Оқиғалар

Тарбағатайда тауық жұмыртқасындай бұршақ жауды

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тарбағатай ауданының Қызылкесік, Ойшілік, Құмкөл ауылдарында көлемі 6-7 сантиметрге жуықтайтын бұршақ жауған.

Тарбағатайда тауық жұмыртқасындай бұршақ жаудыҚызылкесік ауылындағы Би Боранбай атындағы мектептің 86, Мәдениет үйінің 16, ауылдық әкімдік пен емдеу амбулаториясының 16, балабақшаның 15 және 345 жеке меншік үйлердің терезесіне зақым келген. Ойшілік ауылында Тоғас батыр атындағы мектептің 450, Мәдениет үйінің 60, емдеу амбулаториясының 40, ауылдық әкімдіктің 25, балабақшаның 30 және жеке меншік үйдің көлемі 60 текше метрді құрайтын шатыры бүлінген. Және ауылдағы 15 электр беруші құрылғылар істен шыққан. Жарық пен байланыс үзілген.

Құмгөл ауылында да осы тектес жағдай. Бұл ауылда 5 жеке меншік үйдің шатырлары мен терезелері зақымданған. Емдеу амбулаториясы, ауылдық әкімдіктің және орта мектептің шатырлары бүлінген. Жарық пен байланыс мүлде үзілген. Осы жағдайларға байланысты ауыз су беру жүйесі тоқтатылған. Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жалпы шығын көлемі анықталуда. Ең бастысы, адам шығыны мен мал шығыны жоқ.

Айтпақшы, Тарбағатайдың үш бірдей ауылын шарпыған бұршақ Аягөз ауданының Сарыарқа ауылын да жанай өтіпті. Ол ауылда да арнайы комиссия жұмыс істеуде.

Айта кетейік, Қызылкесік ауылында 2000-ға тарта тұрғын тұрады. Тарбағатай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақытбек Нұрғалиевтің айтуынша, ең кішкене бұршақтың көлемі тауықтың жұмыртқасындай, ең үлкенінің көлемі картоптың еніндей болған. Бұршақ 20 минут бойы толастамай жауған.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button