Мәдениет

Өнерпаздар да үлес қосты

Өскемен шаһарындағы жұмысы қауырт жүріп жатқан ғибадатхана құрылысының межелі уақытта бітуіне өңіріміздегі өнерпаздар да атсалыса бастады.

Өнерпаздар да үлес қостыЕртістің сол жағалауындағы сәулетті мешітті Ораза айтта қолданысқа беруді мақсұт тұтқан облыс Әкімінің үндеуіне үн қосқан түрлі мекемелер мен иманды азаматтардың қатары көбейіп келе жатқанын бұдан бұрын да айтқан болатынбыз.

Енді міне, сауапты іске облыстық мемлекеттік филармонияның әртістері де белсене араласып, Металлургтердің мәдениет сарайында қайырымдылық концертін өткізді.

– Облыс Әкімінің бастамасымен салынып жатқан үлкен мешіт құрылысының жұмысына филармонияның өнерпаздары да бейжай қарамай, өз өнерлері арқылы үлес қосуды құп көрді. Бүгін ұйымдастырылған кеш – осы сөзіміздің дәлелі, – деді әуезді кештің шымылдығын ашқан осы мекеменің директоры, белгілі әнші Кенжеғали Мыржықбай.

Оның айтуынша, қайырымдылық шарасынан түскен 175 мың теңге ел игілігіне берілгелі жатқан мешіттің қорына аударылмақ.

Мазмұнды мақсат еткен кешті «Ортадан ойып тұрып орын алған, Алла үйі құтты болсын Алтайдағы» деп төкпелете, жыр-шашумен бастаған Алаштың ақтаңгер ақыны Абаш Кәкенов көрермен көңілін бірден-ақ серпілтіп тастаған. Оған ілесе өңірімізге белгілі Серік Бабаханов, Алтай Мүбәрәк сынды әншілер алқалы жұртқа асқақ әндерін сыйласа, филармонияның оркестрі күй атасы – Құрманғазының құдіретті күйлерін күмбірлетті.

Бұл тамаша бастаманы кеше Семейдің Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының әртістері жалғастырды.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button