Аймақтар аухалыТОП

Ақжар ауылы ажарлана түседі

Ерлан Бапанов, Тарбағатай

Бұлай деп айтуға негіз де жоқ емес. Жуырда аудан әкімі Дархан Жөргекбаев аудан орталығы – Ақжар ауылында болып, тұрғындармен кездесу өткізді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, келер жылдарға арналған жобалар туралы баяндады. 

Оның айтуынша, биыл Ақжар ауылдық округі бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылған. Атап айтқанда, білім саласы бойынша Ақжар өнер мектебіне 40 млн. теңге, Ақжарға қарасты Жаңалық елді мекеніндегі С.Сейфуллин орта мектебіне 50 млн теңге қаражат бөлініп, ағымдағы жөндеу жүргізілген. Абай атындағы орта мектеп пен Қ.Билялов атындағы лицейге 10 млн теңгеден қаражат бөлініп, қажетті жабдықтар сатылып алынған.

Аудандық маңызы бар Ақжар-Жаңатілеудің арасындағы 1,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысы атқарылған.

Ақжар ауылының ішіндегі Майлин, Төгісов, Рысқұлов, Әуезов, Мұхамадиев, Нұразханов, Сейфуллин көшелеріне «Син-Син» компаниясының демеушілігімен құм төгіліп, қырып-тегістеу жұмыстары жүргізілген.

Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 54 млн теңгеге 21 көшеге жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын 400 дана жарықшам орнатылып, 100 дана жарықшам ауыстырылған. Демеушілердің көмегімен Мұхамадиев көшесіне 60 дана электр үнемдегіш шам орнатылып, Құнафиянов, Қабдешов, Сансызбай, Молдағұлова көшелері толықтай жарықтандырылды және ескі шамдары ауыстырылған.

Ақжар ауылына облыстық бюджеттен бөлінген 15 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынған. Ал демеушілер Бақытжан Құнафиянов пен Болат Нұрпейісовтің көмегімен тағы да екі жерге балалар ойын алаңы жасақталған.

Ақжар ауылына мал қорымын салу жобасы бойынша ЖСҚ-ны «Шынар Проект и К» ЖШС дайындап жатыр, жоба мемлекеттік сараптамада.

Тарбағатай аудандық ауруханасына облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасымен «Парыз» қорынан 37 млн тенге қаражат бөлініп, 50 нүктеге оттегі желісі орнатылған. Аурухананың барлық стационарлық бөліміне оттегі түтігі желісі тартылған. Сондай-ақ жаңадан флюорографиялық, рентгенологиялық, аудиологиялық скрининг аппараттары әкелінген.

Тұрғын үй бойынша да ілгері басқан жұмыстар бар. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 14 баспана салынды.  Тамыз айынан бері 55 млн 134 мың теңге қаражат бөлініп, 12 жас маман баспаналы болған.

Ауылдың аулаларын, көшелерін жасыл желекке айналдыру да назардан тыс қалмады. Аудан бойынша 6 мың 811 түп әртүрлі ағаш көшеті отырғызылды. Қабанбай батыр саябағындағы жүгіру жолағына асфальт төселіп, ойын алаңының айналасындағы жарықшамдар жаңартылды.

Ауылдарды абаттандыру, білім мен медицинаға ерекше көңіл бөлу, көшелерді жарықтандыру мен жолдарға асфальт төсеу жұмыстары келер жылда да жоспарға сай жүйелі жүргізіле береді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында медицина саласына дұрыс жағдай жасау қажеттігін, еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесінің жоқтығын, ауылдарға фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салып, қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз ету керектігін ерекше атап өткен болатын.

Жуырда Ақжар ауылдық округінің Жаңалық елді мекенінің тұрғындарымен кездесу барысында жауапты тұлғалар аталған мәселе бойынша ауылдағы медициналық пунктті көріп, ғимараттың жалпы жағдайымен танысты. Ғимарат қызыл кірпіштен салынған. Іргетасына да, қабырғаларына да сызат түспеген екен. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, әлі де талай жыл қызмет етуге жарап тұр. Биыл бұл медпунктке күрделі жөндеу жүргізу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсынуға жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Қаражаты мақұлданып бөлінген соң алдағы жылдарда толықтай күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар Ақжар ауылындағы Қ.Билялов атындағы мектеп-лицей ғимаратын ішкі жылу желілері мен терезе блоктарын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті салалық басқармаларға бюджеттік өтінім өткізілген.  Ақжар ауылдық округінде салынуы жоспарланған типтік мал қорымының сараптамасын шығару және тиісті салалық басқармаларға өтінім өткізу де қолға алынған.

Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі барысында Ақжар ауылдық округінің әкімі Дәуітбек Қорғауұлы жұртшылыққа округте атқарылған жұмыстардың есебін берген. Тұрғындар мен мекеме басшылары тарапынан көтерілген мәселелер тыңдалып, назарға алынған.

Жалпы, аудан орталығы мәртебесіне араға 25 жыл салып қайтадан ие болған Ақжар ауылында әр бағытта жүйелі әрі қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Айшықты жұмыстардың нәтижесінде Ақжар ауылы ажарлана түсетіні анық.

 

Осы айдарда

Back to top button