Руханият

Жақсылық үшін жаратылған жан еді

Жақсылық үшін жаратылған жан еді

Әкем марқұм соғыс және еңбек ардагері еді. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекеленіп жатқанда ол кісі есіме жиі түсе берді. Өмірінде атқарған ізгілікті істері үшін мен оны мақтан етемін. Өйткені, оның майдандағы ерліктері, соғыстан кейін бейбіт өмірдегі ұстаздық, бағбандық еңбегі жастарға тәрбие, келешек ұрпаққа өнеге болуға лайық деп санаймын. Осыдан 10 жыл бұрын, Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында республика оқу ағарту ісінің үздігі, Зайсан қаласының Құрметті азаматы болған, анам Роза Салықбаева «әкелеріңнің өмірдегі еңбегі бағаланбай қалды, ол ескерілуі керек» деп бізге ескертіп, осы жөнінде Зайсан ауданының сол тұстағы әкіміне өзі хат та жазған еді. Содан бері менің көкейімде «Анамның айтқаны рас па?» деген сұрақ тұрды. Сол үшін мен әкемнің бар болмысын зерделеп, зерттеуді жөн көрдім. Сонда мен оның игі істерге құштарлығын, қашан да ақкөңіл, ақжүрек өмір сүріп, жұртқа жақсылық жасауға бейім болғанын байқадым. Оның өмірдегі ұстанымы «Артымда мал емес, тал қалсын» деген халық даналығы болғанын өз құлағыммен естіп едім. Өмірінде, жан-жағына жылылық шуағын таратып өткен, балаларына өзінің осындай жақсы қасиетін берген бұл менің әкем, Ұлықбектің әкесі, Айтмұханбеттің, Рүстемнің әкесі – Оразбай Есдәулетов. Ол 1921 жылдың 5 мамырында Зайсан ауданы Үлкен Қаратал селосында, жұмысшы отбасында дүниеге келеді.
Үлкен Қаратал ауылындағы мектептің 1 сыныбына түсіп, осы мектептен орта білім алады да, Семей қаласына жоғары білім алуға аттанған тұста сұрапыл соғыс басталады. 1941 жылы 20 жасында әскерге алынады, 1941-1945 жылдары Брянскі майданы 8-атқыштар дивизиясының ерекше байланыс батальонында (қысқаша «61обс 8сд БрянФ») телефонист болып, соғыстың басынан аяғына дейін майдан шебінде Отанын жаудан қорғайды. 1945 жылы Берлиннен елге оралады.

Майдандағы ерлік: екі досын ажалдан қалай арашалады?

Жақсылық үшін жаратылған жан еді

Зайсан көлінің жағасындағы Приозерный (қазіргі Тұғыл) қалашығында Виктор Белослюдов деген майдандас досы болды. Ол досына жылына бір-екі рет бару әкемнің бұлжымас әдеті болатын. «Неге өзі біздің үйге келмейді, сендер неге бара бересіңдер?» деп сұрағанымызда «ол кісі жүре алмайды, бір аяғы «протез» дейтін. «Енді келгенде балаларыңды алып кел деді» деп, 5-6 сыныптарда оқып жүрген Ұлықбек пен Айтмұханбетті қысқы каникулда бірнеше рет алып барған. «Орыс атаң Виктор қалай, күтті ме? деп апам сұрағанда, соғыс туралы әңгіме тыңдадық деген екеуі де. Бірде үйге «Виктор Белослюдов қайтыс болды» деген телеграмма келді. Әке-шешеміз, жерлеу рәсіміне қатысу үшін Приозерныйға кетті. Кетерде конвертке ақша салып жатып, «Маған әкемдей болып еді» деп көзіне жас алғанын көріп, мен таңғалған едім. Арада бірнеше жылдар өткен соң үйге Виктор ағаның балалары жұбайларымен келді. Үлкен ұлы Анатолий Викторович: «Бұйымтайымыз бар, соны айтайын» деп әңгімесін бастады. «Әкеміз қатты ауырған кезінде бізді шақыртты. Бәрімізді жанына жинап алып, «Сендер қазір азамат болдыңдар, жақсы білім алдыңдар, екеуің де ғылым кандидатысыңдар, жұбайларың да өздерің сияқты ғалым. Сендер үй болдыңдар, балаларың бар. Республикадағы тамаша оқу орны, Өскемендегі құрылыс-жол институтында істейсіңдер, бәрі жақсы. Ол кімнің арқасы?» деді. «Әрине, әке, ол сіздің арқаңыз» деп айтып жатырмыз бәріміз. «Ал, мен сол сұм соғыстан келмесем, сендер болар ма едіңдер?». «Әрине, болмас едік» дейміз. «Ал мен бұл өмірден кеткенде сендер үшін уайымдамаймын, менің ойлайтыным Оразбай. Мені өлімнің аузынан алып шыққан Оразбай. Сол жолы, бір аяғымнан жараланып, орманда қалғанмын, не қансырап өлетін едім, не қайта оралған немістердің қолынан өлетін едім, тек өлім ғана тұрған алдымда. Егер Оразбай тірі екенімді көріп, қайта оралып келіп, мені арқалап әкетпегенде, осы жасқа келмес едім, бұл өмірде болмас едім.
Оразбай онда талдырмаш жас жігіт, ал мен еңгезердей қырыққа тақаған еркекпін, ол мені көтере алмай қиналғанда айттым: «Бетімді бұтақтармен жауып, қалдырған жеріңді белгілеп, осы жерге тастап кет. Немістер қайта оралып келіп қалса, өзің мерт боласың. Әбден соғыс басылып, тынышталған кезде, шамаң келсе, келіп, көміп кет» дегеніме қарамай сүйреп әкетті. Бұған дейін сендерді оқыттым, оған көмектесе алмадым, ал енді сендер ғалым болып, азамат атандыңдар. Ал оның балалары көп, бір баласын алып, өздерің істеп жүрген институтқа түсіріңдер, оның балалары да сендер сияқты білім алсын. Сонда мен сендерге риза боламын» деді. Сондықтан әкеміздің өсиетін орындайтын жағдайымыз бар, бір балаңызды оқуға түсіруге сұрап келдік» деді. Әкеміз үйде жоқ болатын, «міне, қызық» деп ойладым мен. Шешеміз рақметін айтып:
«Бағдат пен Ұлықбек институтты бітірді, Айтмұханбет КазГУде оқып жатыр, ал мектепті биыл бітірген Салтанат қана, бірақ ол пединституттың биологиясына бармақшы. Ол құрылыс-жол институтына түскісі келмейді» деп түсіндірді.
«Болмайды, біз әкеміздің өсиетін орындауымыз керек, Салтанатпен өзіміз сөйлесейік деп, шақыртып алды да, оны үгіттеді. Салтанат болса:
«Мен математика, физиканы ұнатпаймын, аттестатымда да бағаларым жақсы емес, оқи алмауым мүмкін» деп ат-тонын ала қашты. «Ештеңеден қорықпа, экзаменді өзім аламын, сабақты өзім беремін, қиын болса қосымша мұғалім табамын» деп жалынды. Әйтеуір, болмаған соң, «онда мен сабақ беретін техникумыма түс, мен де өзім сабақ берем, өзім экзамен қабылдаймын» деп енді оған оның әйелі Валентина қосылды. Әйтеуір, бүгін дүниеден озған, марқұм сіңлім Салтанаттың құрылыс-жол техникумына түсіп, прораб мамандығын алуына осы кісілердің тікелей әсері болды.
Мен Зайсан музыка мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жүргенмін, Жеңіс күніне байланысты әкемнің «Достық» газетіне естелігі шықты. Осыған орай, өз аузынан естігім келіп, «Белослюдовпен қалай дос болдың, оны қалай құтқардың?» деп сұрадым. «Мен ол кісіні танымайтынмын. Соғысқа бірге аттанған досым Сіләмғали Базаров хат беріп жіберіпті. «Екі күн сұрапыл соғыс болды. Біз жауды қуып барамыз. Өлген адам көп, орманда жерлесіміз Забен Алтаев қалды. Өлді ғой деймін, қатты жараланды. Ол сенің маңыңда, екі шақырымдай жерде. Уақыт тауып, ізде, ит-құсқа жем болмасын, мүмкін болса жерлеуге тырыс» депті. Дәл сол кезде біз де шабуылға дайындалып жатқанбыз, баруға мүмкіндік болмады. Екі күннен кейін, шабуыл аяқталған кезде, «солдаттар дем алсын» деп мұрсат берді. Сол кезді пайдаланып, командирден, орманда қалған жерлестерімді іздеп келейін деп, екі сағат уақыт беруін сұрадым. Байқап жүр, немістердің үстіне түсіп қалма деп ескертті. Босатқан соң, жүгіріп орманға келдім, өлген адамдардың қалталарынан Забен Алтаев деген документ іздеймін. Өйткені ол кісіні мен көрмегенмін, танымаймын. Ол кісіні іздеп жүргенде бір қалтадағы документтен «Белослюдов Виктор, ВКО, Приозерный» деген жазуды оқыдым. Тамырын ұстасам, тірі, жүрегі соғып жатыр, қайта айналып келем деп, ары қарай жүгірдім. Іздеп жүріп, Алтаевты таптым. Жүрегі өте әлсіз соғады, ес-түссіз жатыр, беті көрінбейді, ісіп кеткен, бастан жараланған екен. Бұл кісі үлкен адам екен, әрең көтеріп, біресе сүйреп, Белослюдовтың қасына жеттім. Ол кісіні қоса сүйреймін, шамам келмейді, ауыр жараланған аяғы салақтап жатыр. «Екеумізді бірдей алып жүре алмайсың, немістер қайта оралуы мүмкін. Мені бір ағаштың түбіне жатқыз, үстімді тоғайдың бұтағымен, жапырақтармен жауып кет, немістер өлген екен деп қалсын. Бетімді жасыр, ит-құс жеп қоймасын» деді. Солай істедім де, Алтаевты әкеліп санитарларға өткіздім. «Тағы бір жерлесім орманда қалды, тірі екен» деп командирден қайта рұқсат алып, Белослюдовқа жүгіріп келсем, сол қалдырған жерімде жатыр екен. Бірақ тірі адам емес сияқты, өліп қалған екен деп зәрем ұшып, өкініп, «бекер тастадым» деп сөйлеп жіберген екенмін. «Сені неміс екен деп, өтірік өлген болып жатқанмын» дегенде қуанып кеттім, ол кісіні де санитарларға апарып өткіздім. Екеуінің де қалтасына өзімнің аты-жөнімді, адресімді жазып салып, «осындай уақытта орманнан тауып алып, медсанитарларға өткіздім» деген хатты қостым. Алты айдан кейін «Москвада госпитальда жатырмын, тәуір болып қалдым, жақында соғысқа қайта аттанамын» деп рақметін айтып хат жолдапты Забен Алтаев. Іле-шала Белослюдов алғысын білдіріп, соғысқа жарамсыз болғанын айтып, елге қайтатынын жазды» деп әкем әңгімесін аяқтады. Сол кезде менің ішімде әкеме деген ризашылық сезім пайда болды. Уақыт өте келе түсіндім, бойында қанша мейірім, қандай ержүректік болғанын. Жерлес досының сөзін жерге тастамаған неткен сыйластық, неткен адалдық. Егер бойын қорқыныш билеп орманға бармаса не болушы еді? Осы кісілердің ұрпақтары қазір мықты азаматтар, білімді, білгір маман болып, халқына еңбек сіңіруде.

Бейбіт өмірдегі ерлік: ауылдастарына арнап аштырған кешкі мектеп

Жақсылық үшін жаратылған жан еді

Соғыстан кейін ол кісі 1946 жылы Роза Салықбаевамен (1929 жылы туған, филолог-тіл маманы) отбасын құрып, жеті бала тәрбиелеп өсірді. Мен әке-шешемнің үшінші баласымын. Есейген кезде анамнан сұрадым: «Ер адамдарға қоятын есім екен ғой. Неге менің есімімді Бағдат деп қойдыңдар?» Сонда анам: «Әкең сол кезде кітапты өте көп оқитын. Сен тумай тұрғанда «Мың бір түн» кітабын оқып болған соң, «Осыдан кейін өзіме ұнаған атты ғана балаларыма қоямын. Келесі балам ұл болса да, қыз болса да, екеуіне де бірдей, «Мың бір түннің» ішінен «Бағдат» деген атты таңдадым» деді. Ал Ұлықбек туарда оқығаны «Астроном Ұлықбек» деген кітап, әрі соғысқа аттанғанда Самарқанд қаласында телефонистің оқуында болып, жұлдызшы ғалымның мавзолейін көрген екен. Сондықтан оның аты сөзсіз Ұлықбек қойылды. Айттың бірінші күні туған баласына пайғамбардың мерекесінен аттамаймын, Айтмұхаммед болсын деген» деді анам. Жалпы, адамға қойылған есім, оның тағдырына үлкен әсерін тигізеді, өміріне бағдар беретін, жол шамы іспеттес екенін ол кісі білген екен ғой деп ойладым. Сондықтан балаларының есімін өзі таңдап қойғаны дұрыс болған екендеп, «Мың бір түн» кітабын арнайы оқып, сонан соң әкеме де, өзіме қойған есімге де риза болып, көңілім жай тапты.
Анамыз екеуі үй болған соң, білімге құштарлық танытып, жоғары білім алуға ұмтылады. Әкеміз Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының химия-биология факультетін бітіреді. Қызмет жолын Зайсан ауданы Благодарнен орта мектебі (кейіннен – Қаратал) мен Рожков бастауыш мектебінен бастап, Үлкен Қаратал мектебінде химия-биология пәнінің ұстазы болып 35 жыл қызмет атқарды.
Ұстаздық жолында қоғамға маңызды көптеген әлеуметтік шараларға бастамашы болғанын білемін. Біз мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде ауыл азаматтары Совет армиясы қатарынан келген соң, ауылдың үлкен кісілеріне сәлем беру, өздері білім алған мектебіне барып амандасу дәстүрі болған. Сондай дәстүр бойынша біздің үйге де, мұғалімдері болған соң амандасуға келіп тұратын. Әлі есімде, Ораз Қабанбаев, Солтан Бекмұханбетов, Манап Бадығанов, тағы басқа да сол кездің жастары келіп, әкеммен әңгімелесетін. Ұмытпасам, әкем сонда: «Бұғанға дейінгі Үкіметтің талабы жұмысшы жастарды дайындау болды, орта білім алу жастарға міндетті емес еді. Енді заман өзгеріп келеді, келешекте кәсіптік білім керек болады. Ал сол кезде сендер есейіп кетесіңдер, жастармен бірге оқуға ұяласыңдар. Кейін үйленесіңдер, балалы боласыңдар, білім алуға мүмкіндіктерің азаяды. Сондықтан орта білімді кешкілік мектептен оқып алыңдар» деді. Келгендер: «Барлық жастардың білім алғысы келеді, бірақ жастарға арналған кешкі мектеп үш шақырым жердегі Қаратал селосында, сағат кешкі 6-да басталады, жұмыстан жай шығамыз, күнделікті сабаққа баруға үлгермейміз. Ал өз ауылымызда болса (Үлкен Қараталда) үлгереміз, оған дайынбыз» дегенді айтып жатты. Сонда әкем: «Олай болса, білім алғысы келетін жастардың тізімін жинап әкеліңдер, өз ауылымыздан кешкі мектеп ашу керек, мен сендерге көмектесейін» дегенін естідім. Осыған орай, әкем хат жазып, ауыл азаматтарының сұранысы бойынша жастардың сырттай орта білім алуы жөнінде облыстық білім басқармасының алдына мәселе қойды. Комиссия келіп көрді, тексерді, содан соң Зайсан ауданының азаматтары үшін алпысыншы жылдың ортасында Үлкен Қараталда облыстық сырттай оқыту орта мектебінің кешкі «Консультативтік пункті» ашылды және оның директоры қызметін қосымша 10 жыл бойы өзі атқарып жүрді. Мысалы, мен білетін, осы мектептен сырттай орта білім алған көптеген азаматтар жоғары оқу орнын бітіріп қоғамда да, өмірде өз орнын тапты. Мысалы, әкемнің сол кезде кешкі мектеп бітірген шәкірттері Ораз Қабанбаев, Солтанбек Бекмұханбетов Зайсан ауданында ары қарай білімін жалғастырып, мекеме басшылары қызметін атқарса, Манап Бадығанов жоғары білім алып, Шығыс Қазақстан Педагогикалық институтының проректоры болып жұмыс істеді. Сондай-ақ, оның жүздеген шәкірттерінің ішінен Марат Қабанбаев пен Асқар Егеубаев сияқты аттары алты алашқа мәшһүр дарынды қаламгерлер шыққанын атап айтқан абзал.

Не үшін өз балаларын өзге мектепте оқытты?

Ал күндізгі мектепте өзінің оқытқан биология пәніне байланысты оқушыларға тәжірибе жүзінде үйрету үшін 1964 жылдан бастап «Жеміс-жидек бағын» құрды. Жеміс ағаштарын мектеп бағына отырғызу үшін әр жерден іздестіріп жүріп, келіскен соң, мотоциклімен барып, өзі сатып әкелетін. Өте көп жеміс ағашын, оның ішінде алманың әр түрі, «Китайская», «Зайсанская», «Антоновка», «Лимонка» және «Алмұрт», үш түрлі өрік, үш түрлі қарақат түрлерін қазіргі Кеңсай, бұрынғы Мичурин және «24 Партсъезд» совхоздарынан сатып әкелді. Кейбір жидек ағаштарын шофер көршіміз Тұрысбек Салбанов тауға жұмысқа барғанда, бірге еріп барып, сол кісінің машинасымен Сайқан тауынан әкелді. Биология сабағында оқушылар тәжірибе жасап, өсіріп бағатын, «үйде де өсіріңдер» деп, балаларға да беретін. Жаз айында мектептің шаруашылық меңгерушісі жемісін сатып, мектеп шаруашылығына керек-жарақ сатып алатын, мектептің музыка үйірмесіне домбыра, баян, шахмат, дойбы, доптар сатып алғандарын өзім жыл сайын көретінмін. Осы «Жеміс бағы» арқылы аудан, облыс, республика көлемінде мектеп мұғалімдері тәжірибе алмасып оқытқанын білемін. Дәл сондай бақ біздің үйде де болды.
Өзінің балаларының тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлетін. Бірде ол: «Әке-шешесі – яғни, біз мұғалім болған соң, бірге істейтін мұғалімдер, біздің көңілімізге қарайды, балаларымызға бағаны асыра қояды, содан бұлар дұрыс білім алмай, жеңіл қалқып, дандайсып кетуі мүмкін. Сондықтан басқа мектептен оқысын» деді. Сөйтіп, Рүстемнен басқамыз түгел басқа ауылдан оқып, Қаратал орта мектебін бітірдік. Балалары үйде үйренуі үшін әртүрлі музыкаға, спортқа, сурет салуға арналған аспаптар мен құралдарды әкеліп беріп, өзіміз үйде айналыстық.
Әлі есімде, үйде отырғанмын, келесі бөлмеден ата-анамыздың екеуара әңгімесі естіліп тұрды. Анамыз айтып отыр екен: «Бірталай уақыт ақшаны тартпаға тастап жүрмін, ешқайсысы керек қылған жоқ, күнде санаймын» деді. Макаренко балалардың ақшаға әуестігін тексеру үшін ақшаны көрнекті жерге ашық тастаған. «Тартпадан көрмей жүрген шығар, ашық таста» деді әкеміз. Анамыз Макаренконың тәжірибесін осылай орындады, бірақ балаларының біреуі де оған мән берген жоқ. «Неге ақшаны алмадыңдар?» деп сұрады анам. Қажет болса сұрап аламыз ғой, қазір еш қажеті жоқ қой» дедім. Содан кейін «Осы жерде ақша тұр, біз жоқта керек болып қалса, аларсыңдар, бірақ алғандарыңды артынан ескертіп айту керек» деді. Олар бізді дұрыс тәрбиелеген екен ғой деп ойлаймын қазір.
Жалпы, бала тәрбиесіне келгенде, әкеміз: «Баланы бетінен қақпай өсіру керек. Қатты ұрсуға болмайды, «сөз сүйектен өтеді» дегендей, адамның тілі – алдаспандай, бойынан өтіп кетеді. Содан кейін баланың көңілі қалады, артынан ештеңеге зауқы соқпайтын болады. Бала өз ақылымен ойласын, ойлауына жағдай туғызу керек. Ата-ана тек жөн сілтеп, жолын табуға көмек беруі қажет» дейтін. Бала тәрбиесіндегі осы ұстанымы қазіргі дүниежүзілік білім және тәрбие заңдылығына сай келетіндігі сүйсіндіреді.
Әкеміз Оразбай Есдәулетов 1981 жылы зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы жылдары Зайсан қаласында тұрып, 1998 жылы Алматыда, балаларының ортасында дүние салды.
2014 жылы Зайсан ауданындағы үлкен қараталдық ауылдастары әкеміздің кезінде өз қолымен отырғызған жеміс бағын темір шарбақпен қоршатып, «Оразбай саябағы» деген ат беріп, ескерткіш тақта орнатты. Ол бақты күтуді өзі өмір бойы ұстаздық еткен орта мектеп оқушылар қамқорлығына алған.

Бағдат Есдәулетова

Осы айдарда

Back to top button