Оқиғалар

Терілері теріс айналды немесе ағайынды контрабандистер құрықталды

Бүгінгі күні кеден комитеті басшылығы тарапынан Қытаймен шекарада орналасқан кедендер мен кеден бекеттерінде қатаң тәртіп орнату мәселесіне өте қатаң көңіл бөлінуде.

Терілері теріс айналды немесе ағайынды контрабандистер құрықталдыАтап айтсақ, қазіргі уақытта аталмыш кеден органдарында кеденшілермен қоса ведомствоаралық комиссия мүшелері де кеден қызметкерлерімен бірге иық тіресе еңбек етіп, кедендік бақылау функцияларын атқаруда. Соның нәтижесінде күн өткен сайын әр көліктен өндірілетін кедендік төлемдердің саны артып қана қоймай, кеден заңнамасын бұзушыларға қарсы да табанды күрес жүргізілуде.

Соған қарамастан, кеден заңнамасының талаптарын өрескел бұзып, контрабандалық әрекетке бой ұрғызатын тәртіп бұзушылардың қарасы азаяр емес. Атап айтсақ, жуырда Шығыс Қазақстан облысындағы «Бақты» кеден бекетінде бір мезетте үлкен көлемдегі екі контрабандалық әрекеттің беті ашылды.

Бір қызығы, жолаушылар терминалында жолаушылардың қол жүктерін кезекті кедендік тексеруден өткізу барысында ұсталған екі контрабандист ағайынды болып шықты. Михаил Сухоруков пен оның әпкесі Марина Сухорукованың қол жүктерінің ішінен кедендік тексеру кезінде жолаушылар декларацияларында мәлімделмеген және кедендік тексеруден жалтарылған 85 дана әртүрлі бағалы аң терілерінен жасалған тондар мен ішіктер және күртешелер әшкереленді. Нақтырақ айтсақ, Михаил Сухоруковтың қол жүктерінің ішінен 64 дана, ал Марина Сухорукованың қол жүктерінің ішінен 21 дана бағалы аң терілерінен жасалған ішіктер мен тондар және күртешелер қылмыстық айғақ ретінде алынды. Ұсталынған ішіктер мен тондар табиғи құндыз, суыр, түлкі және қой терілерінен жасалған тауарлар болып табылды.

Ұсталынған тауарлар бойынша процессуалдық шешім шығару үшін тауарлардың кедендік құнын анықтау мақсатында кедендік сараптама тағайындалған болатын. Сараптама қорытындысы негізінде кедендік тексеру мен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарылған аталмыш тауарлардың жалпы құны 9 миллион 483 мың 941 теңгені құраса, төленуге тиісті кедендік төлемдер мен салықтардың құны 2 миллион 282 мың 971 теңгеге жетті. Аталмыш фактілер бойынша ағайынды – әпкелі-бауырлы екеуіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 209-шы бабының (экономикалық контрабанда) 1 тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бекен Нұрахметов,
«Бақты» кеден бекеті
бастығының орынбасары

Осы айдарда

Back to top button