ОқиғаларТОП

Қар басып қалған туристі шығарып алуға аттанды

Риддер қаласына барған турист қар көшкінінің астында қалып, қаза тапты.

Қалаға 10 ақпанда облыс орталығынан алты саяхатшы келген. Олар Үлбі өзенінің маңындағы Сержиха тауында сырғанап жүрген. Кенет көшкін жүріп, біреуін қар басып қалған.

– Еврокоптер-145 тікұшағымен барған жедел құтқару жасағы бұлтты күн, көзге түртсе көргісіз түтек боранда қонуға мәжбүр болады. Осы уақытта саяхатшылар байланысқа шығып, қаза болған серіктерінің денесін алып шыққанын хабарлады. Саяхатшылар тұрған орындарының нақты координаттарын беріп, ол жерге құтқарушылар мен волонтерлар қарда жүретін техникамен жетті, – деді Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Бірақ сол күні қаза болған адамды таудан алып түсу мүмкін болмаған.

– Қалың қар, қараңғы кеш, тік қия және күннің суытуы төменге түсуді қиындатты. Сондықтан сегіз волонтер, екі құтқарушы, бір криминалдық полиция және үш саяхатшы бүгін қаза болған адамның денесін түсіру үшін тауға кетті, – деді Талғат Уәли.

Ресми ақпарда жазылғандай, қаза болған адам 1979 жылы туған ер азамат.

– Құтқарушылар бірнеше күн қатарынан тұрғындарға алдын ала таудағы көшкін қаупі туралы ескерту айтқан болатын, – дейді министрлік өкілі.

 

 

Маман ескертуі:

– Тауға шыққан кезде баратын ауданды, көшкін жүруі ықтимал орындарды алдын ала біліп алу керек. Көшкін көбінесе беткей еңісі 30°градустан асатын жерде жиі болады;

– Беткей еңісі 45° асатын болса, көшкін әр қар жауған сайын жүреді;

– Егер де көшкіннің жүруін көрсеңіз жолынан көлденең қашуға тырысыңыз;

– Төмпешік, қуыс болса тасасына тығылып қалыңыз;

– Көшкіннен қашып кете алмасаңыз – артық заттардан арылыңыз;

– Мұрын мен ауызды қолғаппен жабыңыз, көшкінде келе жатып қолмен жүзу қимылдарын жасаңыз және қолдарыңызды  жоғары шығаруға тырысыңыз;

– Көшкін тоқтаған кезде беттің маңайына, кеуде тұсына кеңістік қалдырыңыз, ол тыныс алуға мүмкіндік береді;

– Мүмкіндік болса жоғарыға қарай ұмтылыңыз (оны сілекейдің көмегімен анықтаңыз); көшкінде қалғанда айғайламаңыз, қар дыбысты толық сіңіріп алады, айғай мен ретсіз қимылдар күшіңіз бен оттегін, жылуды сарқылтады.

– Төтенше жағдай кезінде 112-ге хабарласыңыз.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button