Руханият

Шығыс жұрты шежірелі қариясымен қоштасты

Шығыс жұрты шежірелі қариясымен қоштасты

Кеше Шығыс жұртшылығы Алтайдың дуалы ауыз ақсақалдарының бірегейі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, ұзақ жылдар еліміздің ауылшаруашылығы саласының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, осы сала ғылымының кандидаты, Шығыс Қазақстанның Құрметті азаматы Бошай (Сәдуақас) Кітапбайұлын соңғы сапарға аттандырды.
Осыдан екі жыл бұрын ғана 90 жылдық торқалы тойын қабырғалы халқымен бірге тойлаған атпал азамат 93-ке қараған жасында дүниеден озды. Бошекеңнің қазасы бір ғана Катонқарағай ауданының, болмаса Шығыс Қазақстан облысының қайғысы емес екендігіне сол жерге жиналған мыңдаған жерлестердің көзі жетті.. Қаралы жиында кеше ғана осы өңірдің тізгінін ұстап, бүгінде Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарып жүрген Бердібек Сапарбаев бастаған, белгілі қоғам қайраткерлері Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Жармахан Тұяқбай қостаған қазақтың жөн-жоралғысын білетін азаматтардан келіп жеткен жедел көңіл айту телеграммалары оқылды. Семей қаласы мен аудандардың ресми өкілдері, Алматы, Астана қалаларынан және еліміздің басқа да өңірлерінен ат арытып келген Бошекеңнің көзі тірісінде дәмдес-тұздас болған, ғибратын тыңдап, ағалық алақанының табын көрген азаматтар, ел ағалары өте көп жиналды.
Бошай Кітапбаевпен қоштасуға арналған қаралы жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Серік Әбденов, белгілі қаламгер Әлібек Асқаров, семейлік танымал жазушы Медеу Сәрсеке, облыс әкімінің кеңесшісі Түсіпхан Түсіпбеков және басқа да азаматтар марқұмның өнегелі өмір жолына, талайлы тағдыры мен атқарған қызметіне, еңбекқорлығы мен ерекше ұйымдастырушылық, зерек қабілетіне жан-жақты тоқталып өтті.
– Бошай ақсақал Алтайдағы халықтың абыройлы айбыны, арқа сүйер асқар тауы, ақылгөй қариясы еді. Ел өмірінде болып жатқан кез келген жаңалықтар мен өзгерістерден, билік саласындағы ауыс-түйістер мен саяси науқандардан хабардар болып қана қоймай, оларға өзіндік көзқарасы мен жеке пікірлерін де білдіріп отыратын. Ол кісінің жүріп өткен өмірі, ел шежіресіне деген сауаттылығы мен елсүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттері әсіресе келешек ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сондықтан да, Бошекеңдей аяулы ақсақалымыздың есімін, атқарған қызметін мәңгі есте қалдыру – болашақ жас буынның борышы. Қаралы жиынға жиналғандар мен ақсақалдың бала-шаға, туыс-туғандарына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ арнайы көңіл айтуын жеткізуге рұқсат етіңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Иә, өзінің нардай биік тұлғасымен, шешен де өткір болмысымен, өжеттік, қайсарлығымен айналасындағыларды таңғалдыра жүріп, әлдекімдерге ешқашан өлместей боп көрінген Алтайдың ақ бас бурасы, асқақ рухты Бошай да өтті өмірден.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button