«Дидардың» қонағы

Шалқар ЖОЛАМАНОВ, балуан: – Айбек «Қазақстан барысы» атануға әбден лайық

Екі жыл қатарынан «Қазақстан барысында» қола және күміс белбеуді еншілеген Шалқар Жоламановты жұртшылық жақсы біледі. Өскеменде өткен осы республикалық турнирге іріктеу сайысына қатысқан балуанмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Шалқар ЖОЛАМАНОВ, балуан: – Айбек «Қазақстан барысы» атануға әбден лайық

Мұхитқа «жолымды беремін» деген
бір жыл бұрынғы уәдем бар еді…


– Шалқар, сізді жанкүйерлеріңіз «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің кілемінен көреміз деп күтіп жүр еді. Бірақ «Шығыс барысы» облыстық іріктеу сынында жартылай финалда ақтық сынға талантты ініңіз Мұхитқа жолыңызды бердіңіз. Бұл сіздің жанкүйерлеріңіз үшін күтпеген шешім болған сыңайлы. Неліктен мұндай шешім қабылдадыңыз?

– Әрине, бүкіл халық маған үлкен сенім артып отырғанын сезетінмін. Өйткені, бұған дейін Елбасымыздың жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» турнирінде қола жүлдені де иелендім, күміс белбеуге де қол жеткіздім. Ендігі меже «Қазақстан барысы» атану ғана болатын. Алайда, биыл Мұхит Тұрсынов бауырым өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Олардың сағын сындырмау керек. Кейде ағалық жолымызды беріп, жас балуандардың жолын ашып тұру қажет. Мұхит өте тегеурінді балуан ретінде бұған дейінгі екі жылда да маған інілік ізетпен жолын беріп еді. Сол уақытта Мұхитқа: «Құдай қаласа, алдағы жылы өзіңе жолымды беремін» деп уәде еткенмін. Міне, бүгінгі облыстық іріктеу сынындағы жанкүйер күтпеген шешімімнің негізгі себебі осы. Сәтін салса, Мұхит Тұрсынов алдағы маусым айында Астанада өтетін дүбірлі дода – «Қазақстан барысы» жүлдесі үшін биік өнер көрсетеді, біздің жеңісті жолымызды жалғастырады деп сенемін.

– Ал Мұхитқа жолыңызды беру өткен жылы «Қазақстан барысының» қола жүлдесіне қол жеткізген Айбек Нұғымаровқа жол ашу деп ойлайтын жанкүйерлерге қалай жауап берер едіңіз?

– Айбекке жол ашу дегенді қалай түсінсек болады?

– Мұхит бауырыңызға қарағанда салмақ жағынан болсын, спорттық жетістіктері жағынан да Айбектің аты озып тұрғанын жұрт біледі. Осы тараптан Айбектің алға шығуына мүмкіндік жасағаныңыз ба деген сауал деп түсініңіз.

– Айбек – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Өздеріңіз көріп отырғандай, екеуінің күресі тең дәрежеде өтті. Бірақ Айбек биыл көптеген жарыстардың жеңімпазы атанды. Сондықтан бұл жылы Айбек «Қазақстан барысы» атана ма деген үмітіміз бар. Былтыр да оның өнеріне тәнті болғанбыз. Дегенмен, Айбек те, Мұхит та бір-бірінен кем түспейтін өте талантты балуандар. Олардың Шығыс өңірінің намысын жоғары деңгейде қорғайтынына сенімім кәміл.

– Өзіңіз Мұхитқа жол беру арқылы «Қазақстан барысын» жанкүйер, әріптес ретінде тамашалау туралы шешіміңізге осы жарыс үстінде келдіңіз бе, әлде бұдан бұрын іштей қабылдап қойып па едіңіз?

– Жоғарыда мұның шет жағасын айттым. Бұл шешімді осыдан бір жыл бұрын шығарып қойғанмын. Оны қазақ күресінің маңайында жүрген жанашыр ағаларымыз да естіген. Бүгін сол үдеден табылдым деген ойдамын.

Қайролданов құрдасым қайратты екен


– Биылғы «Шығыс барысына» сақадай сайланып келген балуандардың көптігін байқадық, қарсыластарыңыз да осалдар санатынан емес сияқты…

– Дұрыс айтасыз. Кілемге ешкім жеңілемін деп шықпайды. Бірінші Ерлан Канкеевпен белдестім. Ол – Абай ауданының үздік балуандарының бірі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сосын Руслан Қайролдановпен күрестім. Руслан екеуміз құрдаспыз. Ол да өте беделді балуан. Үшінші орынға таласқан өскемендік Талғат Әміренов болса, атақты дзюдошы. Күрестің оңайы жоқ. Бәрі де білекті, жүректі жігіттер.

– Қай балуанмен белдесу қиынға соқты?

– Ерланмен күрес ауырлау болды. Руслан Қайролдановпен белдескенімде біраз шаршаңқырап қалдым. Олармен бұрыннан бері күресіп келе жатқандықтан, бір-бірімізді жақсы білеміз. Ал сені жатқа білетін балуанмен күресу өте қиын.

– Бүгінгі жарыста аға буын ретінде қандай балуандардың өнеріне сүйсіндіңіз?

– Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов өте шебер күресетін жігіттер. Олардың әдемі әдістерінің өзінен көңіліңіз өсіп қалады. Биыл екеуі де бабында. Қызылордада, Шымкентте өткен дүбірлі жарыстарда қомақты қаржы, автокөлік ұтты. Бұл жігіттердің келешегінен үлкен үміт күтетінімді жасырмаймын.

– «Қазақстан барысында» Айбектің ең мықты қарсыластары кімдер болады деп ойлайсыз?

– Саусақпен санап айтарлықтай емес, облыстардан іріктеліп келетіндіктен балуандардың бәрі мықты болады. Дегенмен, өткен жылы «Қазақстан барысы» алтын белбеуін жеңіп алған Бейбіт Ыстыбаев Айбектің бірден-бір негізгі қарсыласы болуы мүмкін. Арман Әбуов, Ержан Шынкеев сынды жігіттер де оңай шағылар жаңғақ емес. Сондықтан біздің жігіттерге жан алысып, жан берісіп жүлдені суырып алу керек.

– Шығыс Қазақстан өңірінде қазақ күресінің дамуына қандай баға бересіз?

– Өңірдегі ұлттық күресіміздің дамуын өте жоғары бағалаймын. Жалпы, Шығыс Қазақстанда ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде қазақ күресі жедел дамып келеді. Оның бірден-бір себебі, Елбасымыздың атында ашылған «Қазақстан барысы» республикалық турнирі деп ойлаймын. Қомақты қаржы тігілетіндіктен, тіпті, бұрын күресті тастап кеткен талантты бауырларымыздың өзі қазақ күресіне қайта оралып жатыр. 120-130 келі салмақтағы алпамсадай атан жілікті жігіттеріміз де боз кілемге шығып, бақтарын сынауда. Осы үрдіс тоқтамай, үздіксіз жалғаса берсе, қазақтың нар жігіттерін де, қазақ күресінің биігін де көретін күндер алда сияқты.

Жас балуандарға тәбәрік ретінде
ұтысымыздан үлестіретініміз бар


– «Қазақстан барысы» жарысында қола, күміс жүлдеге ие болған өзіңіз де қомақты жүлденің елеулі бөлігін иемдендіңіз. Жас балуандардан «Шалқар ағамыз тәбәрік ретінде ұтқан қаржысынан ақша үлестіреді» деп естиміз. Өзіңіз былтыр «Қазақстан барысынан» ұтып алған қаржыңызды қалай жұмсадыңыз?

– Бұл – балуандар арасында қалыптасқан спорттық дәстүр десек болады. Жеңіске жетіп, мерейі үстем болған бауырларымыз жүлдесінен жырып, өзіңіз айтқандай, тәбәрік ретінде сенім артқан балуандарға, спорттағы інілеріне қаржылай сый үлестіреді. Оның ішіне ағайын-туыс та еніп кетеді. Қазақпыз ғой, қасиетті өнерімізден алған қаржыны тәбәрік ретінде өкшемізді басқан інілерге берсек, біздің бауырмалдығымыз, жастың жеңіске деген сенімін қайрау шығар!

– Соңғы жылдар бедерінде қазақ күресіне қомақты жүлделер тігілетін болды. Балуанның әлеуметтік жағдайын жақсартатын жақсы үрдіс қазақ күресіне келушілер қатарын да арттыра ма?

– Әрине. Мен 34 жастамын. Осы уақытқа дейін күресуді жалғастырып келемін. Егер қазақ күресі менің әлеуметтік жағдайымды көтермесе мен спортпен қош айтысатын ба едім. Үздіксіз жаттығып, үнемі кілемнен көрініп, өзімді шыңдауымның нәтижесінде әлеуметтік ахуалым жақсы деп айта аламын. «Ат – ер қанаты» дегендей, мініп жүрген көлігім де, отбасымның ырыздығы да осы қасиетті өнердегі жетістіктеріміздің арқасында келіп жатыр. «Қазақстан барысында» жүлделі орынға ие болғанымызда Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов ағамыз қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтер сыйлағанын жерлестерім жақсы біледі. Әбіл Дөңбай мырза да балуандарға еңбекақы төлеуді жолға қойып, үлкен көмек көрсетіп отыр. Мұның бәрі біздің Шығыс өңірінің намысын бермеу жолындағы еңбегіміздің өтемақысы деп ойлаймын.

– Алда қандай жоспарлар бар?

– Құдай қаласа, он күннен кейін Қазақстан біріншілігі болады. Бұл – Әлем біріншілігіне іріктеу жарысы сипатына ие. Сондықтан бүгіннен бастап ел біріншілігіне дайындаламыз.

– Спортпен қош айтысу ойыңызда жоқ па?

– Бұл туралы әлі ойланған емеспін.

– Отбасыңыз туралы білгіміз келеді.

– Отбасымда жұбайым, бір ұл, бір қызым бар. Ауылда шешем бар. Үржар ауданының Мақаншы ауылында тұрады. Мен түрлі жарыста, жаттығуда көп жүретіндіктен ауылдан Семейге көшкен болатынбыз. Қазір Семейде тұрамыз.

– Ұлыңызды күреске баулып жатырсыз ба?

– Балуанның баласы болған соң күресу ешқайда қашпас деп ойлаймын. Алла бұйырса, уақыты келгенде ұлым да боз кілемге шығады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button