Қоғам

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...

Абай атамыздан артық сөз қалдырған ешкім жоқ-ау қазақта. Хакім Абайдың шығармашылығына арқау болған адамзатқа деген сүйіспеншілік, бауырмалдық елімізде биыл 25-ші рет аталып өткен Рухани келісім күнінің басты символдарымен пара-пар. Облыс орталығында толеранттық пен түсіністіктің мерекесіне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел басында бірлік пен татулық, өзара түсіністік және ұрпақ тәрбиесі туралы сөз болды. Диалог түрінде өткен басқосуда облыстағы діни бірлестіктердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктің өкілдері, қоғам белсенділері өз пікірлерін ортаға салды.

Жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Рухани келісім күні діни толеранттық пен конфессияаралық үйлесімдікті көрсететін ең маңызды мерекелердің бірі екенін атап өтті.

Әсем Нүсіпова дінге қатысты орын алып жатқан барлық келеңсіздіктердің діни сауатсыздықтан болатынына тоқталды. Облыстағы имамдардың білімдеріне сараптама жасаған кезде, бірлі-жарымында ғана арнайы теологиялық білім бар екені, қалғандары орта біліммен шектелгені анықталыпты.

-Осы өзекті проблеманы жою мақсатында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы имамдардың білімін жетілдіруге бағытталған арнайы бағдарлама жасады. Біз «Рухани жаңғыру» жобасының аясында да ағартушылық жұмыстарды жалғастыра бермекпіз. Келесі жылы Семей қаласында дін өкілдерінің біліктілігін арттыратын колледж ашуды қолға аламыз. Оқу орны мемлекеттік тапсырыстың негізінде имамдарды әзірлейтін болады. Мемлекет діннің жұмысына тікелей араласа алмайды, алайда, білімді кадрларды даярлауға, ағарту жұмыстарын жүргізуге қолдау танытады. Ал сіздердің міндеттеріңіз дұрыс бағытты таңдап, бар білімдеріңізді қоғамның жасампаздық жолында дамуына арнау деп түсінемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиынға қатысушылар жас ұрпақ тәрбиесінде діни бірлестіктер мен мектептердің ынтымақтастығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты өз ойларымен бөлісті. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» демекші, әңгіменің ауаны біртіндеп отбасы институтын жандандыруға, өскелең ұрпақ тәрбиесіне жете көңіл бөлу қажеттігіне ауды.

-Білімді ұрпақ қай жерде болса да жеңіп шығады. Адамның ақыл-ойы білген сайын толысады, өрісі кеңейеді. Ал осы білімді орынды қолдана білу үшін жеткіншектерге отбасынан бастап, өнегелі тәрбие берілгені дұрыс. Шығыс ғұламасы Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген аталы сөзі бар, – деген пікірін білдірді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Семей қаласы бойынша өкіл имамы Мақсат Қуанышбекұлы.

Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев ақсақалдың ойы да ұрпақ тәрбиесіне қатысты болды.

-Көпұлтты Қазақстанның Мәңгілік Ел болуы үшін бір жылдық емес, бірнеше жылдық жұмыс қажет. Қала мен ауылдарымызды көркейтіп жатырмыз. Бірақ санамыз өспей жатыр. Әсем ғимараттар салып жатырмыз, ал Абайдың ескерткішін шимайлап кетеміз. Жас ұрпақ тәрбиесін босаңсытып алмауымыз керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» деген бар. Жастарымыздың бойында адамгершілік қасиет, дініміз бен ділімізге деген құрмет болса ғана көркейеміз. Біздің мектептерде жұмыс істейтін педагогтардың басым бөлігі қыз-келіншектер. Ал ұл балалар үшін әкенің, ер-азаматтың тәрбиесі өте маңызды. Сондықтан да мұғалім мамандығына жігіттерді көбірек тартуға мән берген абзал. Өнегелі, тату, бірлігі жарасқан отбасы ғана бауырмал, қоғамға пайдалы ұрпақ тәрбиелей алады, – деген көшелі сөзін айтты көпті көрген қария.

«Родник» шіркеуінің пасторы Аркадий Ким мектептерде дінтану сабақтарынан діннен ешқандай хабары жоқ адамдардың беріп жүргеніне қынжылысын білдірді. Облыстық кеңестің рухани келісім жөніндегі сарапшылардың жұмысшы тобының жетекшісі, бұрынғы ұстаз, мектеп директоры Геннадий Пуссеп, Абай атамыздың ұлағатты өлеңдерінен үзінді оқыған қалалық «Руханият» клубының төрайымы Зейнеп Мәшкенқызы да жастарға дұрыс тәрбие беру, имандылыққа баулу туралы ойларымен бөлісті.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова конфессияаралық қарым қатынасты нығайтуға үлес қосқандары үшін ҚМДБ Семей өңірі бойынша өкіл имамы Мақсат Алтыбайды, ҚМДБ Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек Мұқатайға, Өскемен және Семей епархиясының дін қызметкері К.Дьяковті, облыстық драма театрының ұжымын және Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Садырбаевты грамотамен марапаттады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button