Мәдениет

«Ағажай-Алтай» Өскеменді әнге бөледі

Бұл күні тіршілік атаулы тегіс ән салды. Күздің күңгірт аспаны мен дымқыл сызды ауасы олардың көңіл күйіне, шалқар шабытына титімдей де әсерін тигізген жоқ. Алғаш рет шымылдығын түріп отырған «Ағажай-Алтай» республикалық фестиваліне қатысушы өнер жұлдыздарымен бірге Шығыстың шырайлы даласы да, әсем келбетті қаласы да ән мен жырдың бесігінде армансыз тербелді. Өскеменнің туған күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шаралардың соңғысы һәм ауқымдысы да осы болды. Мәдени шараны өңірімізге арнайы келген құрметті қонақтармен бірге облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та тамашалады.

«Ағажай-Алтай» Өскеменді әнге бөледіКүндізгі сіркіреп жауған жаңбырға қарамастан кешқұрым қала тұрғындары мен қонақтары Ертістің оң жағалауында орын тепкен ашық аспан астындағы амфитеатрға қарай ағылды. Құшақтары айқасқан ғашықтар, күлкілері жарасқан дос-жарандар бәрі, бәрі осында. Бәрінің арманы біреу – өнері арқылы жалпақ жұртқа танылған жерлестерінің тойға ала келген ән шашуын қабыл алып, қонақтармен бірге Өскеменнің тойын жоғары деңгейде атап өту.

Айта кетейік, фестивальдың мақсаты – Шығыстан шыққан елге танымал тұлғалардың басын қосу арқылы аймақтың беделін арттыру, тұрғындардың рухани деңгейін көтеру, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу.

…Аспан көгінде қалықтаған әуе шары көрінді. Сол-ақ екен амфитеатр сахнасы түрлі-түсті жарықпен көмкеріліп, құс қанаты жетер биіктен парашютшылар көзге шалынды. Бұл көріністер жиналған көпшілікпен қатар мерекеге арнайы шақыртумен келген ел Парламентінің депутаттары, облыс пен қаланың бұрынғы басшылары сияқты құрметті қонақтарды да бей-жай қалдырмады.

– Шығыста жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды, бастамаларды көріп шынымен де риза болып отырмын. Ел халқының игілігі мен жақсы тұрмысы үшін бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың барлығы бұл өңірде орнымен орындалып, өз шешімін табуда. Жұмыс сапарлары аясында, нысандарды аралау кезінде, тұрғындармен кездесулерде байқағаным, жергілікті жұрттың көңілі тоқ. Әлеуметтік жағдайлары да жақсы көрінеді, – деп ағынан жарылған Парламент Сенатының депутаты Талғатбек Абайділдин тың идеяның жемісі болған «Ағажай-Алтай» фестивалін де ерекше атап өтті.

Кеште сонымен қатар Қазақстан Республикасының халық әртісі, жерлесіміз Бибігүл Төлегенова, еліміздің еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы, күйші-композитор, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің бас дирижері Секен Тұрысбеков, елімізге еңбегі сіңген әртіс Майра Ілиясова, жастардың сүйікті әншілері, жерлесіміз Толқын Забирова мен Лидо әнге сусаған жиналған қауымның айызын қандырды.

Әсіресе, аты аңызға айналған күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенованың әуелете шырқаған сазы әрбір тыңдарманның жүрегіне жетіп, көңіл пернелерін дөп басты десек, артық айтқандық емес.

– Туған жерімнің күннен-күнге көркейіп, гүлденіп келе жатқаны мен үшін зор қуаныш. Осындай әсем қалаға жиі келіп, жұртшылықпен жүздесіп тұрғанға не жетсін?! – деген халық әртісі Бибігүл Төлегенова жерлестерін айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін жолдады.

Дәулескер күйші Секен Тұрысбековтың орындауында «Көңіл толқыны» күйі төгілгенде көңілі толқымаған жан болмаған шығар-ау сірә. Адамның алпыс екі тамырын идіріп, «күй» дейтін құдіретке жүгіндірген Секеңнің шеберлігіне тағы бір мәрте қол соқтық.

Айтпақшы, өңірдегі бас қаламыздың туған күніне терістіктегі көршілеріміз де өзінің тарту-таралғысын ала келіпті. Ресейдің Барнаул қаласынан жеткен «Песнохорки» халық әндері театрының ұжымы үлкен қошеметке бөленді. Сондай-ақ, Алатаудың баурайындағы ару Алматыдан келген «Самұрық» бишілер тобы оңтүстіктің сәлемін жеткізді. Топ жетекшісі, жерлесіміз Гүлнара Адамованың айтуына қарағанда, он жылдан астам сахна төрінде көрермендерін қуантып жүрген өнер ұжымы осы тойға өздерінің арнайы әзірлеген бағдарламасымен келіпті.

– Елдің бірлігін нығайтып, ұлттардың ынтымағын жарастыруда мұндай мерекелік шаралардың маңызы жоғары. Бүгінгі өтіп жатқан фестивальдың ұйымдастырылуы, өту барысы көңілімізден шықты, – деген Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева жерлестерін Қала күнімен құттықтады.

Айтулы фестиваль жастардың би кешімен жалғасып, оның соңы отшашумен аяқталды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button