Қоғам

Қош бол, Қазақстанды әлемге әйгілеген көрме!

Қош бол, Қазақстанды әлемге әйгілеген көрме!


93 күн бойы елорда төрінде өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінің салтанатты жабылу кеші сол жерде болған, оны теледидардан тамашалаған қазақстандықтарға ерекше қимастық сезім сыйлады. Әр қазақтың жанын тебірентпей қоймайтын сырлы да сазды «Құстар қайтып барады» әнін қосыла айтып, толқыған елдің жанарына жас толып, жүрек сағыныш күйін шертті. Астанадан аспанға қанат қаққан ақ көгершіндер елжіреген баланың, еміренген қарттың арман-тілегін болашаққа қарай алып ұшты.

Қазақ жерін әлемге әйгілеген халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі осылайша Ұлы дала елінің, тәуелсіз Қазақстанның тарихи шежіресіне ұрпақтың ойынан өшпейтін естелік болып енді.

Астанадағы көрме аса құнды тарихи шежіремізге айналды

-Осымен халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО» көрмесін жабық деп жариялаймын! Оның идеясын толығымен жүзеге асыруына қолдау көрсеткені, сәтті өтуіне атсалысқаны, осы идеяны қолдағаны үшін ең алдымен Қазақстан халқына алғыс айтамын. Баршаңызға қазақ жеріндегі айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін ерекше рақметімді айтқым келеді, -деді Нұрсұлтан Назарбаев көрменің жабылу рәсімінде.

Қош бол, Қазақстанды әлемге әйгілеген көрме!

Иә, «ЭКСПО-2017»-нің осылайша сәтті аяқталуына ел үкіметі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК, оған бір үміт, бір күдікпен қараған халық та үлкен үлестерін қосты.
Мемлекет басшысы көрменің ел экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін де ерекше атап өтті. Президент көрме аясында өткен мәдени және халықаралық шараларға да айрықша тоқталды. Сонымен қатар «ЭКСПО» аясында қазіргі заманғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленгендігін атап көрсетті.

-ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екендігін тағы да дәлелдей түсті. Жалпы, біздің көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде дамытуға, айрықша үлес қосатынына сенімдімін,-деді Елбасы.

Әу баста болжағандай «ЭКСПО-2017» нің біздің елге берген енді бір жақсылығы- туризмді дамытуға соны соқпақ салып берді. Ішкі туризм де дамыды. Көрмені көреміз деп әр облыстың түкпір-түкпіріндегі отандастарымыз Астанаға ағылды.

-Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Күн сайын елордамыз төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жеткен түрлі мәдениеттің әуені мен нақышына бөленіп тұрды. Бүгінгі салтанатты рәсім Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитімен тұспа-тұс келіп отыр. Онда Ислам әлеміндегі ғылыми-техникалық дамудың маңызды мәселелері талқылануда. Жалпы, «ЭКСПО» аясында алты мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілді,-деді Елбасы өз сөзінде.

Қазақстан Президенті еліміздің Еуразия өңіріндегі қауіпсіз әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі оң имиджін нығайта түскенін атап өтті.

Билл Гейтстар бізден де шығады

Көрменің жабылуына бір күн қалғанда «ЭКСПО-2017» көрмесін 3 млн. 840 мыңға жуық адам келіп тамашалаған. Бұл үш айға созылған көрменің жабылуына 24 сағат қалғандағы соңғы мәлімет болатын. 9 қыркүйек күні қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізген «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов көрме жабылатын күн жақындаған сайын оған келушілердің саны күрт көбейгенін айтты.

– Көрмені көруге келгендердің көбісін «Нұр Әлем» павильоны, «Shell» лабораториясы, коммерциялық павильондар қатты қызықтыруда. Маған жаңа хабарлағандай, қазір «Нұр Әлемді» тамашалау үшін екі мыңдай адам кезекте тұр. Бұл павильонды 1 млн. 300 мыңнан астам адам көрген. Тұтастай алғанда, мұнда күніне 30 мыңдай адам келеді, -деді Әлішер Пірметов.

«ЭКСПО»-ға келушілер сонымен бірге Египет, Түркия, Африка плазасы сияқты павильондарға бас сұқпай кетпейтін көрінеді. Бұлар көрменің ең танымал павильондарының көшін бастап тұр.

Көрмені ұйымдастырған «Астана ЭКСПО -2017» Ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірманов екі миллиондай адам тамашалайды деп жоспарланған көрмені екі есе көп адам көргенін, 300 мыңдай шетелдік турист келеді деп болжанған шараға 576 мыңнан астам шетелдік туристер келгенін, олардың көбі Ресей (162 000) мен Германиядан (77 000), Қытайдан (2000) екендігін айтты. Шетелдік туристерге арналып елімізде 72 туристік маршрут жасалған. Олардың көпшілігі Бурабай демалыс орны аумағында, Алматы, Батыс, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің тарихи орындарында болып қайтқан.

Әлішер Пірманов айтқандай көрмеге өз елімізден 188 мың мектеп оқушысы келген. Бұл – «ЭКСПО-2017»-нің бізге берген тағы бір нәтижесі. «ЭКСПО»-ны көріп, тамашалап, рухтанып кеткен сол ауыл, қала балаларының ішінен кейін Қазақстанымыз үшін теңдессіз технологиялық жаңалықтар ашатын инженерлер мен ғалымдар, өнертапқыштар шықпасына кім кепіл? ЭКСПО ға келген жұрт, балалардың өздері көріп, озық технологияларына, дүниелеріне куә болған әлем бас иген Илон Маск, Билл Гейтстар біздің де балалардың арасынан шығып қалары ғажап емес қой.

Қош бол, Қазақстанды әлемге әйгілеген көрме!

Журналистерге баспасөз мәслихатын өткізген ұлттық компанияның топ менеджерлері көрме аяқталған соң «ЭКСПО»-ның нысандары, Елбасының өзі тапсырғандай, халықаралық қаржы орталығы, Қазақстанның тұрақты жұмыс істейтін көрмесі сияқты жаңа нысандарға айналатынын мәлім етті.
Салтанатты рәсімде ел Президентінің өзі де «ЭКСПО» ның нысандары әрі қарай пайдаланылатынын айта кетті.

-«Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО» мұрасы ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуы тиіс. «ЭКСПО» көрме кешені толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрі қызмет ететін болады. Баршаңызды жаңа орталықтың жұмысына белсене атсалысуға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жер бетін 21 күнде жанармайсыз айналып шыққан ұшақ

«ЭКСПО»-ның салтанатты жабылу сәті көрме кешенінің ішіндегі амфитеатрда жалғасты. Қазақстандық әншілер көрменің жабылуына жиылған қауымның көңілін ән-жырларымен көтеріп, шабыттандырды. Сонымен бір мезетте сахнадағы алып экрандардан көрмелердің өткізілу тарихы, адамзаттың қол жеткізген табыстары тізбектеліп көрсетіліп, атокөліктен бастап смартфонға дейінгі үздік технологиялардың ойлап табылуы шежіресінен сыр шертілді. Футуристік әлемге саяхат жасатқан қойылымдарда жел мен күннен, судан ғана емес, су астындағы балдырлардан да қуат алудың керемет мүмкіндіктері айшықты көріністермен көрсетілді.

ХХІ ғасырдың ең озық деген таңғажайып технологиясы, жобасы – болашақтың вакуумды пойызының жобасы таныстырылды. Аты әйгілі америкалық өнертапқыш Илон Маск – сағатына 1300 шақырым жол жүретін осы пойыздың авторы. Қазіргі күні АҚШ-та сынақтан өткізілген пойыз жобасын іске асыру қолға алынған. Бұл пойыз болашақта Астана мен Алматы аралығын 45 минутта жүріп өте алады!

Қош бол, Қазақстанды әлемге әйгілеген көрме!

Павильондарды аралаған ел көрмеден де осындай ойға кіріп-шықпайтын технологиялық жетістіктерді, заманауи көлік түрлерін көре алды. Ол – жанар-жағармайсыз, отынсыз, күн энергиясымен жүретін алып ұшақ. Швейцариялық «АВВ» компаниясының «Солор-Импульс Альянс» біріккен жобасы – алып ұшақ жер шарын 21 күн бойы күн панелімен күн энергиясының қуатын пайдаланып қана ұшып өткен. Көрмеге шағын макеті әкелінген бұл ұшақтың ұшқышы 2016 жылы Абу-Даби қаласынан ұшып шығып, әлем қалаларына 17 рет аялдай отырып, 21 күннен кейін қайтадан Абу-Дабиге келіп қонған. Ұшақтың қанатында орналасқан күн панелі күн энергиясын өзіне жинап алып, осыншама уақыт бойы сақтап, пайдалануға мүмкіндік берген. Ұшақ түнде ұшқанда, күндіз жиналған күн энергиясын аккумулятордан алып отырған. Ұшақ қанатындағы күн панелінің ұзындығы ғана 76 метрге жетеді. Жобасының құны өте қымбат тұратын, әзірге тек тәжірибе жүзінде ғана қолданылған ұшақтың жылдамдығы баяу, сағатына 70 шақырым. Тәуекелге барып отынсыз ұшатын алып ұшақты басқарған батыр ұшқыш тамыздың басында ғана «Астана – ЭКСПО-2017»-ге келіп, қазақстандықтармен, келушілермен өзінің әсерімен бөліскен.

Көрменің жабылу рәсімі аясында өткен «Үздік павильондар» конкурсында «Көрменің тақырыбын ашу» аталымы бойынша ең үздік павильонның бірі екенін көрсетіп, халықаралық көрмелер бюросы сарапшыларының жоғары бағасын алып, алтынмен марапатталған осы Швейцария елінің көрме павильонында аталған мемлекеттің брендіне айналған қол сағаттарының сан алуан түрі де анадайдан көз жауын алып, жарқырап тұр.

Қош бол, Қазақстанды әлемге әйгілеген көрме!

Ақырғы күні кезектің соңы көрінбеді

10 қыркүйек. «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жабылуына санаулы сағаттар қалған сәт. Түс ауып кеткенімен, таңертеңнен бастап «ЭКСПО» кешеніне қарай ағылған халықтың нөпірі азаяр емес. Керісінше, көрме павильондарына кірер есіктің алдында тұрған халықтың қарасы үсті-үстіне көбейе түсті. Көрмелерді көріп қалуға тырысқан ел иін тіресіп тұр, Швейцария, Германия, Ресей, Франция павильондарына, «Нұр Әлем» сферасына кіруге кезекке тұрғандардың соңы тіпті, көрінбей кетті.

Қош бол, Қазақстанды әлемге әйгілеген көрме!

Бұл уақытта Үндістанның павильонында қызу сауда жүріп жатты. Табиғи тастан, металдан жасалған түрлі әшекейлер мен кәдесыйларын арқалап келген үндістандықтардың павильоны нағыз сауда базарына айналып кетті. Үнді павильонының өкілі Мухаммед Ризван әкелген заттарының бір бөлігін қалайда сатып кетуіміз керек дейді. Жүктерін жинастырып, жол жүруге қамданып жатқан олар бір, екі, төрт келілік қораптардағы үнді шәйінің бағасын екі есеге дейін түсіріп, моншақтарын, ұлттық аспаптарын арзанға ұсынып, ауыр жүктерінің біразынан арылып қалуға тырысуда.

Ал Қазақстанның «Нұр Әлем» ұлттық сферасына келгендер отандық ғылымдардың жетістігін тамашалап, жасыл технологияларды дамыту бағытында қол жеткізген желім, биоотын басқа да жаңа заттарды алудың жолын тәжірибелік көрсетілімдер арқылы өз көздерімен көре алды. Бүгінгі технологияның күшімен жасалған қаншама декорациялардың көмегімен жер шарының қалыптасуын, Күн жүйесін, ғарышкерлердің ғарышта пайдаланатын құралдары мен бізді қоршаған бар дүниенің физикалық, химиялық болмысы мен сырына дейін көріп, естіп, білген, көгілдір шар іспетті көрікті «Нұр Әлемнің» сәні мен сәулетіне сүйсінген балалардың жүзі бал-бұл жанды…

Қазақстанды әлемге әйгілеп, бүкіл дүние жүзінің ең озық технологиялық жетістігін Астанаға алып келген «ЭКСПО»-да аяқталды міне. Қош бол,ЭКСПО!

Жанаргүл Мұқатай
Астана-Өскемен

Осы айдарда

Back to top button