Мәдениет

Қыз Жібектің сіңлілері сынға түсті

Семейдегі мәдениет сарайында жоғары және орта оқу орындарында оқитын қыздардың қатысумен «Семей аруы – 2012» қалалық байқауы өтті.

Қыз Жібектің сіңлілері сынға түстіАталмыш шараны қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Пікір-сайыс клубтарының бірлестігі» атты қоғамдық қор ұйымдастырған.

Сайысқа қатысқан арулар ұмытылып бара жатқан «Есік көрсету», «Ат тергеу», «Сәукеле кигізу» сияқты дәстүрлерді тамаша көрініспен қайта жаңғыртып, «Шеше көрген – тон пішер» сайысында алдын ала дайындаған ою-өрнектерін қорғап шықты. Баян мен Жібектей бұрымды қыздардың салған оюлары өздерінің әдеміліктері сияқты бірінен-бірі асқан күрделі әрі әсем екен. Ал «Өнерлі – өрге жүзер» сайысы қатысушыларға дарынымен ұштасқан өнерлерін көрсетуге мүмкіндік берген. Арулардың инабаттылықпен қатар, ақылдылығы мен білімділігін, салт-дәстүрді жетік меңгергенін, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларымен, өмірбаяндарымен таныс екендігін көрсету мақсатымен «Білгенге – маржан» сайысы ұйымдастырылса, соңғы сайыс «Қыздарға әсемдік жарасады» деген атаумен өтті. Ең ғажабы, жаңа үлгіде, жинақы етіп тігілген, ұлттық нақышқа бай киім үлгілерін киген қыздар легі сахна төріне көтерілгенде жиылған көпшілік толассыз қол соғумен болды.

Сонымен көркемдік салтанат құрған бұл сайыста Семей мемлекеттік педагогикалық колледжінің студенті Ажар Жуаспаева бас жүлдемен бірге «Семей аруы – 2012» атағын иеленді. Ал Семей мемлекеттік медициналық университетінен келген Әйгерім Қуанышбекқызы «Өнерлі ару», Семей мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Жанерке Қыдырғалиева «Шебер ару», Қазақ инновациялық заң университетінің намысын жыртқан Баян Шегедекова «Көрермен көзайымы» деп танылса, Д.Қалматаев атындағы Семей медицина колледжінің студенті Әйгерім Әбдірашитова «Білімді ару» аталымымен мадақталып, барлығына бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button