Ағымнан жарылсам

Шұғыла САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, биші: – Қазақтың биін қазақтан артық ешкім билей алмайды

Шұғыла САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, биші: – Қазақтың биін қазақтан артық ешкім билей алмайды

Сахнадан қол үзген кезім жоқ

– Тәрбиелік мазмұны мол, эстетикалық терең оймен астасып жатқан, ең бастысы, күрделі қимылмен ұштасқан би өнеріне еңбегіңіз сіңіп жүр. Осы жолда талмай еңбек еттіңіз. Бірақ, байқаймыз, соңғы жылдары сахнаға сирек шығып жүрсіз.

– Оныңыз рас. Тарихи Отаныма көшіп келгеніме де 13 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында еліме биші ретінде қолымнан келгенше еңбек еттім деп ойлаймын. Сол еңбегімді елеп-ескеріп, осыдан 7-8 жыл бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын берген болатын. Соңғы жылдары «Шұғыла сахнаға шықпай кетті» деген әңгімелердің айтылып жүргені рас. Алайда, мен сахнадан қол үзген жоқпын. Мұның бәрі айналып келгенде концерттік бағдарламаларға тікелей байланысты. Әрине, Үкімет тарапынан ұсыныс түсіп, арнайы шақырған концерттерден бас тартқан емеспін. Шақырған жерден қалмаймын. Ал шақырмаған жағдайда өзім барып, «мені концерттік бағдарламаларға қосыңызшы» деп қалай айтам?! Бірақ соған қарамастан, қал-қадерімше өз кәсібім бойынша ел қатарлы еңбек етіп келемін. Шетел сахналарында Қазақстанның атынан өнер көрсетіп жүрмін. Қазақтың билерін үйрету мақсатында басқа елдерде сабақ беріп жүргенімді де айта кетейін. Ал елімізде өз еріктерімен би үйренгісі келіп, өтініш білдірген жастарға дәріс беріп жатырмын. Биыл, Алла қаласа, өзім тәрбиелеп жүрген кәсіби бишілер шетелдерге конкурстарға барады. Соларды кәсіби деңгейде осы салаға барынша баулу мақсатында талмай еңбек етіп жатқан жайым бар.

– Біз сізді өресі биік биші деп білеміз. Осы салаға келуіңізге не себеп болды?

– Бұл салаға келуім – менің маңдайыма жазылған тағдырым деп айта алам. Өмірім бимен байланысты болған екен, оған еш өкінбеймін. 1985 жылы Қытай елінде биге үміткерлерді қабылдап жатырмыз деген құлақтандыруды естіп, балалықпен аяқастынан барып, тіркелдім. Бастапқы сынақтан сүрінбей өттім. Содан жолым болып, биші болу жолындағы алғашқы баспалдақтар басталып кетті.

Билемесем, тіршіліктен тыс қалғандай күй кешемін


– «Қа­зақ биi – бой­тұ­марым» дегенді жиі айтасыз. Осы тұста қазақ биінің басқа ұлттың билерінен ерекшелігін, техникалық күрделілігін айтып өтсеңіз…

– Би – сөзбен емес, бар айтарыңды тек қимылмен жеткізетін өнердің күрделі түрі. Меніңше, қазақ биінің кереметтілігі негізгі ою мәнерінде жатса керек. Қазақ биін нақышына келтіріп сахналау үшін, біріншіден, билейтін адам қазақ болуы керек деп ойлаймын. Бойында қазақтың қаны болса, қазақ биінің өзіндік иірімін, техникасын анық меңгерген болса, нақышына келтіріп орындай алады. Қазіргі таңда бәрі дамып жатыр. Сонымен бірге би де алға жылжып келеді. Сондықтан биімізді жоғары талаптарға сай етіп, қазақы дүниемен ұштастыру маңызды деп ойлаймын. Мәселен, қазақша музыка қойып немесе үстіне қазақша киім киіп, әйтеуір, оңды-солды қимылдағанды қазақ биі екен деп қабылдамау қажет. Қазақ биін билеу үшін жоғарғы деңгейдегі техника ғана емес, ой-өре, білім-білік керек. Ең әуелі биді тұла бойыңа сіңірген жөн. Әрине, оның бәрі қажырлы еңбекті талап етеді. Шетелден келген қонақтар біздің шырайлы биімізді көргенде таңғалу керек. Ол үшін қазақ биінің биік техникасын үнемі дамытып отыру қажет.

– Биден ләззат аласыз ба?

– Әрине. Би – менің өмірім. Бала күнімнен осы биді кәсіп етіп, осы жолда әлі күнге келе жатырмын. Сахнада ғана емес, күнделікті өмірде би залына кіріп, жаттығып, жақсылап бір тер шығарып алсам, күні бойы өзімді сергек сезініп жүрем. Денем босап, далада жүріп бара жатсам да қалықтап ұшып бара жатқандай әсер алам. Ал біраз уақыт қимылдамай, бимен сирек айналыссам, ұйқыны қимай жүріп алсам, өзімді ауыр сезінем. Сенсеңіз, бет-аузым ісіп кеткендей, денемде зіл тұрғандай күй кешем. Ештеңеге зауқым соқпай тіршіліктен қол үзіп кеткендей, елдің соңында қалып қойғандай әсерде болатыным рас. Сондықтан мен ойлаймын, би менімен бірге өмір сүретін болады. Егер үлкен сахнаға да-йындалатын болсам, онда мен үздіксіз дайындық залында болуым керек. Ал негізінде күніне жоқ дегенде бір сағат ақ тер, көк тер болып, міндетті түрде спортпен айналысамын.

Мектебімнің жабылғаны жаныма батады


– Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тікелей шақыртуымен Қытай елінен тарихи Отаныңызға оралғандығыңызды білеміз. Жүзеге асырсам деген талай армандарыңыздың болғандығын да естіп жүрміз. Сол істеріңіздің аяқсыз қалуына не себеп болды?

– Соншалықты аһ ұратындай өкініштерім жоқ. 7-8 жыл бұрын Астана қаласынан ашқан би мектебімнің жабылып қалуы шынымен жаныма батады. Сол кезде Ақпарат және мәдениет министрлігі «Елордамызда бір би мектебі болса, өзіміз қаржыландырамыз» деген үлкен ниетпен бұл істі қолға алған болатын. Бірақ жоспарлар аяқсыз қалды. Би үйренсем деген ниетпен келген балаларға ешқандай жағдай жасалмады. Мен оларды далада оқытпаймын ғой. Сондай шикіліктер болды. Шынымды айтайын, аталған мектептің тез жабылып қалғанына әлі күнге дейін өкінемін. Қазақ ұлттық би мектебі болып үлкен үмітпен ашылып еді. Үміт ақталмады. Менің ойымша, дәл осындай бағыттағы мекемелердің жұмыстарын жіті қадағалау керек. Мұндай мектептер тіпті жоқ деп те айта алмаймын. Бар, бірақ, қандай деңгейде еңбектеніп жатыр, сол еңбек-тері жарқырап көрініп жүр ме? Міне, осы жағын да ойластыру керек. Қазіргі кезде жеке орындаушы ретінде екі-үш-ақ қыз үлкен сахналарға шығып, халықтың алдында өнер көрсетіп жүр. Басқа ешкімді айта алмайсыз.

Әрине, Елбасының елге арнайы шақырғаны рас. Ол кісіге алғысымды айтудан әрдайым жалыққан емеспін. Мемлекет басшысының өзi құрмет көрсетiп, үлкен сенiм бiлдiрді. Өнер адамы үшiн одан өткен бақыт бар ма? Қытайда атағым шығып, дүрiлдеп тұрсам да, мен үшiн атажұртымның орны бөлектi. Өзге елдiң аты – өзге ел. Жалғыздың шаңы шықпайды. Туған халқыма қосылайын дедiм. Менi осы арман атажұртыма алып келдi. Мұнда келгендегi мақсатым – сахнаға шығып билеу ғана емес, өзiм үйренген билердiң құпия сырларын кейiнгi балаларға үйрету. Қазақ би өнерiн жоғары дәрежеге көтеруге атсалыссам деген арман бар көкiрегiмде. Ендігі менің міндетім – бойымдағы бар өнерімді, бар қабілетімді паш ету.

– Отандық би өнерінің өркендеуі үшін нендей істерді қолға алуға тиіспіз?

– Елімізде би өнерінің дамуы үшін бірінші кезекте кәсібилілікті қолға алу керек. Бір көйлек киіп алып, қолды жоғары көтере салып билей жөнелу емес, тек қана кәсіби деңгейде жұмыс атқарылуы қажет. Кез келген биге арнайы музыка жазылғаны жөн. Менің білуімше, Қазақстандағы бишілердің 95 пайызына арнайы музыка жазылмайды. Дайын әуенге би қойыла салады. Бұл – мүлде дұрыс емес. Кейде сұранып тұратын музыкалар болады. Оны неге пайдаланбасқа?! Негізінде би бірінші қойылғаны дұрыс. Ал егер үлкен ойды жеткізетін, мән-мағынасы терең қойылым болса, онда арнайы шығарма жазылуы керек. Биші қандай образды бейнелейді, соған арналып киім де тігілуі қажет. Сосын бізде би үйрету жүйесі де дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, бала бірінші сыныпта ұлттық биге қабылданды ма, демек, сол бағытта мамандану керек. 9-сы сыныпқа дейін ұлттық биді меңгеріп, одан кейін балетке ауысу дұрыс емес. Мінекей, осындай олқылықтардың орнын толтыру қажет-ақ.

Көп адамдар қазақта би болмаған деген жалған пiкiрдiң жетегiнде жүрген сияқты. Бұлай деу бiз үшiн ұят. Өзiмiзде әуелден бар бидi қалай жоққа шығарамыз. Қайта жоғалтқанымызды тауып, жарыққа шығаруымыз керек емес пе? Би – қазақпен бiрге өнiп-өскен, әлiмсақтан келе жатқан өнер. Ол аспаннан салбырап түсе салған нәрсе емес. Қазақтың өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiнен туған. Ән-күй де солай ғой. Өмiрден алған әсерiңiзден, қуанышыңыздан, қайғы-күйiнiшiңiзден ән немесе сөз тумай ма? Би де сол сияқты. Бiрақ, мұндағы iшкi сезiмдердi бейнелеу құралы — қимыл-қозғалыс. Әрине, ойды тiлмен емес, қимылмен жеткiзу қиын нәрсе. Билеу дегенiмiз – сахнаға шығып, әрлi-берлi жүгiру емес. Би үлкен ойдан туады, ал билейтiн адам өмiрдiң нәзiк иiрiмдерiн терең түсiнетiн ойшыл жан болуы тиiс дер едiм. Бишi халықтың арғы-бергi тарихын терең бiлетiн, қажет болса, сол тарихты би тiлiмен бейнелей алатын жан болса, нұр үстiне нұр. Сонымен бiрге бишi музыканы да, сурет өнерiн де жете түсiнсе ләзiм. Өйткенi, ол өз биiнiң қимылын суретшi қиялымен көз алдына елестетiп, ал, кейiннен сол суреттi музыка сазына үндестiре бейнелейтiн жан.

«Шұғыла» атты өнер орталығын ашуды
жоспарлап отырмын


– Шұғыла, көптен бері сізді қалың көпшілік жоғалтып алды. Дегенмен, оқырмандармен бөлісер жаңалығыңыз бар сияқты.

– Бүгінгі таңда Алматы қаласында «Шұғыла» атты өнер орталығын ашып жатырмын. Толығымен іске кірісіп үлгерген жоқпыз. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүруде. Біз бидің бірнеше түрін қамтыдық. Атап айтатын болсақ, қазақтың ұлттық биі, әртүрлі ұлттардың билері, балет, заманауи, балды және шығыс билерін үйретпекшіміз. Бұл орталық тек қана бимен шектеліп қалмайды. Бүгінгі заманның талабы да сол ғой деп ойлаймын, әнді үйрету мектебін де ашпақшымыз. Сондай-ақ, сурет салу өнерін де қолға алып отырмыз. Сурет салу болғанда, құммен салу деген сияқты бірнеше түрін үйретпек ойдамыз. Әр өнердің өзіндік қиындығы бар ғой, біз соның қыры мен сырына қанығып, үйренем деушілерді баулымақшымыз.

Сұхбаттасқан – Мөлдір Жанбаева

Осы айдарда

Back to top button