Руханият

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

Араға екі жыл салып Алтай топырағынан тараған бауырлас түркі ұлыстары Катонқарағай ауданына тағы жиналды. «Алтай – алтын бесік» деген ұранмен өткен бұл жолғы басқосудың сипаты да, сапасы да мүлде басқаша өрбіді.
Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан сынды халықаралық Түркі академиясының құрылтайшылары саналатын төрт елдің ғалымдары мен археологтары, археологиялық институт басшылары, ақпарат саласының майталмандары Төр Алтайдың Қара Қаба және Берел қорымдарында болып, белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған мамандардың соңғы екі жылда тапқан олжаларын тақырып тұздығына айналдырды. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия Үкіметінің жанындағы Түрік ынтымақтастық және даму агенттігінің Қазақстандағы өкілі Мехмет Бодур, түркиялық «Haberturk», «Diriliş Postası» сынды үлкен газеттердің, әлемнің 120 еліне тарайтын NTV телеарнасының журналистері, қырғызстандық археолог Қуатбек Табалдиев, Әзірбайжан тарихшысы Тахир Шахбозов қатысқан симпозуим-семинар екі күнге созылды.

Аңыздағы жерұйық Қара Қабадан табылды

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

Баба жұртын аңсай жеткен бауырластарын катонқарағайлықтар қай кездегідей айқара құшақпен қарсы алды. Василий өткеліндегі поромнан бастап 1700 метр биіктікте жатқан Қара Қаба қорымдарына дейін меймандардың жанынан әуезді ән үзілген жоқ. Қонақтар салған жерден ел арасында «Австрия ирегі» атанып кеткен шапқан жол арқылы Тарбағатай жайлауына тізгін бұрды. Мақсаттары аңыз бойынша көк түркілерге жер бетінен жойылу қаупі төнген шақта құтты мекен болған, жарақты жаудың аяғы жетпес биіктіктегі Қара Қаба жазығына жамбас тигізіп, түнеп шығу болатын. Аңыздағы ұйық мекенді Қара Қабаның жағасынан іздеулері де тегін емес. Өйткені аталмыш жазықтан Зейнолла Самашев бастаған археологтар үш бірдей көне музыкалық аспап тапқан болатын. Бұған дейін Еуразия аумағында үш бірдей музыкалық аспап табылмағандықтан, бұл олжа теңдессіз саналып отыр. Сол аспаптың біреуі қазақтың қобызы мен еуропалықтардың қолындағы скрипканың «арғы атасы» екенін ЮНЕСКО болып мойындап отыр. Алпауыт ұйымның штаб пәтерінде әлем жұртшылығына ұсынылған көне жәдігер араға 2000 жылдай уақыт салып өзі көмілген топырақта тұңғыш рет қайта сарнады. Түркі академиясының сарапшысы, әйгілі қобызшы-композитор, Қорқыт мұрасын тірілтуші Әлқуат Қазақбаев ожау басындай ғана аспаптан аспанды күңіренткен құдыретті күйлер төкті. Ол бұл аспаптың З.Самашев ұсынған суреттер негізінде қалпына келтірілгенін, осы арадан табылған өзге екі аспап та алдағы уақытта қалпына келтірілетінін айтады.

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

Сондай-ақ, туыстас елдің өкілдері аталған жазықта осыған дейін қазылған қорғандарды аралады. Бұл жердегі қорымдарды археолог 2002 жылы тапқанымен оны қазу тек соңғы екі жылда ғана мүмкін болған. Түркі академиясының қаржылай қолдауымен жүргізілген қазу жұмыстарының нәтижесінде ғұн-сармат кезеңіне тиесілі жәдігерлер мен мүрделер табылған. Қорымдардың бірінен табылған сүйекті З.Самашев ғұн дәуірінде өмір сүрген жауынгердің бейіті деп болжайды. Қабірден жауынгер денесінен бөлек аттың сүйегі мен қару-жарақ табылыпты. З.Самашевтің айтуынша, балдағы алтынмен зерленген қылыштардың бірінің сабы Тынық Мұхитты мекендейтін скат балығының терісімен қапталыпты. Археолог бұл ғұн-сарматтардың экономикалық қарым-қатынасы бір ғана құрлықпен шектелмегенін аңғартатын жайт деп бағалайды. Бұл қорғандар Мөде Шаньюйдің шабуылына алғашқы болып ұшыраған жұртқа тиесілі болуы мүмкін деген болжам да айтылды.

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

Археолог З.Самашев Қара Қаба жазығындағы ондаған қорғанның тек жетеуін ғана қазып үлгергендерін айтады. Біржақты кетіп қалмау үшін алтын-күмісі бар бай қорғандармен қоса кедей қорымдарды қазған екен. Ондағы мақсат сол кездегі қоғамдық құрылымды анықтап, олардың тіршілік деңгейі жайында материалдық деректер табу. Ол сондай-ақ бауырлас елдердің өкілдеріне Есік қорғанынан кейін алтын адам табылған Шілікті, Үржар, Берел қорғандарының ерекшеліктері туралы әңгімеледі. З.Самашев Шығыс Қазақстандағы сақ-ғұн қорғандарына өмірін арнаған 17 жылдың ішінде ондаған қорғаннан тоқсан ат табылғанын айтады. Олардың ерте кезеңгілерінде ердің қасы мен үзеңгі болмаған екен. Дәл осындай үзеңгісіз ерлер Қытайдың Циншихуан атты ішкері өлкесінен де табылыпты. Ғалым бұл жайт сол тұстағы оңтүстік көршілеріміздің қарсыластарына шамасы жетпеген шақта түркілердің озық атты кавалериясын көмекке шақырғанының дәлелі дейді. Берел жазығындағы қорымдар біздің заманымызға дейінгі III-IV ғасырларға тиесілі болса, Қара Қаба жазығындағы қорымдар бірнеше кезеңді қатар қамтитындығымен ерекше. Оған қоса мұндай биіктікте жер шарының басқа ешбір нүктесінен осындай қорым табылмаған екен.

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

Семинарда сөз алған меймандар археолог Зейнолла Самашевтың еңбегіне толассыз ризашылықтарын жеткізді. Халықаралық Манас унирверситетінің профессоры, археолог Қуатбек Табалдиев қырғыз жеріндегі қазба жұмыстары ғұндар өркениетінің Алтайдан бастау алып, Хантәңірге көшкенін айғақтайтынын айтты. Оның айтуынша, Қырғызстан аумағынан 30-дан астам руна таңбалы тастар табылыпты. Ал Түркия тарапының өкілдері көне дастанда айтылатын алтын бесікке тым кешігіп жеткендеріне өкініш білдірді.
– Алтайды әлем назарына түркілердің түпкі мекені ретінде таныстыру ісіне осынша кеш араласқанымыз – біздің қателігіміз. Дегенмен алғашқы қадамды бүгін жасап отырмыз. Бұдан былай экспедицияның тұрақты өтіп тұруы үшін қолдау көрсетуге дайынбыз. Киелі мекенде шырақшы болып қалған қазақ бауырларымыз зор құрметке лайық, – деді ТІКА ұйымының өкілі Мехмет Бодур.

Мәртебелі меймандар катонқарағайлықтардың қонақжайлығына тәнті болды

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

Семинар соңында академияға мүше елдердің өкілдері ортақ проблемаларды шешу жолдары көрсетілген қарар қабылдады. Бұл құжат кейін бауырлас мемлекеттердің бірлескен саммитінде бекітілуі тиіс. Келесі экспедиция «Алтайдан Тәңіртауға» деген тақырыппен қырғыз жерінде өтетін болды.
Экспедицияның екінші күнінде Берелдегі патшалар жазығын аралаған меймандар Берел мұражайындағы экспонаттармен танысты.

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

Келер жылы Зейнолла Самашевтің қазба жұмыстарына Түркияның Гази университеті, Қырғызстанның Манас университеті атсалысуға ниет білдірген екен. 2016 жылы негізгі күш диаметрі 38 метр болатын алып қорғанға салынбақ. Археолог бұл қорғаннан тағы бір алтын адам табылуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Алда бұдан басқа Берел мұражайының аумағында археологиялық зерттеу базасын салу міндеті тұр. Қаржы табылса, қазылған олжаны зерттейтін салалық зертханалар осы аумақта бой көтеруі тиіс. Бұл база табылған жәдігерлерді аспан астында мүжілу мен ары-бері тасымал кезінде бүлінуден сақтап, уақыт пен қаржы үнемдеуге септігін тигізетін болады. Сондай-ақ, осыған дейін табылған сүйектердің ДНК жасушаларын нетохандреологиялық зерттеулер арқылы қазіргі қазақтармен тамырластығын ғылыми тұрғыда дәлелдеу көзделген.

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

Рас, «Алтай – алтын бесік» атты басқосу бұл жолы мәдени байланыс деңгейінен мелекетаралық ғылыми ынтымақтастық деңгейіне шықты. Ендігі міндет – ортақ мұраны әлем назарына өз деңгейінде ұсына білу.
Мұндай ауқымды іс-шараны жоғары деңгейде өткізу оңай шаруа емес. Бұл ретте Катонқарағай ауданының әкімі Қалихан Байқонысов пен аудандық әкімдіктегі өзге де азаматтардың еңбектері зор. Осы шараны өткізуге ұйтқы болған халықаралық Түркі академиясы Төр Алтайдағы азаматтарға алғысын айтып, хат жолдапты.

Түбі бір түркінің ғалымдары төр Алтайда бас қосты

-Түркі халықтарының түпмекені, «Ергенеқон» алтын аңызына арқау болған – асқар Алтай төрінде, өзіңіз басқарып отырған Катонқарағай ауданы жерінде өткен «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық экспедиция жоғары деңгейде табысты аяқталды. Мәртебелі меймандар атажұрттың табиғаты мен сол елде отырған өзіңіз секілді ақ жарқын азаматтардың меймандостық пейіліне риза болуда. Қазір экспедиция нәтижелерін шетелдік телеарналар мен беделді басылымдар кеңінен насихаттап, деректі фильмдер жасауда, Қарақаба, Берел қазынасы секілді жауһарларымызға жалпақ жаһанның назары аууда. Бұл өз кезегінде киелі өлке Катонқарағай жеріне саяхатшылар мен қонақтардың көп келіп, туризмнің дамуына да игі ықпал етері анық. Алдағы уақытта да халықаралық Түркі академиясы бұл бағытта Сіздермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтін болады.
Халықаралық мәртебелі шараның сәтті өтуіне жол бастап, ыстық ілтипат танытып, қонақжай көңілмен қарсы алғаныңызға зор алғыс білдіремін. Сіздей іскер, ұлт мәдениетіне жанашыр, рухы асқақ азаматтың шежірелі Алтай жерінінің шырақшысы екендігіне шетелдік ғалымдар тәнті болып, жоғары баға берді. Сізге және аудан әкімінің орынбасары Жанболат Батталұлына, аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Зағыпранұлына және басқа да ұжым мүшелерінің барлығына шын жүректен рахмет айтып, толағай табыс тілеймін!, – деп ағынан жарыла алғысын білдіріпті өзінің хатында халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button