Тәуелсіздік - 30

Мемлекеттік тілдің мәртебесі артады

Тәуелсіздікке биыл міне, 30 жыл.  Әлі есімде, астанада Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезі өткен еді. Кезекті съезд партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Бұл партия  Тәуелсіздігі жылдары құрылған болатын. Тарихы небір маңызды кезеңдермен тұспа-тұс келеді.

Осы жылдар ішінде қаншама тың жұмыстар атқарылды. Миллиондаған әлем халқы сияқты мен де ядролық қаруға қарсы болдым. Себебі, 40 жыл бойы полигонның дәл түбінде өмір сүрдім емес пе?! Полигон жабылды, дегенмен алдағы уақытта «Невада-Семей» қозғалысының алдында көптеген жұмыстар тұр. Мәселен, біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыруымен, Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықпен бірлесіп, бейбіт атомды насихаттадық. Орталық көптеген шаруалардың басын қайырды. Осының барлығы да ел Тәуелсіздігінің 30 жылында болды.

Ал енді руханиятқа, тілге деген көзқарас та ерекше. «Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер», – деп жазды Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мақаласында. Сондықтан да латын қарпіне көшу арқылы қазақ тілінің қолдану аясы да кеңейетіндігіне тіл жанашыры ретінде сенімім мол.

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау қоғамдық әрі ұлтаралық келісімді нығайту болып табылды. Осы арқылы елге қазақстандық рухани бірлікті үлгі ету де басты мақсат. Елбасының әр жылдарда берген сұхбатындағы, Жолдауларындағы тапсырмаларды орындап, жастарды отансүйгіштікке, тілді құрметтеуге тәрбиелеу аса өзекті мәселе.

Елбасының  сарабдал саясатын жалғастыра келе, тіл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былай дейді: «Біз қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі».

Президент бұл мәселені терең түсініп, байыппен қарау керектігін айтады. Тілді насихаттауда Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. 2017 жылғы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің қаулысына сәйкес, алдағы уақытта Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болмақ, бұл – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов туған күн. Тілдер күнін Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде атап өту біздің халқымыз үшін үлкен қуаныш. Қазақ тілінде сөйлеу мақтанышы болу үшін қоғамда оған қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке тағайындауда қазақ тілін білетін азаматтарға басымдық танытқан дұрыс. Халықпен қазақ тілінде сөйлесетін қызметкерлерді үлгі еткен жөн деп ойлаймын. Сондай-ақ Елбасы мектепте де қазақ тілінің басымдық алуына жауапкершілік танытуды сұрайды. Қазақ халқының маңдайына біткен бақыт-сый ол – Елбасы. Ұлт Көшбасшысы халқымызды бүкіл әлемге танытқан кемеңгер тұлға. Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған еңбегі әрқашан бағалануы тиіс.

Орал Шәріпбаев, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Солтүстік-Шығыс өңірі бойынша вице-президенті

Семей.

 

Осы айдарда

Back to top button