Қоғам

«Адал ұрпақ» жемқорлықпен күреседі

«Адал ұрпақ»  жемқорлықпен күреседі


Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күреске енді мектеп оқушылары да білек сыбана кірісетін болады. Өткен оқу жылынан бері еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде «Адал ұрпақ» атты еріктілер клубтары құрылған болатын. Биыл сол клубтардың жұмысы ерекше қарқын алуда. Таяуда Өскемен қаласында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының алғашқы облыстық слеті болды.

– «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының слеті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің бастамасымен өңірімізде бірінші рет өтіп отыр. Жалпы, облысымызда осындай 618 клуб бар болса, 5-11 сынып оқушыларының 20 пайызы осы клубтардың мүшесі болып табылады. Бұл клубтың ең басты мақсаты – мектеп оқушыларын рухани-адамгершілікке, Отанды сүюге тәрбиелеу және жемқорлықтың жолын кесу. Мектептердегі бұл клубтардың жұмысы алдағы уақытта да жандана түседі, келесі жылы облыстық слетке қатысушы командалардың қатары көбейеді деп сенемін, – деді слеттің ашылу салтанатында сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмаділова.

Сондай-ақ, слеттің ашылу салтанатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің жемқорлықтың алдын алу басқармасының жетекшісі Ренат Набиев те сөз алып, слетке қатысушыларға табыс тіледі. Оның айтуынша, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен 2016-2017 оқу жылында Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп «Рухани- адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру» бағдарламасын әзірлеген болатын. Міне, осы бағдарлама аясында жалпы білім беретін мектептерде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылып, жұмыс істеуде. Тек өткен оқу жылында республика бойынша 32 мыңға таяу шара өтсе, біздің облыстағы 618 мектепте 2532 шара өтіп, оған барлығы 27 мыңнан астам оқушы қатысыпты. Сондай-ақ, өз сөзінде Ренат Нәбиев осынау облыстық слетті алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу де ойда барын жеткізді.

Иә, сөйтіп «Жас ұрпақ – Мәңгілік Ел тірегі» деген атпен өткен облыстық слетке өңірдің қалалары мен аудандарынан барлығы бес команда қатысып, өзара бақ сынады.

Жалпы, «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей, бүгінгі қоғамда жемқор атану да жиіркенішті. Осы орайда жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан мектеп оқушылары жемқорлықты қалай түсінеді? Оның қоғамға тигізер залалы қандай? Жемқорлықтан кімдер жапа шегеді? Әрине, слетке қатысқан әр команда оны өзінше түсіндіруге тырысты. Олардың театрландырылған қойылымдары да сондай шынайы шығып, көрермендердің көзіне жас үйірді. Нәтижесінде, «Біз жарқын болашақ үшін» атты бейнеролик сайысында Жарма ауданындағы К. Шакенов атындағы орта мектеп оқушылары жеңімпаз атанса, театрландырылған қойылым байқауында Глубокое ауданының командасы үздік деп танылды. Ал «Жемқорлыққа бірге қарсы тұрайық» үгіт бригадалар байқауында семейлік команда үздік атанды. Ал Өскемендегі №20 мектептің 6-сынып оқушысы Жақсылық Айдын «Жемқорлықсыз балалық» атты сурет конкурсының жеңімпазы атанды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button