Қоғам

Алтай – алаштың бесігі

Алтай – алаштың бесігі


Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Металлургтердің мәдениет сарайында шымылдығы түрілген айтулы шараға Ұлыбритания, Ресей, Моңғолия, Әзірбайжан, Түркия сияқты жиыны жеті елдің өкілдері және облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

Жиынға қатысқан жұрт әуелі өңірдің байырғы өркениетінен сыр шертетін көрмені тамашалады. Онда қонақтарға соңғы жылдары Берел, Шілікті қорғандарынан табылған тарихи жәдігерлер таныстырылды.

Алтай – сан алуан этнос өкілдеріне ортақ рухани байлық, қастерлі тарихи мұра. Бүгін Алтай түсіністік пен келісімде өмір сүріп отырған көптеген ұлт өкілдерінің ата қонысы. Біздің өңірде 2010 жылдан бері Алтай өңірін зерттеу, зерделеу бағытында үлкен жұмыстар істеліп жатыр. Бүгінгі шара барысында содан бері атқарылған жұмыстардың нәтижелері ұсынылатын болады, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов алқалы жиында.

Конференция қонақтарын мемлекеттік тілмен құттықтаған Ұлыбританияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Кэролин Браун Лондонда скиф және сақ мәдениетінен сыр шертетін тарихи жәдігерлердің көрмесі өтетінін мәлім етті. Еуропа төрінде тұңғыш рет өткелі отырған аталмыш шара келесі аптадан бастап үш ай бойы жалғасатынын, ең бастысы бұл көрме Еуропа мен Азияның мәдени байланысын нықтай түсетінін мәртебелі мейман айрықша атап өтті.
Ал Берел қорымындағы соңғы жаңалықтар туралы баяндама жасаған Зейнолла Самашев №2, 11 қорымдардан табылған алтын адамдар мен жәдігерлер туралы сөйледі. Ғалымның айтуынша, бұл жердегі көне және орта ғасырдың өрелі өркениетін айғақтайтын қорымдар әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет ететін көрінеді.

Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылының маңынан тапқан байырғы қола дәуірінің қазба жұмыстарына тоқталған Әбдеш Төлеубаев сол өңірдегі Қаратал елді мекені маңынан қазған үйсін дәуіріне тиесілі қорымды да айрықша атап өтті. Археологтың айтуынша, тарихшылар үйсіндердің территориясы бұған дейін Жетісу жеріне дейін деп келсе, осындай қазба жұмыстарының нәтижесінде Зайсан жеріне, тіпті Қытайдағы Үліңгір көліне дейін ірге кеңейткеніне көз жетіп отыр. Осы орайда археолог облыс әкіміне ашық-шашық қалған Шілікті қорымының басына аспан асты мұражайын салу туралы ұсынысын айтып қалды. Бұл бұрын да көтеріліп жүрген мәселе екенін айтқан аймақ басшысы, қазір шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.

Өскеменнің іргесіндегі будда дінінің өркениетін өрнектейтін Аблайкит қорғандарының жетістіктерін жіліктеген жетекшісі Карл Байпақов ол жерге туристерді тарту үшін басына қонақүй сияқты демалыс орындарын ашуды ұсынды.

– Алтай өңірінен алтын адамдардың табылып жатқаны аса маңызды тарихи оқиға, ол археологтардың еңбегінің жемісі, – деп сөз бастаған профессор Ғарифолла Есім облыс әкіміне бірнеше ұсыныс айтты.

Ғалымның айтуынша, Алтай қазақ халқының рухани коды, Алтайды жырламаған ақын жоқ. Қазақ поэзиясының классигі Мағжан Жұмабаев:

«Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіш тек алтын Алтай етегінде,
Ертеде Алаш елі мекен еткен», – депті. Міне осыған қарап-ақ Алаштың алғашқы бесігі Алтай болғанын аңғарамыз.

Алтай – алаштың бесігі

Осы жайды баяндаған Ғ.Есім – Қазір Қорқытты Қызылорда облысының Қармақшы ауданы еншісіне алған. Ол қате де емес. Өйткені Қорқыт жайлы мекен, мәңгілік өмір іздеп дүниенің төрт бұрышын шарлап келіп, сол жерден мәңгілік орын тапқан саяхатшы. Бірақ Мағжан жырларында Қорқыттың Алтайда өмір сүргені анық айтылған. Демек, біздің айтып жүрген «Мәңгілік Ел» идеямыз Қорқыттан басталған. Сондықтан сіздер енді мұражай ашып жатсаңыздар, Қорқыттың қобызын қойып, астына Мағжанның өлеңін жазып қойыңыздар. Ешкім де таласа алмайды, – деп ұсынысын ортаға салды.

Сондай-ақ, ғалым Өскемен өңірінде Алтай атының ақсап жатқанына қынжылды.

Ол кісінің айтуынша, Қытайдың еншісіндегі Алтай – Алтай аймағы деген әкімшілік атаумен аталса, Моңғолия жеріндегі сегіз ауданның аты қасиетті таудың есімімен қатысты. Ал Ресей жерінде Алтай атты республика бар. Тек Алтайдың асқақ символындай Мұзтауы тұрған төр Алтай жұрты ғана бұл есімге бейжай қарап отыр.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button