Экономика

Туризмді қашан табыс көзіне айналдырамыз?

19-20 мамырда Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында «Туризм. Саяхат. Демалыс» атты I аймақтық туристік көрме өтті.

Туризмді қашан табыс көзіне айналдырамыз?Аймақтағы туризмді дамытып қана қоймай, оның имиджін арттырып, бағыт-бағдарын айқындау мақсатында өткен көрменің қалың бұқараға берері мол. Емдеу-сауықтыру туризмі, экология, жағажай, мәдени-танымдық тақырыптарда ұйымдастырылған көрмеге облысымыздағы көптеген мекемелер қатысты. Көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Жомарт Мұратов құттықтау сөз сөйледі.

– Әлемнің көптеген елдері осынау туристік бизнестің арқасында миллиардтап табыс кіргізіп отырғанын барлығымыз жақсы білеміз. Қазақстанда аталмыш сала кенжелеп жатқанмен, алдағы уақыттарда бұл мәселе шешімін тауып, Алтайдың сыңсыған қарағайлы орманы мен көк тіреген шыңдары шетел асып келген қалталы мырзалардың назарына ұсынылмақшы, – деді Мұрат Хайдарұлы.

Еліміздегі 12 ұлттық табиғи парктердің ішіндегі ең үлкені болып саналатын, жалпы ауданы 643477 га. жерді алып жатқан Катонқарағай ұлттық табиғи паркі біздің облыста орналасқан. Сонымен қатар «Семей орманы» мемлекеттік мекемесі, Риддер қаласы маңындағы көркі көз тартар ғажайып жерлер туристер назарын аударатыны анық. Бүгінде саяхатшы атаулының жер бетінде бармаған жері қалмады, әлемді шиырлаған жиһангерлердің ендігі қызығатыны адам аяғы баспаған, жабайы, тұмса табиғат болмақ. Осы тұрғыдан алғанда қазақ жері туристер талабынан шығып-ақ тұр.

Көрмеге қатысушы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Менеджмент және маркетинг» кафедрасының меңгерушісі Ғайни Қойшинованың айтуынша, еліміздегі туризмді дамытуға маман жеткілікті, себебі, жыл сайын 30-40 студент туризм мамандығы бойынша білім алып шығады.

– Әрине, елдегі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырған көптеген себептер бар. Дегенмен, барлық мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Өлкемізді саяхатшыларға таныстыратын арнайы маршрут дайындауымыз керек. Тек тау-тас, орман-көлімізді ғана емес, ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрпымызды шетелдіктерге барынша таныстыруымыз қажет. Бұл – 2003 жылдан бері айтылып, қозғалып келе жатқан мәселе. Туризмді дамытуды қолға алатын уақыт жетті, – деді Ғайни Қойшинова.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button