Мәдениет

Суретші Шәңгерейдің шын бағасын бере алдық па?

Соғыс жылдарында Семейдегі кинотеатрларда безендіруші-суретші болып қызмет еткен еңбек жолы кенет басқа арнаға бұрылады. Коммунистік партияның қаны жерге тамбай тұрған кезде облыстың қаржы саласын басқарған атпал азамат қызметін ұршықша иіргенімен қоймай, қылқаламмен сырласуға да уақыт, жігер тапқан. Шәңгерей үшін қолы қалт еткен сәтте акварелін алып, сурет салудан пайдалы демалыс жоқ еді.

Суретші Шәңгерейдің шын бағасын бере алдық па?Өнерге бүкіл өмірінің тым-тым аз уақыты жұмсалса да, оның артында бірсыпыра құнды дүниелер қалыпты. Шығыс Қазақстанның өнер мұражайында ашылған «Кешеден келдім бүгінге…» атты көрмеге оның осынау құндылықтар мекеніне сый ретінде тапсырған туындыларының бір бөлігі қойылды.

Бұл жерден орын тиген суреттердің өзін пейзаждық, салт-дәстүрге қатысты және Өскеменнің тарихы туралы деп үш тақырыпқа бөлуге болатындай. Шебердің салт-дәстүрге қатысты суреттерінің көбі қазақтың алаңсыз, мамыражай күндерін бейнелеген екен. Соған қарап «қылқалам шебері туған халқының рухы биік, санасы сергек, дербес ел ретінде дәуірлеп тұрған кездерін аңсаған болар» деген ой түйдік.

Табиғатты бейнелеген суреттерінің тірі құбылыстай көрінетін сиқырына таңдандық. Ал Өскеменнің тарихына арналған суреттердің кейбірі фотосуреттерден көшірілсе керек. Сондай суреттердің бірінен ескі мешітті көріп, оның қылқалам арқылы-ақ келешекке тарихтың баға жетпес айғақтарын қалдырғанын ұқтық.

Көрменің ашылуына «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары Еркін Нұразхан, Шәңгерей ағаның жұбайы, балалары, туған-туысқандары мен қаламдас шәкірттері қатысып, естеліктерімен бөлісті.

Түсіпхан Түсіпбеков өз сөзінде Шәңгерей Ыбыраевтың атына бала кезден қанық болғанын айта келіп, оның ел ішіндегі туындыларын жинастырып, суреттерінен альбом құрастыру қажеттігін тілге тиек етті. Еркін Нұразхан да бұл пікірді құптай келіп, сол құрастырылған альбомдарды облыс, қала берді республика көлемінде кітапханалар желісі арқылы көпшілікке таратудың маңыздылығына тоқталды.

– Оралхан Көшеровті «Шығыстың Шәмшісі», Хамит Балшабековті «Шығыстың Мұқағалиы» деген сияқты Шәңгерей Ыбыраевты «Шығыстың Қастееві» деп ауыз толтырып айтуға болады, – дейді Еркін Нұразхан.

Көрмені тамашалауға келген өнертанушылардың айтуынша, табиғат бейнесін кез келген қашықтықта кішкене бөлшектерге дейін қалдырмай беру Әбілхан Қастеев пен Шәңгерей Ыбыраевта ғана кездесетін ерекшелік көрінеді. Суретшінің акварель арқылы су бетіндегі көлеңкені сәтті берген шеберлігіне таңданушылар қатары да көп болды.

Ал Еркін Нұразхан оны Ә.Қастеевпен салыстырудың бірінші себебі ретінде олардың екеуі де арнайы білім алмай-ақ, халықтың арасынан шыққан, қарапайым тәсілдермен күрделі бейнелерді айнытпай бере білген суретшілер болғанын айтады.

Көрме екі ай бойы суретке жаны құмар жандардың көзайымына айналмақ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button