Мәдениет

Суырлы тау атауының сыры мол

Жер-су атаулары (топонимдер) ғасырлар жәдігері, тіліміз бен тарихымыздың құнды қазына-байлығы. Осыған орай «Дидар» газеті «Жеріңнің аты – тарихтың хаты» атты жаңа айдар ашып, облыстағы топонимдердің шығу төркінімен таныстырмақ.

Суырлы тау атауының сыры молТарбағатай тауының атауы моңғолдың «тарбаған», қазақша мағынасы суыр, «тай» – тау деген сөзінен шыққан, яғни, суырлы тау дегенді білдіреді. Бұл атау жоңғар шапқыншылығынан кейін осы өлкені ұзақ уақыт мекендеген жоңғарлардан қалған көрінеді. Аңыз бойынша алыс жорықтан келе жатқан қалың әскер осы таудан өтіп бара жатқанда қолбасылардың бірі шықылықтаған бір аңның дауысын жиі естиді. Алайда мән бермей кете береді. Ол еліне барғаннан кейін жауынгерлерінің бірінің елден ерекше бір бөрік киіп жүргенін көреді. Оны қайдан алғанын сұраса, әлгі жауынгер:

– Көгілдір таудан өтіп бара жатқанда шықылықтаған бір аңды атып алып едім, соның терісінен тігіп кидім, – депті.

Үлпілдеген әдемі бөрікке қызыққан қолбасы дереу сол аңды, яғни, суырды атып алып, бөрік тіктіруге бұйрық береді. Көп ұзамай оның айналасындағылар да суырдан бөрік кие бастайды. Сөйтіп, тау аты енді Тарбағатай, яғни, суырлы тау атала бастайды.

Әйгілі ғалым Ғ.Қоңқашбаев тау атауының осылайша моңғолдарда жиі кездесетін атау десе, Ә.Әбдрахманов Тарбағатай атауы моңғолдың «тарбаға (н)» сөзі мен «тай» сөзінен жасалған дейді. Ал Е.Қойшыбаев оған қарама-қайшы пікір айтады. Ал А.Махмұтов бұл тұжырымдармен мүлде келіспей, оны басқаша түсіндіреді.

Жалпы, Тарбағатай – әйгілі араб зерттеушісі Әл-Ыдырысидің әлемдік картасында Гиргир атауымен енген тау жотасы. Ежелгі қыпшақтар оны Көгілдір тау атаған деген дерек бар. Алыстан қарағанда жоталары жолбарыс жонданып жататын тау батысында Алакөлге, шығысында Сауыр-Сайқанға дейін созылып жатыр. Жалпы ұзындығы 300-350 шақырым болса, ені 50-60 шақырым болады. Орташа биіктігі теңіз деңгейінен шамамен 2000 метр, ең биік шыңы Тазтау – 3000 метрге таяу.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button