Руханият

Мұражайдағы мұралармен танысты

Мұражайдағы мұралармен танысты

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай сапарға шыққан «Мәңгілік ел» пойызы Семей қаласындағы сапары барысында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайына ат басын тіреді.
Алдымен «Мәңгілік ел» пойызының құрамындағы мамандар аталмыш қорық-мұражайда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ашылған «Абай арманы – Ұлы дала елінің ұлық мерекесі» атты көрменің ашылу салтанатына қатысты. Бұдан соң олар ақын мұражайының экспозициясымен танысты.
Көрменің ашылу салтанатында мұражай директоры Болат Жүнісбеков пен «Мәңгілік ел» пойызының жетекшісі Әміржан Әлпейісов құттықтау сөз сөйледі. Аталмыш шараның тұсаукесер салтанатында дәстүрлі әнші Нүриден Иманбаев Абай Құнанбаевтың «Жүрегім, нені сезесің» әнін әуелете орындап, көрерменнің ерекше қошеметіне ие болды. Осы орайда, бұл күні көрме қонақтарын Абай Құнанбаевтың жыр шумақтарымен қарсы алып, жиналған қауымға батасын берген еліміздің халық әртісі Б.Имахановтың да көпшіліктің ыстық ықыласына бөленгенін айта кеткен жөн.
Көрмені ұйымдастырушылардың бірі Р.Елекенованың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – жастарға Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін түсіндіріп, сондай-ақ, Ұлы Абайдың қазақтың жазба әдебиетін қалыптастыру жолында көрген қиыншылықтарын түсіндіру мақсатында өткізіліп жатыр екен.
Тоғыз бөлімге жіктелген бұл көрмені тамашалаушылар «Бата – Тәуелсіздік нұры», «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі», «Конституция және Елбасы», «Азаттықтың азапты жолы», «Отаршылдық қасіреті және Семей полигоны», «Әлем таныған Қазақстан», «Өркениет өріне», «Астана – Елордасы елімнің!», «Елбасы Абай елінде» деген тақырыптардағы мағлұматтармен танысты.
Көрмені тамашалаған «Мәңгілік ел» пойызының қатысушылары мен қала тұрғындары мұражайдың «Қолтаңбалар» атты кітабына: «Ұлы дала елінің ұлық мерекесі» көрмесі ұлттық сананы шыңдай түседі», – деп қолтаңбаларын қалдырды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button