Оқиғалар

Мектептегі апаттың алдын алды

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен құрылған комиссия Шемонайха қаласындағы №5 мектеп ғимаратының апаттық жағдайда тұрғанын және пайдалануға келмейтінін анықтады. Осыған орай мектептегі сабақ тоқтатылды.

Мектептегі апаттың алдын алдыШемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаровтың айтуынша, ғимараттағы жарықшақ аймақ басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мектеп директорымен бірге ғимаратты тексеріп жүрген кезінде көзге түскен.

– Біз бірден оқушыларды сыртқа шығарып, облыстық әкімдікке хабарладық. Содан соң құрамында білім, төтенше жағдай жөніндегі басқармалардың өкілдері бар комиссия келіп, қорытынды жасады, – дейді аудан әкімі.

Мәлім болғанындай, 1965 жылы салынған мектепке күрделі жөндеу жүргізілмепті. Алайда 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша төрт миллион теңгеге ғимараттың орта бөлігіне, 2011 жылы 11 миллион теңгеге төбесіне күрделі жөндеу жасалған. Қаржы жергілікті бюджеттен бөлінген.

Мектепке «Стройтехэксперт» ЖШС 2009 жылы 10-сәуірде сараптамалық қорытынды жасапты. Онда ғимараттың кейбір бөліктерінің апаттық жағдайда екендігі көрсетіліп, «Мектеп ғимараты тиісті жобалық құжаттары дайындалып, күрделі жөндеу жүргізілген соң ғана қалыпты пайдалануға жарауы мүмкін» деген қорытынды жасалыпты.

Бірақ күрделі жөндеу сол күйі жүргізілмепті. Аудан әкімі Амангелді Тоқтаровтың айтуынша, тек биыл ғана жобалық құжаттарды дайындауды бастау жоспарланыпты.

Сырттай тексеру актісіне қарағанда, кірпіш қабырғалар мен темір бетон жабындылар және бетон едендерде жарықшақтар шынында да ұлғайыпты. Жарықшақтардың ашылуы 6-7 сантиметрге дейін жеткен. Соның салдарынан сыртқы қабырғаларда кірпіштер түсе бастаған. Оған қоса тұтас қабырғалардағы жарықтардың кейбір жерінен ар жағы көрініп тұр. Яғни, ол кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін.

Комиссияның қорытындысы бойынша, мұндай өзгерістер жер асты суының көтерілуінен ғимарат тағанына келген ақаудан пайда болған. Оның үстіне бұзылу одан әрі жалғасуда.

Комиссия мектеп ғимаратын пайдалануды тоқтату, ғимаратты бұзу үшін жобалық құжаттар әзірлеуге қаржы қарастыру, әрі қысқа мерзімде оны іске асыру, мектеп аумағын қоршау, тәулік бойы күзет ұйымдастыру, сондай-ақ облыстық бюджеттік комиссияның қарауына жаңа мектеп құрылысын жүргізу туралы мәселе ұсыну туралы шешім шығарды.

Облыс Әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button