Қоғам

Алдыңғы орында Африка мен Азия

Алдыңғы орында Африка мен Азия


Соңғы бір аптада ЭКСПО көрмесіне 398 341 адам кірген екен. Яғни, көрменің жабылар сәті таяған сайын елдің Астанаға ағылуы күшейе түскен.
Орта есеппен алғанда, күніне 56 905 адам келген екен бұл аптада.
Ал үшінші қыркүйекте көрмеге 75 мың адам келіпті. Бұл – көрме басталған кезден бергі рекордтық көрсеткіш. Соңғы дерек бойынша жалпы қонақ саны 3 525 291 адамға жетті.

Алдыңғы орында Африка мен Азия

Ұлттық павильондар арасында адам келу көрсеткіші бойынша Африка мен Азия елдері түбегейлі алға шығып отыр. Мысыр, Африка Плазасы, Түркия, Таиланд, Әзірбайжан, Өзбекстан, Үндістан, Ресей, Жапония және Сауд Арабиясы алғашқы ондықты түйіндеді. Ал ең көп тамашаланатын нысандар тізімін «Нұр-Әлем» сферасы, коммерциялық павильондар, «Шелл» балалар зертханасы, балалар саябағы, амфитеатр, Дю Солей Циркі, арторталық кірді.

Алдыңғы орында Африка мен Азия

Қалашық қаржы орталығына айналады

Ахметжан Есімов көрме аяқталып, павильондар таратылғанға дейін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына басшылық жасайтын болды.

-Ахметжан Смағұлұлына аталған көрменің президентімен бірге барлығын орын-орнына қойғанға дейін жұмысын жалғастыруға тура келеді, – деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «ЭКСПО» көрмесі еліміз үшін осы жылдағы маңызды оқиға болғандығын баса айтты.

-Біз бүкіл әлемге Қазақстанның мүмкіндігін, елордамызды көрсеттік, ауқымды имидждік жұмыстар жүргіздік. Екі ірі нысан «Астана» халықаралық қаржы орталығына беріледі, біреуін Қазақстанның тұрақты жұмыс істейтін көрмесіне айналдырамыз. Барлық өңірлер, кәсіпорындар сол жерде өз жетістіктерін көрсететін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Алдыңғы орында Африка мен Азия

Лақап атын латынша жазғызды

Қанат Исламның ЭКСПО аясында өтетін жекпе-жегінде киіп шығатын киімі таныстырылды. Жаңа киім үлгісі боксшының Facebook желісіндегі парақшасында жарияланды. Аспан түстес болып, оған алтын түсте боксшының лақап аты «QAZAQ» деп жазылған. Еске сала кетейік, 9 қыркүйек күні «ЭКСПО-2017» аясында «Сарыарқа» велотрегінің алаңында бокс кеші өтеді. Жеңіліп көрмеген қазақстандық Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Куктың айқасы – басты оқиға болады. Сондай-ақ, осы жекпе-жектің андеркартында қазақстандық сегіз боксшы шаршы алаңға шығады. Олар: Жанқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев, Әли Ахмедов, Айдос Ербосынұлы, Димаш Ниязов және Нұрсұлтан Жаңабаев.

Балуандар көрменің көрігін қыздырады

Биылғы «Әлем Барысы» да ЭКСПО-ның айшықты шарасына айналмақ. Ал оған келген көрермендер «Renault» көлігін ұтып алуы мүмкін. Бұл туралы «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев мәлімдеді.

-Көрермендер арасында жүлдеге автомобиль ойнатпаған турниріміз жоқ. Бұл жолы француздың тамаша Renault көлігі тігілмек. Әдетте, біреулер ұтысты өздерінің таныстарына береді деп жатады. Бізде ондай болған емес. Бізде барабанды беделді тұлғалар айналдырып, жүлдегерді анықтайды, – деді ол. Сонымен қатар ол «Әлем Барысы» жеңімпаздарына берілетін жүлдеге қатысты да мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, жалпы жүлде қоры 30 млн. теңгені құрайды.

-Жалпы бізде жүлделі 10 орын бар. Бірінші орынға – 15 млн, екінші орынға – 5 млн., үшінші орынға – 3 млн., төртінші орынға – 2 млн., бесінші орынға – 1,5 млн, алтыншы орынға 1 млн. теңге болып жалғаса береді. Біз бұл жарысқа келетін әрбір төртінші спортшының жүлдемен қайтуын ойластырып қойдық, – деді Арман Шораев.

Бұл қызықты думанды «Qazaqstan», «Qazsport» арналарымен бірге түріктің «TRT Avaz», Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Алдыңғы орында Африка мен Азия

Мұнайлы елдер тәжірибесімен бөлісті

ОПЕК ұйымы да «ЭКСПО» көрмесінің тақырыбына қатысты өз ұстанымдарын жария етуді жөн санаған екен. Арнайы жиында сөз алған ресми өкіл Хамид Хасан Қазақстан таңдап алған тақырып өте өзекті деген пікір білдірді.

Экономикасы мұнай экспортына тікелей тәуелді болғанына қарамастан, ОПЕК елдері жаңартылатын энергетиканы дамыту үшін үлкен жұмыс атқаруда. Ұйымның ең ірі мүшесі саналатын Сауд Арабиясының өзі күн электр станцияларын құрастыруға қаржыны аямай құйып отыр. Ал Біріккен араб әмірліктері 2050 жылға дейін баламалы энергияны дамытуға 163 миллиард доллар қаржы салмақшы. Бұл әмірлікке күн электр станцияларынан жартылай тұтынатын энергияны алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мемлекет энергияның 90%-дан астам бөлігін табиғи газды жағу арқылы алады. Осы ұйымның тағы бір мүшесі – Алжир жалпы қуаты 4 ГВт-тан асатын үлкен күн электр станциясын салып жатыр.

Норвегиядан үйренетін дүние көп

Норвегия Қазақстанға жаңғыртылатын энергия көздерін қолданудың және су ресурстарын басқарудың ең тиімді технологияларын ұсынуға дайын.
Норвегияда өндірілетін электр энергиясының 97% балама көздерден, соның ішінде, гидроэнергетика нысандарынан алынады. Ал ел экспортының негізгі бөлігі мұнай және газ өнімдеріне тиесілі. 2014-2015 жылдары Норвегияның мұнайдан табатын пайдасы үш есе төмендеп, экономикаға айтарлықтай қысым түскен болатын. Ел үкіметі бұл тығырықтан шығу үшін жаңғыртылатын энергия көздерін қолдануға негізделген старт-аптарды қолға алды. Соның арқасында қазір елдің ірі мұнай компаниялары баламалы энергия өндірісіне қомақты инвестиция құя бастады. «Hynor Lillestrøm» фирмасының сутек технологиясы, «Energy» және «DeepRiver» компанияларының күн батареялар өндірісі елдегі энергетикалық саясаттың жаңа жемісі деуге болады. Мысалы, «Statoil» компаниясы елдің жағалауында қалқыма жел турбиналар технологиясын сынақтан өткізуде. Бұл тұрғыда қарапайым халықты балама көздерді тұтынуға ынталандыру үшін де бірнеше тиімді ұсыныстар жасалған. Мысалы, Осло муниципалды кеңесі жеке үй иелері күн батареяларын орнатқан жағдайда шығынның 30 пайызын субсидиялауға дайын.

Ослоның Қоршаған орта саласындағы халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Гленн Петерс Норвегияның тәжірибесі Қазақстан үшін де қолайлы деген пікірде. Көктем сайын елдің мазасын алатын тасқын судың мәселесін де мелиоративті жүйелер орнату арқылы біржола шешуге мүмкіндік бар.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button