Руханият

«Жүрек алауы» өшпейді

Мейрамтай Иманғали

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде «Жүрек алауы» атты бір тамаша  кеш өтті. Талантты адамдардың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, мәдени мұраны сақтап, мәңгілік есте қалдыруды мақсат еткен кешті ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің вокал бөлімінің және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан  универсиетінің филология факультетінің студенттері  әнмен әрлеп, жырмен көмкерді.

 Бұл жолы Өнер музейінің залына жиналған зиялы қауым романс жанрының шығу тарихы, оның қалыптасуы туралы қызықты мәліметтерді тыңдап, жадына тоқыды.

Романс  испан тілінен аударғанда ән деген ұғымды білдіреді. Романстың отаны да осы Испания. Белгілі бір музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен жеке дауыста орындалатын осынау болмысы бөлек әнде бір құдірет бар екені сөзсіз. Мамандардың айтуынша, романстың әннен айырмашылығы – ерекше әуезділігінде.

Он тоғызыншы ғасырдың басында романс жанры Ресейде де қарқынды дами бастайды. А.Варламов, А.Алябьев, П.Булахов, А.Гурилев секілді композиторлардың романстары тыңдаушыларға ерекше танымал бола бастайды.

Ал қазақ романсының тарихының басында Ұлы Абай тұр. Орыстың классикалық романсы мен қазақ халқының бай ән мәдениетін негізге алған Абайдың  қазақ музыкасына өзгеше өрнек бергені шындық.

Музыкалық-әдеби кеште ағайынды Абдуллиндер атындағы колледждің вокал бөлімінің студенттері негізінен  қазақ және орыс романстарын нақышына келтіре орындады. Ұлы Абайдың «Татьянаның хаты» романсын колледждің үшінші курс студенті Малика Сайранбек сызылта шырқады.

Сондай-ақ   концерттік бағдарламада орыстың М.Глинка, А.Варламов, П.Чайковский секілді композиторларының және  М.Төлебаев, Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджановтың романс әндері орындалды. М.Глинканың «Свадебная» романсын Алина Скакова, П.Чайковскийдің  «Скажи о чем в тени ветвей» романсын Балым Зайнолдина,  А.Животовтың «Я вас люблю» романсын Дарын Бисаринов ерекше тебіреніспен орындап, көрерменнің ризашылығына бөленді.

Шынында да бұл бір нағыз рухани кеш болды.  Романстар ғана емес, қазақ поэзиясының інжу-маржаны да тыңдаушы жүрегіне сезім болып құйылып жатты. Әдемі кеште С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан  университетінің филология факультетінің студенттері Ұлы Абайдың, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, маңызын арттыра түсті. Сонымен қатар есімі облыс жұртшылығына кеңінен танымал қаламгер Геннадий Пуссеп, «Звено Алтая» облыстық әдеби бірлестігінің төрайымы Наталья Матвеева  да өз өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты.

Кеш соңында музей директоры Бекайым Ұябаева осынау кешті өткізуге үлес қосқан ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің студенттеріне, оқытушылары мен концертмейстерлеріне, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан  университетінің студенттеріне ерекше алғысын білдірді.

Алдағы уақытта мұндай музыкалық-әдеби кештерді тұрақты түрде өткізу де жоспарда бар екен.

 

 

Осы айдарда

Back to top button