Қоғам

Қалбатауда ерекше бөбекжай бар

Қалбатауда ерекше бөбекжай бар


Жарма ауданының орталығында аты да, заты да қазақша, ерекше бөбекжай бар. Ашылғанына бір жыл болған мекемеден биыл 50 бөбек түлеп ұшпақ.
Бұл тәрбие ошағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ел игілігіне беріліпті.
Екіжақты серіктестіктің арқасында Қалбатау ауылы балабақша тапшылығы деген мәселені түпкілікті еңсерген. «Айналайын, Жармадан», бөлек тағы бір балабақша осы бағдарлама аясында қолданысқа берілген екен.
Жалпы, бөбекжай дейтін дүниеңіз бүгінгідей қым-қуыт заманда жұмысқа жегіліп, баласына бас-көз бала алмай жүрген ата-ана үшін таптырмайтын көмекші десе де болады. Олай дейтініміз, жасы бірден жаңа асқан сәбилерді былайғы балабақшалар алмайды. Ал ауылды жерде бала күтушісін жалдау тіпті, қисынға сыймайды. Қалбатаулық жас ата-аналар үшін «Айналайын, Жарма» бөбекжайы осы тұрғыдан алғанда өте қолайлы. Кеңес кезінде «Колосок» деген атпен жұмыс істеген тәрбие ошағы тәуелсіздіктің елең-алаңында қараусыз қалған-ды. Тоналды, қирады. Ақыр соңында қаңырап қаңқасы ғана қалған болатын. Кәсіпкер Виталий Исабаев сол ескі балабақшаны өткен жылы қайта жарақтап, екіжақты серіктестік аясында ел игілігіне тапсырған екен. Тоқал тамды бөбектердің өз үйіндей аялы ошаққа айналдыру үшін кәсіпкер 50 млн. теңге жұмсаған деседі.

Кірген бойда алдыңнан балалар әлемінің балғын лебі еседі. Ұқыпты әйелдің үйіндей жинақы, жылымыққа толы аура бар. Осыдан екі жыл бұрын бұл жерде қираған төрт қабырға ғана болды дегенге сену қиын. Бізді кіреберістен жылы жымиып жап-жас тәрбиеші қарсы алды. Сөйтсек, тәрбиеші деп тұрған адамымыз – осы мекеменің директоры Сәуле Асылбекова екен. Санамыздағы таңданысты көзімізден оқып қойды ма, өзі басқаратын балабақшаның тірлігі туралы өлең оқығандай сайрай жөнелді.

– Біздегі баланың әрбіреуі – бір-бір үйдің патшасы. Сондықтан оларға жайлы болуы үшін барлық жағдай ескерілген. Тіпті қауіпсіздік үшін қабырғаға жылыту батареяларын да орнатпадық. Ғимарат түгелдей еденнен жылытылады, – дейді жас директор.

Қара домалақтармен бірге мұнда орыс ұлтының үш баласы, татар ұлтының төрт бөбегі қазақ тілінде тәлім алуда. Әр бала уызына жарып, ес кіргенше ананың алақанында тербелуі керек дегенімізбен, бөбекжайдың да өз артықшылықтары бар көрінеді. Сәуленің айтуынша, бөбекжайда болған баланы ертең балабақшаға апару оңай болады екен. Жеке гигиена, күн режимі сияқты жалпыға ортақ талаптар бөбекжайдан шыққан бала үшін таңсық емес. Мұндай балаларды балабақша тәрбиешілері де қуана-қуана қабылдайтын көрінеді.

-Баласын омыраудан шығарғысы келген аналар да бізге жүгініп жатады. Ал зерек бөбектер алғашқы өлеңдерін осында жаттайды. Бөбекжай деген аты болмаса, бұл да – тәрбие мен тәлімге толы ошақ, – дейді Сәуле.

С.Асылбекова бұл қызметке «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша келген екен. Педагог-психолог мамандығын меңгерген жас маман әуелде қала мектептерінде жұмыс істеп көріпті. Кейін мемлекеттік бағдарлама бойынша жанұясымен ауылға қоныс аударса керек.

-Қалада пәтер жалдап жүргенде, жұмыста да береке болмайды екен. Ал мұнда өз үйіміз болатынын білдік. Бір жағынан, несиесіз үй алу үшін ауылға оралдық. Қазір сол шешімнің дұрыс болғанын көріп отырмыз. Өз балам да осы бөбекжайда тәрбиеленді, – дейді ол.

Ата-аналар бөбекжайдың қызметі үшін айына 8500 теңге төлейді. Мекемеде жұмыс істейтін 21 адамның сегізі – педагог. Тілі жаңадан шыға бастаған балалардың былдыр-былдыр ойыны мұндағы қызметкерлерді де бала көңіл етіп жібергендей.

-О баста біреудің тілі шықпаған баласын бағып-қағу оңай шаруа болмас деп ойлайтынбыз. Бірақ бөбектердің тәтті қылығы қиындықтың бәрін ұмыттырып жібереді екен. Ең бастысы, жұмыс орнымыз жылы әрі таза, – дейді бала күтуші Нұргүл Ибраева.

Бір-бір үйдің еркесі болып өсуі тиіс бөбектердің мұнда жүріп бауырмалдық қасиетін дарытатынын көзімізбен көрдік. Ортаға тасталған ойыншықты кезектесіп алып, бірі көлікке отырса, екіншісі сүйреп, мәре-сәре. Бауырмалдықты көріп өскен баладан ертең қоғамға қайырымы бар азамат шығары анық.

Есімжан Нақтыбайұлы
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button