Руханият

Шалғайдағы шағын кітапхана

«Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деп Оралхан Бөкей айтып кеткендей, білімнің қайнар бастауы саналатын кітапты сақтайтын, жинақтайтын, оны оқырманына жеткізетін қасиетті орын – кітапхана.

Бүгінде ғылыми-техникалық прогресс қаншалық жедел қарқынмен дамып, әлемді ақпараттық технологиялар билеп, кез келген кітаптың мәтінін әп-сәтте интернеттен тауып алатын жағдайға жетсек те, кітапхананың орны әрқашан бөлек.  Қалаған кітабыңды қолыңа алып,  парақтап оқығанға не жетсін?!

Шалғайдағы Сенное ауылдық кітапханасының тарихы кеңес үкіметі тұсынан бастау алады. Наталья Нестеренко меңгерушілік ететін ауылдық кітапхана бүгінде жаңа клуб ғимаратында орналасқан. Кітапхана меңгерушісінің айтуынша, кітапхана бұрын ескі клубта орналасып, жұмысын жүргізген. Кейін мәдениет ошағы жабылып, кітапхана ауылдық мектепке көшіріледі.

– Әр жылдарда кітапханада Валентина Коробейникова, Нәзигүл Шәріпова сынды ауылдастарымыз еңбек етті. Мен кітапханада 2013 жылдан еңбек етіп келемін. Бүгінде кітапхананың кітап қоры – 5 мың дана. Оның ішінде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі әдеби-ғылыми кітаптар бар. Жылдан-жылға кітапхана жаңа кітаптармен толығуда. Оқырмандарымыз да аз емес. Мектеп оқушыларынан бастап ауылдың егде адамдарына дейін кітапханаға келеді. Ең кішкентай оқырманымыздың бірі – Коля Яборов, ең егде оқырманымыз – сексеннен асқан Николай Факеев, – дейді Наталья Николаевна.

Наталья Нестеренко – Сенноеның тумасы. Өскемен тоқымашылар училищесін аяқтаған. Қаладағы оқуынан соң туған ауылына келіп, осында күні бүгінге дейін жұмыс жасауда. Көп жылдар бойы ауылдағы поштада еңбек еткен.

Ол қызметінің оған өте ұнайтынын айтады. «Кітапхана – адам жанын тыныштандырып, рухани күш-жігер беретін жер» дейді.

– Кітаптардан бөлек түрлі газет-журналдарды жаздырып аламыз. Қалауыңызға қарай осында отырып немесе үйге алып оқуға болады. Каникул кезінде кітапханаға мектеп оқушылары көп келеді. Олармен түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Мәселен, демалыс уақытында балалар әдебиетінің апталығын өткіздік. Бүлдіршіндермен түрлі ертегілер оқып, кейіпкерлерімен танысып, олардың суретін салып, шағын қойылымдар қойдық. Кітапханамыз клубта орналасқандықтан түрлі шараларды мәдениет ошағымен бірлесе ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Өзім де клуб жанынан құрылған «Бергалочка» фольклорлық тобында өнер көрсетемін. 9 сыныпта оқитын кенже қызым түрлі слайдтық презентациялар жасауға, шараларды ұйымдастыруға көмектеседі, – дейді кітапхана меңгерушісі.

Шалғайдағы шағын кітапхана жұмысының бір жүйеге қойылғанын көрдік. Десе де, «әттеген-ай» деген тұсы да жоқ емес. Кітапханада ғаламтор атаулы мүлдем жоқ. Кітапхананы қойып, қазір бүкіл Сенноеның тұрғындары интернет пен ұялы байланысқа зәру.

 Тимур Смағұлов

 Катонқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button