Экономика

Сапасы да, бағасы да тәнті етті

Өскемендегі «Үлбі» мәдениет сарайында жылдағы дәстүр бойынша «Қазақстанның үздік тауары – 2012» атты көрме-конкурс өтті.

Сапасы да, бағасы да тәнті етті– Жыл сайын аймақта көрме-конкурсқа қатысушылар саны көбейіп келеді. Бұл өңіріміздегі шағын және орта кәсіпкерлік саласы кәсіпорындарының, өндіріс орындарының өнім сапасы артып, өндірістік, экономикалық жағдайларының жақсарып келе жатқанының белгісі, – деді көрме-конкурстың ашылу салтанатына қатысып, кәсіпорындар өнімдерімен танысқан облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратов.

Облыстағы елуден астам өнім өндіруші кәсіпорындар қатысқан байқауда Өскемен, Семей, Зырян, Курчатов қалаларынан, Үржар, Бесқарағай, Бородулиха аудандарынан келген кәсіпкерлік субъектілерінің саны басым болды. Биыл сегізінші рет ұйымдастырылған өңірлік көрме-конкурсқа оннан астам шағын кәсіпорын бірінші рет қатысты. Тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпорындарының көрмеге қойған өнімдері қалалықтар мен қала қонақтарын сапасымен де, бағасымен де тәнті етті деуге болады. Бәрі де халыққа қажетті, өндірістеріміз бен кәсіпорындардың жұмысына керекті тауарлар.

Солардың ішінде өз өнімдерінің ерекшелігімен айрықша көзге түскендердің бірі – «Терра-Вита» ЖШС болды. Медициналық құрал-жабдықтарды өндіріп келе жатқан семейлік кәсіпорынның директоры Насихат Исабаеваның айтуынша, шағын кәсіпорын жылдан-жылға өркендеп, дамып келеді. Қазіргі күні Семей қаласындағы денсаулық сақтау мекемелері түгелдей дерлік осы кәсіпорынның медициналық өнімдерін тұтынып отырған көрінеді. Тіс емдеу, хирургия, гинекология, емшара бөлмелерінің кешенді құрал-жабдықтарын шығарып жатқан «Терра-Вита» кәсіпорны енді науқастарға әртүрлі жағдайларда қолданылатын функционалдық кереуеттерді де өндіруге кіріскелі отыр.

Күні бүгінге дейін еліміздің ауруханалары мұндай әмбебап кереуеттердің біреуін екі миллион теңгеге шетелден сатып алып келеді. Кәсіпорынның жаңа өнімі сегіз жүз мың теңгеге сатылмақ.

Облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратов та бұл кәсіпорынның жұмысына жоғары баға берді.

– «Терра-Вита» фирмасының өндіріп жатқан медициналық құрал-жабдықтарының маңызы айтарлықтай, кез келген жаңадан ашылған ауруханаға жұмсалатын қаражаттың 60 пайызы осы жабдықтарды сатып алуға кетеді. Егер оларды осылайша өзімізде көптеп өндіретін болсақ, жаңа жұмыс орындары ашылып, оларды шетелден сатып алуға кететін қаражат шығыны да азаяды. Сонымен бірге шекілдеуік өңдеп, сатумен айналысып отырған «Изнавр» фирмасының бастаған ісі де көңілге қонып отыр. Ресейден келетін осы өнім түрін ығыстырып, нарықтық бәсекеге емін-еркін түсіп отырған шағын кәсіпорынның бүгінгі жұмысы істі ұтымды ұйымдастыра білсек, барлық саланың да әлдеқайда жылдам өркендейтінін көрсетіп отыр, – деді ол.

Көрме-конкурста сондай-ақ, Семейдегі «Приречное» агрофирмасының, Бородулиха, Бесқарағай аудандарындағы сүт өңдеу кәсіпорындарының жаңа өнімдері келушілер назарын аудартып, өңірде тұтынушыларға аса қажетті азық-түлік өнімдерінің түр-түрі шығарылып жатқанын көрсетті.

Осы конкурсқа сонау Үржар ауданының Науалы ауылынан арнайы келген «Бораш» шаруа қожалығының басшысы Марат Рақымбеков көрмені тамашалаған халықты дәмі балдай қымызымен қарсы алды. Шаруа қожалығы Барқытбелдің баурайындағы жайлауда желіге бие байлап, саба-саба қымыз өндіріп жатыр екен. «Бораш» шаруа қожалығы қазір 48 бие сауып отыр. Қожалық басшысы «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы жақын арада 35 миллион теңге несие алып, бие санын 114-ке жеткізіп, қымызды тек ауылға ғана емес, облыс көлемінде саудалауға бел буып отырғандықтарын жеткізді.

Семейлік «Кредо-Систем» ЖШС – өңірімізде жиһаздарының сапасымен белгілі бола бастаған кәсіпорынның бірі. 100-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отырған шағын кәсіпорынның өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Кәсіпорынның Астанада арнайы сауда дүкені ашылған.

Көрме-конкурстың қорытындысында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «СемАс» ЖШС, «Машзавод» ЖШС, «Терра-Вита» ЖШС-лері бірінші, екінші, үшінші орындарды жеңіп алды. «Азық-түлік мақсатындағы үздік тауарлар» аталымының жеңімпаздары «Айтас» бал орталығы, «Багратион-Ұлан» ЖШС, «Ақсай» ЖШС-лері атанды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында «Азия Авто», «Полиус», «Май» АҚ-лары жүлделі орындарды иеленді. Көрменің жүлдегерлері деп танылған тоғыз кәсіпорын желтоқсан айында Астанада өтетін «Алтын сапа» республикалық көрме-конкурсына қатыспақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button