Төтенше жағдай

Алакөлдегі құтқару бекеті іске кірісті

Алакөл жағалауында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар бекеті жұмысын бастады. Әр екі апта сайын мұндағы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алты сүңгуір мен төрт өрт сөндіруші кезекшілік атқармақ.

Бекет мамандарының негізгі мақсаты – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және көл жағалауындағы нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалау.

Айта кетейік, жыл сайын жаз айларында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Әсіресе халық көп шоғырланатын өзен-көлдер жағалауларын бақылауға айрықша мән беріледі.

Осы ретте, Алакөлдегі бекет жұмысқа қажетті құрал-жабдықтармен, оның ішінде сүңгуір костюмдерімен, жүзу құралдарымен және басқа да керек-жарақпен толықтай қамтамасыз етілгенін айта кеткен орынды.

Облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметінен хабарлағандай, былтыр Алакөлдегі құтқарушылар жеті адамды өлімнен арашалап қалған, оның төртеуі – бала. Қазіргі уақытта құтқарушылар көлдің түбін тексеріп, 1 маусымда басталатын шомылу маусымына соңғы әзірліктерін пысықтауда.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button