Мәдениет

Оралхан оқуларында олқылық жібергеніміз жараспайды

Өскеменде облыстық тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен түрлі сайыстар өтіп тұрады. Қазақ тілінің майын тамызған, дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан сондай сайыс – Оралхан оқулары.

Оралхан оқуларында олқылық жібергеніміз жараспайдыОтызға жетер-жетпесте-ақ орамды тілімен бар оқырманын баурап алған Оралхан Бөкейдің шығармаларын бұл жолы әр ауданнан келген 15 қатысушы сөйлеткен. Сайыс шымылдығы әдеттегіден өзгерек болып, Оралханның «Бес тиын» атты қойылымымен ашылды. Жамбыл атындағы драма театрының әртістері шағын қойылымды жұп-жұмыр етіп шығарып, көрерменді бірден елітіп әкеткені бар. Сол сол-ақ екен, өзінің кез келген шығармасымен оқырманын жалықтырмайтын жазушының прозалық, драмалық дүниелері сырын төгіп жүре берген.

«Көрінуші ең көнелердің көзіндей,
Жазғандарың қара өлеңнің сөзіндей.
Асқақ едің, атақты едің, нар едің,
Туған өлкең – Өр Алтайдың өзіндей!»
деп саңқылдаған жүргізушінің сөзі қандай еді!

Сонымен проза бойынша алдыңғы болып ел алдына шыққан өскемендік Рауан Советов діттеген мүддесінен көріне білді. Бұл бөлімнің соңын ала 15 сайыскердің бәрі бірдей кереметтей көсіле алмағанын байқағанбыз. Ал сайысшылардың бәрінің де драма бөлімінің өзіндік ерекшелігін білмей, алдыңғы тапсырмадағыдай, жаттап алғандарын судыратып ұсынғандары көңілге қонбағанын айтуға тиіспіз. Шыны сол, мұндағы талапкерлердің дені сахналық, яғни, драмалық көрініс жасаудың орнына Оралханның әр шығармасынан үзінді айтқанын, тіпті, кейбіреуінің жазушы шығармасының атауларын өздерінше қойып алып, өтірік айта салғанын («Бота жетелеген қызды» «Жетім бота» деп, Баубектің «Анасын» Оралхандікі деп!) көргенде мұндай «әртістікті» қай шеберлікке жатқызуға болатынын білмей сасқанымыз бар. Ал кейбір сайыскер драманың психологиялық, логикалық ерекшелігін түсіне айтуды былай қойып, қайта-қайта кідіре бергендіктен, оның шынайы ұстанымын аңғару мүмкін емес еді.

Соңғы, мәнерлеп оқу бөлімінде негізінен Абайдың, Мұқағалидың, Мұхтар Шаханов пен өздерінің өлеңдерін оқыған сайыскерлер тағы да ала-құла өнер көрсетті. Мәселен, Мұқағалидың «Ұят болды-ау» атты өлеңін таңдаған катонқарағайлық Әсем Талғатқызынан бір жігерлілік тосқан едік. Амал не, ол бұл үмітімізді ақтамады.

Біз ел көлемінде өтіп келе жатқан бұл байқаудың облыстық турын жазуда оған қатысушылардың өнерін шенеп-мінеуді мақсат етпесек те, көзімізбен көргенімізді айтуды жөн санадық. Ондағымыз «Өлмеген құлға жаз шығар» дегендей, келесі жылы болатын дәл осындай оқуда бұл кемшін тұстар ескеріліп, қайталанбаса деген тап-таза тілектен туған ой еді. Мұнымызды сайыскер ұл-қыздар оң қабылдауға тиіс!

Сонымен тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында облысымыздың 80 жылдығына орайластырыла өтіп, 15 пен 30 жас аралығындағы 15 үміткер бақ сынасқан көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХV облыстық байқауы да мәресіне жетті.

Әр қатысушының көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына, тіпті, киім сәніне дейін баса назар аударған сарапшы-қазылардың ұйғарымы бойынша бас бәйгені Семей қаласының аманатын арқалап келген Әділет Серіков иеленсе, І-ІІІ орындар зыряндық Мақпал Рахатқызына, абайлық Қаламқас Меделбекқызына және өскемендіктердің намысын қорғаған Рауан Советовке бұйырды.

Ал Жарма ауданынан қатысқан Рауан Дүмшебаева, күршімдік Жансая Бақтиярова және Зайсан ауданының өкілі Аридаш Оспанбаева арнаулы аталымдар бойынша марапатталды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button