салынған екен, – дейді Күләй Сіләмханқызы. – Содан бері бір дұрыс жөндеу көрмей, әбден тозған ғимаратты шамамыз келгенше жаңартып, жаңғыртып жатырмыз. Тендерді өскемендік «АGM-сервис» ЖШС ұтып алып, ағымдағы жөндеуге кіріскен болатын. Ал жұмысты жүргізіп жатқан – күршімдік субмердігер Амангелді Юсуповтың бригадасы. Дұрыс жылытылмай, терезелері үнемі целлофанмен қымтаулы тұратын клубымыз көрер көзге жайнап, көңіл қуантып тұрғанын байқаған шығарсыз. Теплофондар қойылған соң қыстай жылы клубта жұмыс істейтін болармыз деген үмітіміз мол. Баяғыда тәмамдалатын шаруа ғой, жұмысшылар жиі ауысып, кешеуілдеп жатырмыз. Енді бір он күнде толықтай аяқтайтын шығармыз.

– Осының барлығы «Ауыл – ел бесігі» атты айтулы бағдарламаның аясында жүзеге асып жатыр, – дейді ауыл әкімі. – Бұдан басқа, осындағы медпункт үйі толықтай жөндеуден өтіп, шағын футбол алаңы салынып жатыр.

Бізді ауыл медбикесі Ажар Іргебаева есік алдынан қарсы алды. Жылы жүзбен ішке шақырып, барша жағдайды бүкпей, жатырқамай жайып салған Ажардың ықыласына риза болдық.

Жөндеуден өтіп, жұтынып тұрған ғимаратқа кіріп-шыққанның өзі бір ғанибет емес пе?! Барлық жиһаздармен, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген медпункттің ауыл тұрғындарына жәрдем жасауға мүмкіншілігі толық екен. Соңғы рет бұл ғимаратқа жөндеу 2005 жылы жасалыпты. Содан бері қолға алынып отырғаны осы. Бұл ауылда 35 жыл бойы медбике болып жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман АжарМұратбекқызы өзінің ризашылығын жасырған жоқ.

– Біздің көмегімізге жүгінетін 320 тұрғын бар, – дейді ол. – Адам болған соң ауырып-сырқамай тұра ма? Шамам келгенше көмек көрсетіп, барынша қызмет жасап келе жатырмын. Ғимаратымыз жаңарды, мұқият жөндеу жасалды. Біздің жұмысымызды қолдап, қолтықтан демеп жатқан аудандық аурухананың бас дәрігері Ләйлім Алтынғазықызына, бас медбике Әлия Сабироваға шын жүректен алғысымды айтамын! Олар бізге қажетті нәрсенің барлығын беріп отыр.

Шағын футбол алаңына келгенде біз есімі аудан түгіл облысқа жақсы танымал спортшы, Теректібұлақ орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытхан Мәжіковті жолықтырдық.

– Мына алаңның талай талапты баланың тұсауын кесетіні шындық, – дейді ол. – Бір өкініштісі, уақыты созылып кетіп, құрылысы жай аяқталды. Оқасы жоқ, қыстай жауып қойып, жаз шыға шағын футболдың шаңын шығаратын боламыз.

Осылай дей келе, Бақытхан Кәмалиденұлы аталған шаруалардың баршасына атсалысып, ынтамен еңбектеніп жүрген ауылдық округ әкімінің атына жылы лебіз айтты. Оның бұл сөзін округ әкімінің осы  ауылдағы өкілі Әли Смағұлов та қуаттап, елді мекеннің біртіндеп көркейіп келе жатқанын, бұл игілікте Талғат Қалибекұлының ерекше үлесі бар екендігін баса айтты.

Қайтар шақта Талғатпен жылы қоштасып жатып, қамқор азаматтың алда да талай оң қадамдарға мұрындық болып, ел үшін көптеген келелі істерді атқаратынына сендік.

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button