Оқиғалар

Шекараны тастап қашқан сарбаздарды енді не күтіп тұр?

Соңғы кездері қазақ шекарасының жұрт назарын өзіне қайта-қайта аудара бергені шындық. Қалың қауым Алматы облысына қарасты «Арқанкерген» шекара бекетіндегі болған қанды оқиғаның ақ-қарасын ажыратуға ұмтылып жатқанда, еліміздің шығыстағы шекарасынан тағы да ши шықты.

Шекараны тастап қашқан сарбаздарды енді не күтіп тұр?Маусымның 18-і күні таңертең «Шығыс» аймақтық басқармасына қарасты Зайсандағы «Терісайрық» шекара заставасында жедел қызметтегі 11 шекарашы сарбаз заставаны тастап кетіп қалған болатын.

Шекарашылар алысқа ұзамапты. Іздеу тобы оларды бір тәуліктен соң Тарбағатай ауданының Жаңаталап елді мекенінен 18 шақырым жерден тауып алды. Застава бастығының шекарашылардың шекара күзетін тастап кетіп қалғанын құзырлы орындарға хабарламай, оларды өздері іздеп табуға әрекеттенгені белгілі болды. Ақыры, сарбаздарды таба алмай қайтқан застава бастығы 11 шекарашының күзетті тастап кетіп қалғанын жоғарыдағыларға хабарлауға мәжбүр болған. Осы арада «Сарбаздардың шекараны тастай қашуына не себеп болды?» деген сауал туындайтыны сөзсіз. Тергеу барысында шекараны тастап қашқан сарбаздар келісімшарттағы әскерилердің әлімжеттігіне шыдамағандарын мәлімдеген.

Қазіргі күні өңіріміздің «Терісайрық» заставасында болған төтенше жағдайға қатысты екі сарбаз тергеуге алынып жатыр. Келісімшарт бойынша қызмет етіп жатқан осы екі сарбаз басқа жауынгерлерді ұрып-соқты деген күдік бар. Бірақ олардың екеуі де өз кінәларын мойындамай отырған көрінеді. Қазіргі күні оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Шекарадағы тәртіпті босаңсытып жіберіп алған әрі 11 сарбаздың жоқ екенін дер кезінде басшылыққа хабарламаған застава бастығы да тергеушілер алдында жауап беріп жатқан көрінеді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button