Ұлылар мекеніне саяхат (эссе – баян)
Абылғазы атамыздың әңгімесі бұзау емізіп, таяқ жегізбесе де, мамырдың мамыражай күні бұл уақытта әжептәуір еңкейіңкіреп қалған. Әлденеге алаңдап, мазасызданып отырғанымды байқап қалған жолбасшымыз: – Әй, жігіттер! Қайдағы бір атамзаманғы барымта мен қарымтаны айтып мен осы сендерді жалықтырып алғам жоқ па? – деп, екеуімізге барлай қарады.
– О не дегеніңіз Беке! «Білгенге маржан» – демекші, мұндай мазмұнды, мағыналы әңгімені сәтімен тыңдаудың өзі бір ғанибет емес пе? Тек, Жидебайға жеткенше күн кешкіріп кетеді демесек… – деп, сөзге араласқан Қиекең де, тұруға ыңғайлана берді.
– Ә, бұл ойың да орынды екен. Ондай болса мен де біраз тізгінімді тартыңқырап, бұл әңгімені ақын аталарымыздың басына жеткенше бір жақты қылайын, – деп, орнына жайғасқан Бекен аға қайсыбір әңгімешілер секілді: – Мен жаңа қай жерге келіп ем? – деп, тыңдаушыларының көмегіне жүгінбей-ақ, өз заманының біртуар батыры атанған Абылғазы әңгімесін үзілген жерінен жалғап әкетті.
АБЫРОЙДАН АЙЫРҒАН АТА-БАБА АРУАҒЫ
– Ағаш-ағашты далдалап, бұғып келе жатқанымда бір алаңқайдан бес кісі шыға кеп, төпелеп-төпелеп ұстап алды. Сілтеген сойылым біреуіне тисе бұйырмасын. Жетектерінде бір қара шолақ аттары бар екен, әлгіге мінгізіп, екі аяғымды атқа таңды да тастады. Екі қолым артыма қайырыла байланған. Сөздерінше, бүкіл серіктерімнен қолға түскен мен ғана екем. Есім енді кіргендей, өз жайымды ойласам, мені аруақ атқаны анық. Іштарлық, күншілдік иттің жеткізгені осы болды. Абай қолбасы етпесе, осы иттігімді дәл білген… «Тарт сазайыңды!» – деп, өзімді-өзім табалап келем. Алайда, үміт шіркін де үзілмейді ғой. Күн шыға су жағасына таяғанда артыма көз салсам, көз ұшында бір қара жұлындай боп ұшып келеді. Көз сүртуге қол жоқ, тесіле қарағанда жетегінде қылаңы бар. «Қолбасы бала Бесбесбай шығар дейін» – десем, оның Ақкөк аты қылаң боп көрінсе керек еді ғой. Суға кеп түсіп, судан шыға бергенде шалқалап қап, анықтап көз салсам, жетектегі ат нақ Ақбоз атым болды. Енді мыналар көріп қоя ма деп, бұларды сөзбен алдандыра бастадым. Малын жауға алдырып, өздері жеңіліп келе жатқандар сөз көтере ме?.. Болмашы әзіліме ашу шақырып, кезек-кезек сойып-сойып кетеді. Іштей өз-өзімді «Ә, Абылғазы! Саған сол керек. Аруақ атқан соң осылай болмақ» – деп, сықпыртып келем. Ашулы серіктерім біраздасын қара шолақты жетектен жіберіп, алдарына сап айдады. Енді маған қамшы емес, басы-көзіме сойыл тиіп келеді. Оны да «сыбағам» деп қабылдадым. Осылайша әжептәуір соққы алдым. Бір мезетте көз қиығын жіберсем, манағы қарайған төніп кеп қапты. Қу сөзді көбейтіп жібердім бе, жігіттердің екі-үшеуі бірдей тілдеп, жабыла төпелей бастағанда, күтпеген жерден – Қайда апарасың?! – деп ақырған дауыс шыққанда, бесеуі абдырап, жан-жаққа тұра қашты. Сөйткенше болған жоқ, әлгі келген бейтаныс құтқарушы көз ілеспес шапшаңдықпен бесеуін бес-ақ ұрып сұлатты. Бесбесбайды таныдым. Ақкөк аты терден қап-қара боп кетіпті. Енді менің астымдағы қара шолақ ұстатсашы… Әйтеуір, әуре боп жүріп ұстап, аяғымды таңған шылбырды жарқ ете қалған кездігімен қиып кеп жібергенде, серейіп түстім. Қолымды босатып Ақбозды көлденең тосқанда, сендерге өтірік, маған шын, үш ұмтылып атыма міне алмадым. Қаһарына мінген Бесбесбай: – Ой, Төбет! – деп, зекіп жіберіп, ат үстінен келген бойда атыма көтеріп ап, бір-ақ салды. Аялдамастан жөнеле бердік.
Баланың зекігеніне қарағанда, ол менің соғысқа қатыспағанымды білетін секілді. Бұл да қайғы үстіне қайғы боп жамалды. Оның үстіне күні кеше Ақбоздың желісіне әзер ілесіп келген көк ат қазір ауыздығын қарш-қарш шайнап дүлдүлге айналған. Менің Ақбозым баланың Ақкөгінің желісіне шауып әзер ілеседі. Соған дейін Ақбоз аттың алдына ат түсер деп ойлаппын ба? Ат басын еркін жібердік. Обалы кәне, Ақбозым ә дегенде шыға созылып, зымғап бергенде Қолбасы қалыңқырап қойды. Аттардың алғашқы қарқыны басылып, шын жүйрік бауыры жазылар жер шапқанда Бесбесбайдың Ақкөгінің құлаштап кеп қалғанын байқадым. Тақымымды қанша қысып, атым қанша зымғағанымен Ақкөк ат қоймай жетіп, көп таласпай-ақ алдыма шықты. Осы арада «Менен де, атымнан да аруақ қашты. Бар абыройдан жұрдай болдым!» – деген ойым расқа шықты деп білдім.
АБАЙ ЖАЗБАЙ ТАНЫҒАН – ЕРДІҢ СОЙЫ БЕСБЕСБАЙ
Бір ғажабы, бала батырға бұрынғыша қызғанышым оянбады. Ісіне сүйсінгендеймін. Оған сүйсінген сайын Абайдың мұның кім екендігін жазбай танығанына қайран қалам. Көз алдыма кешелі-бері қаншама күн-түн жол жүріп, Керей еліне бірге келген Бесбесбай емес, мүлде бөтен адамның айбарлы бейнесі келе береді. Байқағаным, бала батырдың иығы шығып өркештеніп кеткен. Бет-ауызы көнектей боп ісіп, самайынан аққан қаны қатып қапты. Мана кешкісін жорық алдында ғана киген ақ жейдесінен тамтық жоқ. Шоқпары жарыла сынып, сойылы қысқарған. Сойылдың ұшына көзім түсіп еді, ұшынан жеміріле сынған екен. Бұл – баланың ұрғанда сойылды дәлме-дәл сілтегендігін көрсетеді. Ұрар жеріне сойыл ұшы дәл тигенде осылай жеміріліп отырады. Көп ұзамай қолға да келіп жеттік. Алдымыздан шыққан жігіттер маған аңырая қарайды. Бәрінің болған жайды білгісі келеді. Менде де, Бесбесбайда да үн жоқ. Келген бойда жігіттерді түгендесем, бәрі түгел екен. Тек, баршасы жаралы. Бастары жарылған, мойындарына, мұрттарына қан қатқан. Сынған ба, мойындарына қолдарын асып алғандары да көп. Бірақ, мойып келе жатқан бірі жоқ. Шіркін, жеңіс қуанышына не жетсін!?. Түстік жерге шығып, анадағы төбелерге жеткен соң, қолды тоқтатып, екі биені сойып, қол ыстық ас ішті.
Қолбасы: – Аба, жылқының мөлшерін шамалаңызшы. Ерімен келген атты бір-бірлеп санаңыз! – деп, аз-маз тынықты. Қарауылдағылар артымыздан көрінген адам түгілі, жорғалаған тышқанның да жоқ екендігін мәлімдеді. Жылқы саны екі жарым мыңға тарта екен. Тек, ер-тоқымымен жүрген аттың өзі екі жүз елуден асты. Енді жылқыны тықпалап айдамай, ауық-ауық тыныстатып, көгалды, я қалың бетегелі жерді біраз жұлғызып-жұлғызып келеміз. Таң біліне соңғы қонған биігімізге жетіп және тыныстап, ыстық ас ішіп, қолды іріктедік. Осы кезде қолдың Қолбасыға деген бейіл-құрметіне сын көзбен қарай бастадым. Келе жатқан жолда көп жігіттер маған қарайлап, шешімді сөзді менен күтіп келген-тін. Енді олай емес, бала басшыға әбден сенгендік байқатады. Не сөзі болсын табанда орындайды. Оны жассынатын бірі жоқ сияқты. Осыған қарағанда оның ісі кілең батырлардың ішіне қонғаны күмәнсіз секілді.
Қуғын жоқ боп шықты. Батырлар да сергіп, әңгімеге, әзіл-күлкіге ден қоя бастады. Төл аттарымызды қоя беріп, жаудан түскен аттарға міндік. Мен ептеп соғыс жайындағы пікірлерді суыртпақтап сұрай бастадым. Жігіттердің барлығымен сөйлесетін емес, тыңдағаным Дулат батыр мен Баймұрын болды. Екеуі де сөзге жоқ кісілер еді. Дей тұрғанмен екі батыр да Бесбесбай қайратына риза. Ал оны Қолбасы еткен Абай сыншылдығына қайран қалады. Дулат қарт: – Құнанбайдың мына Абайының білетіндігіне өлшеу жоқ. Торғай атамыздың немересі Байтөреұлы Бесбесбайды қайдан тапты екен, ә? Бұл өзі бұрын-соңды көрінбеген жап-жас неме емес пе? – деп бір қояды. Баймұрын болса: – Біз Даукең екеуіміз ұрысқа жылқыны суға саларда, судан өткен соң ғана араластық қой. Оған дейін соғыс барысын сырттай аңыстап, жылқыны шашау шығармай, суға қарай аудара бердік, – дейді қанды көйлек досының сөзін қостап. – Ойпыр-ай, бұл Керейлерің не қылған соғысқыш ел!.. Бесбесбайдың «Абылайлаған» дауысы өзіне жау шақырғандай болды. Небір дию жігіттер «Абылайлаушы» қолбасы екенін аңдап ап, ортаға алып жабылып береді. Жүн сабағандай сабайды. Ал біздің бала қайтет десеңші?.. Сол қолында шоқпарын үйіріп жау соққысын дарытпаса, оң қолындағы сойылмен алды-артымен бірдей ұрады. Адамның аруағы көтерілетін уағы болса, бұл баланың сол түні аруағы көтерілген, өзіне де аруақ қонған әрі қорғаған сәт түні болды.
– Бұл сөзге не айтарымды білмедім. Шынымен де, Бесбесбай – сөзге сараң қос батыр қосыла мақтағандай, ерлігіне ел сүйсінгендей аруақты ердің сойы еді. Менен өзге жігіттердің бәрінің жүзі жарқын, шынын айтсам, бұл менің күнімнің сөнуінің басы екен…
Елге де жеттік. Абай: «Қара шаңыраққа – Өскенең шыққан үй, Зере, Ұлжан бәйбішелер ауылына келсін!» – депті. Тобықты елінің бас көтерер басшылары түгел жиналған екен. Онда қажының – Құнекеңнің көзі тірі. Өз тұғырластарымен өзі – бір төбе. Жас бозбала, жігіт-желең түстік жерден шулап-шұрқырап қарсы алды. Бозқасқа, ақсарбас айтылып сойылуында есеп жоқ. Біздің келуіміз екі күн тойланды. Осы күндері Бесбесбай қасынан мені екі елі тастамады. Бұрынғысынша төр менікі болғанымен, менің бағатыным – Абай. Абай өңінде де мені ұнатпаған белгі жоқ. Үшінші күні олжа үлес боп, олжа Абай аузымен бөлінді. Неге екенін, Абайдан шақырту келгенде, ішім қылп ете қалған. Өзі Оспан үйінде жалғыз екен. Үстіне кірген маған көзінің болатын салып қарағанда, шөгіп кеткендей болдым.
– Е,е, Абылғазы! Талай салыстырған тарлық сенде де бар болды-ау!.. Қайыр, бұл жолғыңды ұмытайын. Бұрынғы Абылғазы боп жүре бер. Аруақ кешсе, мен кешірдім! Бар! – деді. Тірі шықтым десем де, өліп шықтым. Бұдан соң қол бастап көргем жоқ…
Осылай деп Абылғазы ақсақалдың әңгімесін терең бір күрсініспен әлде бір өкінішпен болар, тәмамдаған Бекен аға бір сәт өз ойымен өзі боп, үнсіз қалды. Бұл уақытта біздің мінген көлігіміз қазақтың біртуар перзенттері әрі қайталанбас алып тұлғалары Абай мен Шәкерім қатар жерленген әйгілі Жидебай қыстауына тұмсық тіреген. Күннің едәуір еңкейіп қалғанына қарамастан, соншама жерден арнайы келгесін қазақтың ұлы ақындарымен бірге жерленген ескі қорым басына құран оқып, дұға бағыштадық… (Ол кезде Жидебайдағы қазіргі Абай – Шәкерімнің кесене-кешенінің жұмыстары ЮНЕСКО аясында тойланатын Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында енді-енді жүргізіле бастаған болатын).
Сол жолы Бекен аға қайтар жолда да, үйге кеп ұлына қой сойғызып, түннің бір уағы болғанша да, тіпті ертеңгісін түс ауғанға дейін де бірқыдыру әңгіме айтқан. Ол әңгімелердің барлығы жадымда қалмаса да, шежіреші ағаның «Ұлылар мекені» кітабына енгенін көріп, көзайым болған жайым бар. Алайда, газеттің мүмкіндігіне байланысты «Ұлылар мекеніне саяхат» атты баян-эссені осымен тәмамдауға мәжбүрміз.
Пікірлеріңіз болса, редакцияға жолдауларыңызға болады.
Серік ҚҰСАНБАЕВ
Суретті салған – Мерей Қайнаров
(Соңы. Басы газеттің № 138,141,145,151,153 нөмірлерінде жарияланды)