Экономика

Мұнай айдайтын станса салынады

Қазақстан – Қытай мұнай құбырының екінші кезегіндегі Атасу – Алашанкөу бөлігінің жылына 20 миллион тонна мұнай айдайтын №8 және №10 стансасын салу жобасының қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалау бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді.

Мұнай айдайтын станса салынадыМұнай айдау стансасы құрылысының жобасы туралы «КИНГ» акционерлік қоғамы сәулет және құрылыс жоспарлау департаментінің директоры Руслан Матов баяндама жасады.

Аталған жоба «Қытай ұлттық мұнайгаз корпорациясы» мен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасындағы Қазақстан – Қытай мұнай құбырының екінші кезеңдегі құрылысының негізгі принциптері туралы келісімдері бойынша атқарылады. Жоба бойынша жылына 20 миллион тонна өнімділікті қамтамасыз ету үшін Ақадыр кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жерден №8, Аягөзде №10 мұнай айдау стансасының құрылыстарын салу қарастырылған. Ауданнан мұнай айдау стансасын салып, мұнай құбырын өткізу аудан бюджетіне қомақты қаржы түсіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызады.

«Мекенсақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғылыми-өндірістік орталығының инженер-технологы Әділ Бекеев мұнай құбырларын тартуда орын алатын экологиялық жағдайға тоқталды. Алдын ала жасалған жұмыстардың нәтижесі мұнай айдау стансаларының құрылысы, оларды пайдаланған кезде де қоршаған ортаға тигізетін әсері аз болады деп күтілуде.

Мұнай құбырының екінші кезеңінің құрылысын салушы компанияның басшылары жергілікті жерден жұмысшылар алуға келісім беруде. Жұмыс вахталық жағдайда атқарылады. Айлық еңбекақылары 100 мың теңгенің үстінде болады. Оның үстіне тамақтары тегін. Аудан әкімі Әнуарбек Мұхтарханов мұнай құбырын салу құрылысына Аягөздегі политехникалық колледждің арнаулы мамандар дайындап беруге толық мүмкіндігі барын айтты.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button