Ауыл шаруашылығы

Абай ауданында тұңғыш рет асыл тұқымды мал көрмесі өтеді

Тамыз айының 16-шы жұлдызында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен Абай ауданының орталығы Қарауылда өңірімізде тұңғыш рет «Шыңғыстау жәрмеңкесі – 2013» атты мал көрмесі-аукционы өткізіледі.

Абай ауданында тұңғыш рет асыл тұқымды мал көрмесі өтедіАсыл тұқымды мал көрмесі-аукционының айта кетер артықшылығы, алушы мен сатушының арасында ешқандай делдал жүрмейді. Әдеттегідей қарапайым шаруаның маңдай терін төгіп баққан малын көлденең киліккен алыпсатарлар арзанға қидай сыпырып әкетіп, артынша үстеме қосып саудалау мұнда жоқ.

– Жәрмеңкеге біздің облыстан бөлек Қарағанды және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер қатысады. Ол жерде асыл тұқымды етті, сүтті ірі қара және ұсақ малдармен қатар Алтайдың мақтанышына айналған ара балы, пантыдан жасалған дәрі-дәрмектер көптеп сатылады. Еліміздің басқа өңірлерінен келушілер көрмеге қойылған осындай сапалы дүниелерді қолжетімді бағаға алыпсатарсыз сатып алады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов.

Республиканың әр түкпірінен Қарауылға ат шалдыратын қонақтар көрмеден тыс Жидебайдағы Абай мұражайы кешенін, М.Әуезовтің мұражайы орналасқан Бөріліні, Еңлік-Кебек ескерткішін тамашалауға мүмкіндік алады. Бұл күні аудан орталығы – Қарауылда қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер сән түзеп, дәстүрлі өнерімізді дәріптеуші өнерпаздарымыз салтанат құрмақ. Тыңдарманын еліткен әнші-күйшіні де, топ ішінде жарқ-жұрқ еткен сал-серіні де, доданың көрігін қыздырған спортшыны да осы жерден табасыз. Қысқасы, киелі Абай топырағында болатын бұл сауда атағы жалпақ жұртқа жайылған Қоянды жәрмеңкесінен еш кем соқпасы анық.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button