ЖаңалықтарТОПТөтенше жағдай

Жер сілкінісіне дайындық пысықталды – ШҚО

Шығыс Қазақстанда «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтіп жатыр.

Бүгінгі оқу-жаттығу барысында жойқын жер сілкінісі кезіндегі түрлі қызметтер мен құрылымдардың іс-қимылдары тексерілді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Айта кетейік, оқу-жаттығуларға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, азаматтық қорғаныс саласы мен жергілікті атқарушы билік органдарының мамандары қатысты. Ондағы мақсат – төтенше жағдай кезіндегі бірлескен іс-қимылдарды пысықтау.

Аңыз бойынша, облыс орталығында қатты жер сілкінісі болып, салдарынан көптеген ғимараттар қирап, жер-жерде өрт тұтанады. Сондай ошақтың бірі Өскеменнің 19 ықшамауданындағы төрт қабатты үйде болды. Қою түтінге оранған ғимараттың ішінде өздігінен сыртқа шыға алмай қалған тұрғындар бар. Өрт тез таралып, балконға өтіп, жоғарыдағы пәтерлерге қауіп төндірді. Баспалдақ алаңының қирап қалуы себепті адамдарды эвакуациялау мүмкін болмады. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер дереу газ-түтіннен қорғау қызметінің тобын құрды. Артынша адамдарды құтқаруға және қызыл жалынды ауыздықтауға кірісіп кетті.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, өрт сөндіруші-құтқарушыларымыз зардап шеккендерді түтін ішінен іздеп, оларды арнайы баспалдақпен эвакуациялап, өртті сөндірді. Қалған тұрғындар құтқарылды. Жарақат алғандар арқанмен түсірілді, оларды Апаттық медицина орталығының дәрігерлері қарсы алып, шұғыл көмек көрсетті. Жалпы алғанда, барлығы өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарды, – дейді өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, полковник Болат Нұрдыбаев.

Оның айтуынша, оқу-жаттығуға 70-тен астам адам қатысты. Олардың арасында статистер, жедел-құтқару жасағы, ТЖД қызметтері, апаттық медицина орталығының мамандары мен полиция өкілдері де болды. Жалпы, бұл күндері мұндай оқу-жаттығулар облыстың өзге қалалары мен аудандарында да өткенін айту керек. Облыста түрлі төтенше жағдайлармен күреске 300-ден астам құрылым мен 400-ден астам арнайы техника сақадай сай тұр.

Оқу-жаттығу барысында құтқарушылар қираған ғимараттың үйінділері астынан тірі қалғандарды алып шығу амалдарын да пысықтады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін альпинистік жабдықтар, кинологиялық есептер мен гидравликалық құралдар қолданылды. Артынша апат орнынан эвакуацияланғандар жақын маңда тігілген шатырлы лагерьге жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілді. Оқиға орнына барған облыс әкімі Ермек Көшербаев оқу-жаттығу шараларының барысымен танысып, лагерьдегі жағдайды көріп қайтты. Атқарылып жатқан жұмысқа оң баға берген аймақ басшысы құзырлы органдарға бірқатар міндет те жүктеді.

Айта кетейік, облысымызда «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары кеше басталған. Алғашқы күні құлақтандыру және байланыс жүйелерінің дайындығы тексерілді, бүкіл облыс аумағында сейсмикалық жаттығулар ұйымдастырылды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button