Оқиғалар

Өрт сөндіру көлігін өткізбесең, айыппұл төлейсің

Өрт сөндіру көлігін өткізбесең, айыппұл төлейсің

Өскемен қаласында арнайы ұйымдастырылған рейд барысында өрттен құтқару көліктеріне жол бермеген жүргізушілер ұсталып, айыппұл салынды.

Аталған рейдті облыс орталығындағы Өскемен ІІБ қарасты жергілікті полиция қызметі мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – шақырылған жерге еш кедергісіз уақытында бару үшін өрт сөндіру көліктерінің жолын бөгемеу мәселесіне қоғамның назарын кеңінен аудару.

– Қолданыстағы Жол қозғалысы ережесінде көрсетілсе де, соңғы уақыттарда қаладағы жүргізушілердің арнаулы көліктерді әдейі елемеу және жол бермеу жағдайларымен жиі бетпе-бет келіп жүрміз. Тұрғындар тарапынан да шағымдар көбейіп кетті. Біз бұл арада арнайы шақыртумен, дабыл белгісі қосылып, асығыс келе жатқан өрттен құтқару көліктеріне жол бермеу жайында айтып отырмыз. Сондықтан қала тұрғындары арнайы техникалардың ондаған адамдардың өмірі мен баспанасын шұғыл құтқару үшін асығып бара жатқанын түсіне біліп, осы өткізіліп жатқан шарадан қорытынды шығарулары керек, – дейді облыстық ТЖ департаменті «ӨСҚ және АҚЖ» мекемесінің өрт көліктері мен жабдығы бөлімшесінің инженері Мерей Әлімбеков.

Рейдті ұйымдастырушылар көлік қозғалысы артатын кешкі уақытта Өскемен қаласының ең бір қозғалысы көп Тәуелсіздік, Әуезов, Жеңіс даңғылдарының бойында арнайы өрттен құтқару көлігімен дабыл белгісін қосып, бірнеше мәрте жүріп көрді.

Өрт сөндіру көлігін өткізбесең, айыппұл төлейсің

Өртке қарсы қызмет өкілдерінің бұған дейін айтқанындай-ақ, Тәуелсіздік даңғылының ортасына жетпей-ақ, заңбұзушылық фактілері де бірден көзге шалынды. Өрт сөндіру көлігіне жол бермеген жүргізушілерді тоқтатқан жергілікті полиция қызметкерлері оларға жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін хаттама толтырды.

Өрт сөндіру көлігін өткізбесең, айыппұл төлейсің


Шара барысында барлығы 4 автокөлік тоқтатылса, ереже бұзып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен тағы екі көліктің иесіне іздеу жарияланды.
Жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуынша, Әкімшілік кодекстің 598-бабы, 2-бөлігі бойынша жол қозғалысына қатысушылар дабылмен келе жатқан арнайы көліктерге жолдан кедергісіз өтуге мүмкіндік беруі тиіс. Ал олай етпей, жол қозғалысы ережесін бұзғандар енді 10 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқаламақ.

Жергілікті полиция қызметі өкілдерінің айтуынша, мұндай шара алдағы уақытта Семей, Зырян, Риддер қалаларында да жалғасын табатын болады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button